Аймақтар • 17 Мамыр, 2023

Мәдениет үйі жоқ облыс орталығы

593 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Түркістан облысында жылу жүйесі жүргізілмеген, электр пешпен жылытылатын, шатыры әбден тозған, ылғалдан еденге төселген тақтайлар шіри бастаған кітапхана бар. Қабырғалары зәктенген ғимаратта қалыпты температурада сақталмаған соң кітаптардың ылғал тартып, жарамсыз күйге түсуі әбден мүмкін. Өткен ғасырдың 70-жылдары монша ретінде қолданылған бүгінгі кітапхана ғимараты құлаудың алдында тұр.

Мәдениет үйі жоқ облыс орталығы

Суретті түсірген Алмас МАНАП, «EQ»

Сауран ауданының Ораңғай ауылдық округына қарасты Құс­шы ата елді мекеніндегі бұл кі­тапханада 11 мыңнан аса кітап аядай жерде сығылыса орналас­тырылған. Интернет желісі, өз-өзіне қызмет көрсету орталығы, түрлі мәдени іс-шаралар өткі­зілетін арнайы зал, тіпті оқыр­мандар отыратын оқу залы мен кітапханашыларға арналған бөлме де жоқ. Мәдениет үйі жоқ Құсшы ата ауылындағы мәдени орталық ретінде жұмыс істеп тұрған кітап­хананың жағдайы осындай.

Ауылды айтамыз, облыс орта­лығы Түркістан қаласында Мәде­ниет үйі жоқ. Болған. Бірақ сатылып кеткен. Облыс әкімдігі оны мемлекетке қайтару мақсатында әрекет жасапты да. Бірақ қазіргі егесі жоғары баға сұрағандықтан қайтару тиімсіз болып отыр. Қалада жаңа Мәдениет үйін салу көзделгенімен қаржы мәселесі шешілмеген. Әрине, облыс орталығында Мәдениет үйінің болғаны абзал. Бұл орайда мәдениет ошақтарына жылдар бойы көңіл бөлінбегені, құрылыс немесе күрделі жөндеуде соңғы орынға қойылып келгені жасырын емес. Табыс көзі болып саналмайтын клуб, театр, кітапхана, мұражайдан гөрі тойхана салған кәсіпкерлер үшін де тиімді болғаны мәлім. Тойханасы көп оңтүстік өңірде мәдени нысандарға енді ғана көңіл бөліне бастады.

Кітапханаға қайта оралайық, жал­пы облыс аумағында жұмыс істейтін 396 кітапхананың 344-і  ауылдық. Төрт ауылда қосымша балалар кітапханасы жұ­мыс істейді. Компьютермен қамтамасыз етіл­ген 275 кітапхананың 225-і ауыл­­дық кітапхана. Ал 121 кітапха­на компьютермен мүлдем жаб­дық­талма­ған. Әсіресе Бәйді­бек, Жетісай, Төлеби, Мақ­та­арал аудандарында компьютері жоқ кітапханалар көп. Сондай-ақ 224 кітапхана интернет желісіне қосыл­ма­ған. Ғаламторға қосылған 172 кітапхана­ның 116-сы ауылдық жерде орналасқан. Жыл басынан бергі 4 айда 28 225 жаңа әде­биеттермен толығып, жалпы кітап қоры 6 078 377 данаға жеткен. Облыс әкімдігінің бастамасы­мен қолға алынған «Ауыл кітап­ханаларына – 20 мың кітап» акциясы шеңберінде бүгінде об­лыс­тық кітапхана қорына сыйға беріл­ген кітаптар саны 12 мыңнан асқан.

Әлеуметтік фактор, қоғамның қозғау­шы күші – мәдениет саласы­ның өңірдегі жағдайын саралаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға бірқатар нақ­ты мін­детті жүктеген еді. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев аудан, ауылдардағы әлеу­меттік нысандарды аралап, біраз мәселені анықтап қайтқан. Мыса­лы, Сарыағаш аудандық тари­хи-өлкетану мұражайына жаңа ғимарат қажет. Өйткені бұ­рын уақытша паналаған ғимарат апатт­ы деп таныл­ған. Қазіргі таңда мұражай №71 мектепке уақытша орналастырылған. Мұражайдың өз ғимараты жоқ. Сондықтан алдағы уақытта аудан әкімшілігі тарапынан тиіс­ті жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама дайындау қажет. Сарыағаш – туристік әлеуеті мол аудан. Келушілер өңір тарихымен танысуы тиіс, яғни музей керек.

Жөндеуді, жаңартуды немесе жаңасын салуды қажет ететін нысандар Жетісай ауданында да баршылық. Мысалы, Құрманбек Жандарбеков атындағы Жеті­сай драма театрының ғимараты салын­ғалы бері күрделі жөндеу көрмеген. Театр жетекшілері жы­лу мәселесінің де ұзақ жыл бойы ше­шілмей келе жатқанын айтады. Бұл орайда облыс әкімінің орынбасары театр ғимаратына күрделі жөндеу жұ­мыстарын жүр­гізу үшін ЖСҚ дайын­да­лып, мемлекеттік сараптамаға ұсы­нылғанын және қорытынды бойынша тиісті жұмыс­тар атқа­ры­латынын айтты. Жетісай аудан­­дық орталықтандырыл­ған кітап­ханаға да 2016 жылдан бері жөн­деу жұмыстары жүр­гі­­зіл­мепті. Кітапха­нашылар нысанға алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлінсе деген тілегін жеткізді. Жалпы өңірде – 255, яғни 4 аудандық Мәдениет сарайы, 12 аудандық Мәдениет үйі, 91 ауылдық Мәде­ниет үйі, 148 ауылдық клуб меке­месі халыққа қызмет етеді. Бүгін­де аудан, қа­ла­ларда халық саны 2 мың­нан жоғары мәдениет үйлері мен клуб­­­тары жоқ 85 елді мекен бар. Әсі­­ресе, Сары­ағаш, Мақтаарал, Сай­рам, Жетісай аудан­­дарында Мәдениет үйі жоқ ауыл көп.

Облыс әкімі Дархан Сатыбал­дының ­айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасы аясында былтыр 4 клуб пайда­ла­нуға беріл­ген және осы жылдың соңына дейін 12 клубтың құрылысы аяқ­талып, халық игілігіне беріледі деп күтіліп отыр. Қалған аудан, қаладағы халық саны 2 мың­нан жоғары ауылдық елді мекендер­де мәдениет ошақтарын салу жыл сайын кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Биыл Ұлттық қордың қаржыландыруымен 4 клубтың құрылысы басталған. Ал 8 клуб күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді және 64 клуб мекемесінің музы­калық аспаптары мен аппаратуралары ескірген. Бұл орайда 5 клуб меке­месіне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары басталған.

– Қоғамның материалдық дәре­жесі жоғары болса, руха­ни өмірі де жоғары болады. Мәде­ниет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Өкінішке қарай, мәдениет үйлері жетіспейтін аудан­дар өңірімізде аз емес. Оның өзіндік себебі де бар. Бірінші кезекте балабақша, ден­саулық, білім, инфрақұрылым салуға көңіл бөлінді. Мәдениет ошақтары кейінгі орынға ысырылды. Экономикалық тұр­ғыда табыс әкелмейтін, шығын шыға­рылатын нысан. Яғни ол жер табыс көзі болып саналмайды. Сондай көзқараспен қарағанда тиімсіз болып есептелді. Соның салдарынан да халыққа дұрыс мә­дени қызмет көрсетілген жоқ. Ол өз ке­зегінде адамның мәде­ние­тіне, руха­ниятына кері әсер еткені мәлім. Әрине, мәдениет ошақтары қажет, халық мәдени ортаның қалыптасқанын қалайды, күтеді. Бұл орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен бірқатар нақты жұмыс қолға алынбақ. Мысалы, бүкіл аудандардың мәдени картасын жасау көзделіп отыр. Қандай нысандар бар? Олар қандай жағдайда? Жөндеуді, жаңадан салуды қажет ететіндерін анықтап, осы бағытта арнайы жоспар жасау қажет деп ойлаймын. Мысалы, Жетісай театрына қатысты осыдан үш жыл бұрын 750 млн теңгеге ЖСҚ жасалған, бірақ ешқандай қаржы бөлінбеген. Енді ЖСҚ-ны қайта жасауға тапсырыс бердік. Қазір құрылыс материалдары қымбаттағандықтан қажетті қаржы млрд теңгеден асуы мүмкін. Өңірде үш театр болса, екеуі – Түркістанда, біреуі – Жетісайда. Бірақ ол осындай дұрыс жоспарланбау, қаржы бөлінбеуі салдарынан толық көлемде жұмыс істей алмай отыр. Дегенмен Мәдениет үйлерін, өнер иелерін қолдау, ынталандыру бағытында байқаулар ұйымдастырылу қаралған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ кітапханалардағы кітап қорын көбейту мақсатында қолға алынған акция аясында 20 мыңнан аса кітап жинау көзделіп отыр. Аудан, ауыл тұрғындарымен кездесулерде көбіне материалдық жетіспеушілік және кадр тапшылығы айтылады. Бүгін­де ауылдарға мәдениет мамандары бармайды. Жас маман­дарды көптеп тарту жолдарын да қарас­тырудамыз. Әрине, бұл орайда жалақы және әлеуметтік мәселе оң шешімін табуға тиіс. Сондай-ақ тозығы жеткен ғимараттарды жөн­деу немесе жаңасын салу қа­жет­тігі де ауылдықтар тарапынан көп айтылып жатыр, – дейді Бейсен Тәжібаев.

Айта кетелік, облыстық мәде­ниет және туризм басқармасының 2023 жылға арналған негізгі іс-ша­ра­лар жоспарына сәйкес аудан, қалаларда облыстық деңгейде 17 іс-шара өткізілмек. Алдағы уа­қытта, «Түлкібас шайырлары» облыс­тық ақындар айтысы, «Шаянға барсаң, әншімін де­ме» облыстық ән байқауы, «Арыс жағасында» облыстық ретро фестивалі, «Қы­мыз­мұрын­дық» фести­валі, «Жай­дарман – Созақта» облыстық жайдарман ойындары, «Мырзашөл жұлдыздары-2023» облыстық жас эстрада әншілері байқауы, «Алтын бесік» жас аналарға ар­нал­ған облыстық байқауларын ұйымдастыру жоспарланған. Қазіргі таңда аудан, қалалардағы жас таланттардың танылуына сеп болу, Түркістанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында «Өнерлі өлке» облыстық фести­валі өтіп жатыр. Әр апта сайын белгіленген кестемен аудан, қала­лық өнерпаздар қала жұрт­­шы­лығына рухани демалыс сый­­лау үшін барын салуда. Оза шап­қан өнерпаздарға қомақты жүлде тағайындалған. Одан бөлек, рес­публикалық «Түркістан дауысы», Халық­аралық «Voice of Turan» қазақ әндерінің байқауы өтпек. Сонымен қатар былтыр Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы еліміздегі филармониялар арасында тұңғыш рет Алматы қаласындағы Республика сарайында ән кешін өткізсе, биыл бас қала Астанада 3 мыңнан аса халықтың алдында өнер көрсетпек.

Ақындар айтысы, жыр мүшәй­ра­лары да жолға қойылып, тұрақты түрде өткі­зіліп келеді. Түркістан облы­сының 5 жылдығына орай 5 жаңа кітап жарық көріп, оқыр­манға жол тартпақ.

 

Түркістан облысы