Қылмыс • 18 Мамыр, 2023

Азаптау – ауыр қылмыс

419 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Швейцарияның Женева қаласында БҰҰ азаптауларға қарсы комитетінің 76-сессиясы өтіп, оған еліміздің делегация­сы да қатысты.

Азаптау – ауыр қылмыс

Жиында Бас прокуратура өкілдері халықаралық сарап­шы­ларға елімізде жүргізіліп жатқан азаптауларға қарсы шара­лар туралы айтып берді. Атап айтқанда, азаптаулармен қоса басқа да қатыгез, адам­гер­шілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекет­тер мен жазалау түр­леріне қарсы конвенция­да бекітілген құқық­тардың елі­мізде сақталуы жа­йында баяндама жасады.

Президент жанындағы Адам­ құқықтары жөніндегі ко­­­мис­­­­сия­­ның төрағасы И.Рогов бас­­тап бар­ған делегация құра­мын­да Бірік­кен Ұлттар Ұйы­­мы­ның Же­не­ва қаласын­дағы (Швей­­цария) бөлім­шесі жанындағы Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасының Тұрақ­ты өкілі Е.Әлімбаев, Бас проку­рор­дың орынбасары Б.Дембаев, сон­дай-ақ құзыретті мемле­кеттік органдардың өкілдері болды.

Бас прокурордың орынбасары Б.Дембаев өз сөзінде Президенттің бастамасы­мен жүр­гізіліп жатқан конс­ти­туциялық реформалар, ұлт­тық заңнаманы одан әрі же­тілдіру және адам құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері туралы баяндады. БҰҰ коми­те­тінің мүшелеріне елде Парла­менттің рөлін кү­шейту, аралас сайлау жүйе­сін енгізу, сая­си партияларды тіркеу тәртібін оңайлату, Конс­титуциялық сот жұмысының басталғаны туралы кеңінен мәлімет берілді.

Сонымен қатар халық­аралық сарапшыларға азаптауға қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнамалық және тәжірибелік шаралар кеше­нін іске асыру туралы ақпарат ұсынылды. Олардың ішінде прокурорға азаптауды тергеу бойынша айрықша өкілеттіктерді бекіту, үздіксіз бейнебақылаудың жұмыс істеуі, тергеу орган­дары­ның ғимараттарын ашық тергеу кабинеттерімен жарақ­тандыру, азаматтарды ұстау және жеткізу кезінде бейнеже­тондарды міндетті қолдану секілді жұмыс барысы таныстырылды.

Елімізде азаптау секілді ауыр қылмыс жасағандарға берілетін жаза күшейтілді. Мәселен, кәме­летке толмағандарды, жүкті әйелдерді азаптау үшін 7 жыл­дан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бекітілді. Оларға шартты түрдегі жаза берілмейді, рақымшылық, тараптардың татуласуы және қылмыстық қудалаудың ескіру мерзімі қолданылмайды. Осы және өзге де мәліметтермен бөліскен еліміздің мамандары биылдан бастап пенитенциарлық мекемелерге медициналық қызмет көрсету азаматтық ден­сау­лық сақтау жүйесіне берілге­нін, бұл да оқшауланған адам­дарға қатысты қатыгездік және зор­лық-зомбылық көр­сету факті­лерін объективті анықтауға ық­пал ететінін жеткізді.

Жиын барысында бұлардан өзге өзекті мәселелер, атап айт­қанда экономиканы моно­по­лия­­­сыздандыру, олигопо­лия­ларға қарсы күрес және заңсыз шыға­рылған активтерді қайтару бо­йынша жүргізіліп жатқан жұ­­мыстар туралы айтылды. Соны­мен қатар, журналис­тер мен бло­герлерді қорқыту, ша­буыл­дау және мүлкін өртеу секілді оқи­ғалар орын алғаны, елде жүргі­зіліп жатқан реформа­лар­дың беделін түсіретін осы қыл­мыс­­тарды жасаған 22 ұйым­дас­ты­рушы әшкереленгені мәлімделді.

БҰҰ Комитет мүшелері елі­міз­дің азаптауға қарсы конвенция талаптарын орындау бойынша қабылдап жатқан шараларына жоғары баға беріп, азаматтарды жоғарыда аталған қылмыстардан қорғауды күшейту бойынша ұсыныстарын айтты. Тараптар сындырлы диалогты және одан әрі ынтымақтастықты жал­ғастыру үшін өзара сенімхат ал­масты.