Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Баспадан биыл ғана шыққан драматург, режиссер Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» кітабы түркілер дәуірінен кеңірек сыр шертіп, бергі Шыңғыс хан заманына бір-ақ тіреледі. Шыңғыс хан жер бетінде шашырап жатқан түркі тайпаларының басын қосқаны тарихтан белгілі. Мынау сол тарихтың бір жүлгесінің көркем суреті секілді елестеді. Кітап кино көріп отырғандай оқылады. Баяндауы ықшам, оқиғалары шапшаң, табан астында қиюласып, шаппа-шап оқиғалар үстінде шиеленісіп, ширатып алып кете барады. Мән-мазмұн, қимыл-қозғалыс кинодан шыққандай әсер қалдырғаны, әрине, жақсы деген пікірге ат байлауға негіз болса керек. Әңгіме шығарманың әсерінде, еш әсер етпесе, онда нашар, сәтсіз орындалғаны емес пе?
Әңгіме ақ қылыштың жырынан басталады. Қылыш культі туралы аңыз-әпсана, тарихи деректер сонау атты Еділ (Атилла) дәуірінен барын білеміз. Бұл туралы неғұрлым тереңірек қаузап, қисынды дәйектер ұсынған Әмірхан Балқыбектің жазбалары есімізге түседі. Сондықтан мұндағы астында от маздап, ауада қалқып тұрған, ақ семсерді ұстап тұрған құдіретті күшке біз де иланамыз. Меккедегі қасиетті қара тас ауада қалай қалқып тұрса, Тәңірінің қалауымен түскен ақ қылыш та солай тұрғанына шәк келтірмейміз. Қай заманда соғылғаны белгісіз, түркіге Тәңірінің қиған серті ме екен, қасиетті қаруға түркі тайпалары хандарының қайсысы қол жеткізсе, сол басымдыққа ие. Сіз емес, сізді қылыш таңдайды. Дүниеге келгенше сіз емес, сізді таңдамай ма тағдыр? Сонан соң әңгіме басқа. Бұл да сондай хикмет делік.
Сол ақ қылыштан үмітті түркінің төрт құбыласындай төрт ел: Алтай бауырындағы орман жұрты – теле тайпасының, Сібір жұртының, Тұран даласы елінің, Құба шөл халқының хандары бақтарын сынайды. Мұның бәрі біртұтас түркі елдері – төрт хандық. Жайшылықта бәсеке, бас араздығы болғанымен, ұраны бір: «Төрткүл дүниені түркі баласы табындырады!» деген. Бұл сол кезден, тіпті сақ, ғұн заманынан түркілер болып қалыптасқалы көтерілген ұран деп ұғарсыз. Әлі күнге тәмам түркінің ұраны бір. Жер жаралып, су аққалы дүние түркілер және түркі еместер болып бөлінгенін де әйгілеп келеді біздің көне әдеби мұралар. Ол ұран қазір де ұмытылған жоқ. Шыңғыс хан көтерген ұран да осы: «Төрткүл дүниені түркі баласы табындырады»!
Ауаға ілінген қылыш теле тайпасының ханы Пазырақта қалады. Арқар батырды кие тұтып, аруақ шақырған теле жұрты алтын-күміс, темір қорытудың ең озық үлгісін білетін ел. Жауынгерлерімен ғана емес, өнертапқыш, ұсталарымен аты шыққан халық. Солай болған соң, әрине, жауы да көп, басында дауы да көп. Басты қарсыласы қоңсылас қытай халқы болған соң не сұрайсыз?! Қаптаған қалың құрттай қытаймен соғыса беруден гөрі қыз алысып, қыз берісіп, екі араны бейбіт жағдайда ұстаған абзал. Алайда оған өздерін «аспан асты елі» санайтын қытай көне ме? «Табғаштарды бейбіт көрші ретінде ұстап, елу жылда бір рет шауып отыру керек» деген сыңайдағы сөзді түркі бектері тасқа қашап жазып кеткенін кезінде Таласбек Әсемқұловтан оқығанбыз. Демек сол заманның белгілері түбегейлі жойылып кетпеген. Бұл елмен бас қатырмаған жұрт аз. Пазырақ билеген теле жұртына да солай, қызыңды бермедің деп қытай соғыс ашады. Түркі жұртының төрт бірдей хандығы тізе қосып қарсы алғанда, әрине, қара қытай ойсырай жеңіледі. Түркінің батыры Ұлаған қытайлық Айдаһармен жекпе-жекке шыққанда, Арқар батыр аруағы көмекке келіп, жеңеді. Шығармада аруақ шақыру, тылсымнан тіл тартқан бақсылық сынды жоғарғы әлеммен байланысты ғажайыптар кеңінен суреттеледі. Және сенімді суреттеліп, тірілермен қатар жүреді. Мұндай кереметті біз былтырлары жарық көрген Асқар Алтайдың «Былғары табыт» романынан да молынан кезіктіргенбіз. Тіпті Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесінің» де өзегінде түркі жұртының бір бұтағы қырғыз еліне кеңінен тараған бұғы туралы аңыздың негізі жатыр. Ең ежелгі жазуларға саналатын тастағы таңбалардағы бұғы-марал, маңғаз арқарлар, соның айналасын арбамен қоршаған адамдар тегін салынбаған шығар. Сол сияқты, «Көк бөрілері» кітабындағы теле тайпасының киесі ай мүйізді арқар!
Басынан небір ауыртпалықтарды өткеріп, жеңе білген теле тайпасы Шыңғыс қаған заманына телеңгіт атауымен жетеді. Темір өндірісінің ұстасы телеңгіт тайпасының Шыңғыс хан дәуіріндегі жалпы атауы – орман елі. Жошы орман елдерін соғыссыз бейбіт жолмен бағындырғаны тарихтан мәлім. Тұтас түркіге жаттығы жоғын мойындап соғыссыз берілгені – бір, сол екі арада қытаймен соғыстағы ерен ерлігі мен жанқиярлық жауынгерлігі – екі, қару-жарақ өндіретін темір ісіне жетіктігі – үш, осындай артықшылықтары үшін ұлы қаған телеңгіт тайпаларын қасына алып, жақын тұтады. Бәлкім, төлеңгіт аты өшпеген қазіргі қазақтардың бір қауым елі шығар, кім біліпті. Көркем шығарма әсірелі шындыққа құрылады. Сөз басында түркі дәуіріне тән тарихтың бір жүлгесінің көркем суреті секілді елестеді дегенбіз. Мағжан ақын «Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе? Түрікке адамзатта ел жеткен бе?» дегендей, тұтас түркі дәуірін көркем туындыға айналдыра алсақ, қане?!