Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы мәселеге орай жуырда Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығы жиын өткізіп, әзірге бұрынғы сотталған 40 шақты адамды жұмысқа орналастыруды көздеп отырғанын жеткізген-ді.
Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Әділет Жаңабаев бұрын сотталғандарды бейімдеу мен жұмысқа орналастыру қалай жүргізіліп жатқанын айта келе: «Әкімдік жыл сайын халықтың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квота бөледі, соның ішінде бұрын сотталғандар да бар. Биыл Алматы қаласы әкімдігінің 2022 жылы 17 қарашадағы №4/607 қаулысына сәйкес, пробация есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыруға квота бөлінген ұйымдардың тізіміне 11 ұйым енді», деді.
Нақты айтқанда, пробация қызметінің есебінде тұрған 41 адам мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 10 адамды жұмыспен қамту жоспарланып жатқан жайы бар. Қазіргі күнге дейін пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалардың арасынан 36 адам жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Солардың ішінен 11 адам жұмысқа орналастырылыпты. Жұмыс іздеуші ретінде тіркелуден бас тартқандар бар болса, олардың саны – 6 адам. Сол сияқты 17 адам ұсынылған жұмысқа келісетіні немесе бас тартатыны туралы уақтылы хабардар етпегені үшін есептен шығарылған. Оған қоса бірен-саран болса да осы ресми мекемеге жұмыссыз ретінде есепке тұруға ұмтылғандары, жұмыс іздегендері табылады.
«Аталған санаттағы тұрғындармен жұмыс аудандық пробация қызметімен тығыз байланыста жүргізіледі. Жұмыспен қамту орталығы мен пробация қызметінің өзара әрекеттесу алгоритмі – келісілген кездесулер өткізу тәжірибеде бар», дейді спикер.
Өз кезегінде әділет майоры Шынар Құлжанова 3 мыңнан аса сотталған адам есепке алынғанын, оның ішінде 400-ге жуығы әйелдер екенін айтады.
Мәселен, Алматы қалалық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері осы адамдардың барлығымен жеке әңгіме жүргізеді, оларға жұмыс қажет пе, соны анықтай отырып, Жұмыспен қамту орталығы арқылы оларға лайықты жұмыс іздейді. Олар жанармай құю бекеті, наубайхана, экспедиторлық, колл-орталықтар, жүк тиеуші, аула сыпырушы, тігіншілік сияқты жұмыс орындарын қарастырады. Орташа жалақы 100-150 мың теңгенің аралығында болса, кейде 200 мың теңгеге дейін табыс табатындары бар.
«Сотталғандардың 61%-дан астамы – жұмыспен қамтылған, 32%-ы – өзіне-өзі жұмыс тапқандар, 5,8%-ы – студенттер, мүгедектігі мен ата-анасының күтіміне байланысты демалыста жүргендер, 0,2%-ы – жұмысқа орналасқысы келетіндер мен Жұмыспен қамту орталығына жолдама алғандар», дейді Ш.Құлжанова.
Құзырлы мекемелердің өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, жазасы қоғамнан оқшауланбайтын сотталғандарға тұрғылықты жері бойынша ай сайын тексеру жүргізетінін айтты. Департамент қызметкерлері алдағы уақытта пробациялық бақылауда тұрғандар өздерінің бар екенін білдіруге келген кезде ұялы телефонға түсіре отырып, есеп берушінің тұрғылықты жерін жазып алуға мүмкіндік беретін бейнетіркегіштер болады деп жоспарлап отыр және бұл сотталғандардың барлық кезде пробация қызметкерлеріне жылышырай мінез көрсете бермейтінін де тіркеуге мүмкіндік береді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сотталғандар көбінесе наркологиялық есепте тұратынын, ішімдік ішетінін, қаңғыған өмірге бейім екенін ескерсек, пробация қызметкерлері де түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келіп жататыны айтылмай қалған жоқ. Бірақ осыған қарамастан, офицерлердің әрқайсысы өз міндетін бұлжытпай орындауға ұмтылады.
Пробация қызметінде басқа да оңды жаңалықтар бар. Мәселен, өткен жылдан бастап бұрын қағаз жүзінде сақталып келген жеке істер электронды форматқа көшірілген. Сонымен қатар сотталғандарды бақылау үшін электронды білезіктер қолданылады. 2022 жылы қалада білезікпен жүргендер саны 150-ге жуықтаған. Әрине, мұндай «бақылауға» есептегілердің бәрі бірдей түсіністікпен қарай бермейді, білезіктерді бүлдіріп, құтылуға тырысқан жағдайлар да кездеседі.
«Білезік пробациялық бақылауды бұзған немесе қайта қылмыс жасауға бейім сотталғандарға тағылады», дейді спикер.
Ш.Құлжанова еліміздің қылмыстық жүйесінде пробацияның сотқа дейінгі, үкім шығару, пенитенциарлық және постпенитенциарлық деген төрт түрі бар екенін айта келе: «Пробациялық бақылаудағы сотталғандар сағат 22.00-ден 6.00-ге дейін болуы шарт. Бұл сот Үкіміне сәйкес олардың міндеті, түнде олар үйде болуға тиіс. Тексеру кезінде сотталған үйінде болмаған жағдайда одан түсініктеме алынады. Біріншіден, бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы ескерту жасалады. Егер мұндай адамдар үнемі үйінде болмаса, жазалау тәртібін бұзса, бас бостандығынан айыру мәселесі де қаралады», дейді Алматы қаласы ІІД Пробация қызметінің қызметкері.
Қалай десек те, нақты бір кәсіппен айналысу, жұмыссыз жүрмеу түзелуге көмектеседі, еңбек мұндай адамдарды жақсы жолға жетелейді.
Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Әділет Жаңабаев сотталғандарды жұмысқа алып қана қоймай, жұмыс берушілермен бірге жұмыс орнындағы курстарға, сондай-ақ жұмыс берушілердің өтініші бойынша білім беру ұйымдарындағы курстарға да жіберілетінін айтады. Оқу 3 айға созылады, осы уақыт ішінде ай сайын 20 мың теңгеден жоғары шәкіртақы төленеді, бұл жағдайда жұмысқа тұруға кепілдік беріледі. Ал курстар жұмыс берушінің жұмыс орнында өтетін болса, онда 20 АЕК көлемінде жалақы төленеді. Алматының Жұмыспен қамту орталығындағы барлық қызмет тегін көрсетіледі, онлайн режімінде де жұмысқа алуға болады.
Сонымен қатар сотталғандар 400 АЕК көлемінде өтеусіз жәрдемақы алып, өз кәсібін аша алады. Дегенмен сотталғандар мүгедектік, асыраушысынан айырылғандықтан жәрдемақы алатын, 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеуші, АӘК алушы немесе 4 және одан да көп баласы бар адамдар санатында болуға тиіс.
АЛМАТЫ