Ғылым • 17 Мамыр, 2023

Экологиялық сана ерекшелігі

716 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Экология десе, біздің есімізге ата-әжелеріміздің «құстың ұясын бұзба», «көк шөпті жұлма», «суды лайлама» сияқты тәрбие сөздері есімізге түседі. Сайын далада еркін ғұмыр кешкен ежелгі бабаларымыз «бұлақ көрсең, көзін аш» деп ұрпақтарына экологиялық мәні зор өсиеттер қалдырғаны қазақ халқының ежелден табиғатпен етене екенін айғақтайды.

Экологиялық сана ерекшелігі

Жаһандық жылыну, ауаның ластануы, теңіздердің тартылуы сияқты адам өміріне тікелей қатысты экологиялық мәселелер туындағалы бері әр елдегі экологтер үздіксіз дабыл қағып, өскен ортамыздың, туған еліміз бен жеріміздің климатын ластамауға үндеумен келеді. Олардың мақсаты – қоршаған ортамызды өз қалпында сақтау, тіршілік көзін аялау. Қоғамның дамуына ілесе, әлемдік экологтердің де шыр-пыры көбейе түсті. Әне сондай жандардың бірі – Айнұр Сейілхан. Ол жоғарыда айтқан мәселелермен айналысып, қазақ жастарының экологиялық сана қалыптастыруына жетекшілік етіп жүр. Кейіпкеріміз – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің постдокторанты, Жаратылыстану және география институтының аға оқы­ту­шысы, PhD, «Болашақ» бағдар­ла­масы арқылы АҚШ-тағы Джордж Вашинг­тон университетінде білім алған өз саласының маманы.

Экологиямызға деген шынайы жана­­шырлық оны «Тұрақты даму кон­текстінде жасыл университет тұжы­рым­дамасын қалыптастыру» жобасын жасауға жетеледі. Қазір ол осы жобаның авторы және жетекшісі ретінде жұмыс істеп келеді.

– Джордж Вашингтон универси­тетінде бір жылға таяу уақыт «Болашақ» бағдарламасымен зерттеу жұмысын жүргіздім. Эколог ретінде әлемдік эко­логиялық мәселелерді және оны ту­дырушы факторларды саралай ке­ле мынадай тұжырымға келдім. Эколо­гиялық мәселелердің басты шешімі – адамзаттың экологиялық тұрғыдан сауатты болуы. Сондықтан елімізде мектептен бастап «Жасыл білім беруді» дұрыс жолға қою керек. Ал қазақ халқы көк шөпті жұлмайтын, қара жерді қазғызбайтын, түнде қоқыс шығар­майтын табиғаттың бір мүшесі іспетті ел еді. Соңғы жүз жылдықта ұлттық құндылықтарымызбен бірге табиғат танымымыз да жоғала бастады. Қазіргі кезде халыққа керекті басты ақпарат жеңіл, ғылыми, ұлттық құндылыққа сай жүргізілуі керек. Мысалға қарапайым ағашты сындыру мәселесінде «тыныс алатын оттегіні өндіретін жасыл жапырақ екенін айтпағанда, бесігі мен керегесі ағаш, тегі алаш деген халықтың ұр­пағы екеніңізді ойланыңыз, – дейді ол.

Қазір халық санының артуына байланысты еліміздегі үлкен қалаларда ауа райы, көше тазалығы сияқты ауқымды экологиялық ахуал күн тәртібінен түспей тұр. Айнұр Сейілханның бұл туралы да айтары бар. «Алматыда тұр­ғындардың саны жыл сайын өсіп келе жатқаны шындық. Ресми дерек бойынша, мегаполистің 2 миллионнан астам тұрғыны бар. Аталған шаһар ойыс­та орналасқандықтан, ауа айналымына кедергі келтіріп жатқаны сөзсіз. Сондықтан қалада еркін демалуға мүм­­­кіндік азайып барады. Бұл өз ке­зегінде адамның денсаулығына қауіп төндіріп жатқаны айтпаса да түсінікті», дейді ол.

Иә, қоғам дамыды, экономика қа­рыштады деп жатамыз, дұрыс-ақ. Бірақ күн сайын кері кетіп бара жат­қан қоршаған ортамыздың мәселе­сін де күн тәртібіне енгізу өзекті әрі маңызды болмақ. Үлкен қалаларға төнген экологиялық қауіптер тура­лы осы саламен айналысып жүрген маман­дардың ұсыныстарын тыңдап, дер ке­зінде шара қолданылса, табиғи ресурс­та­рымызды сақтап қалуға негіз бар.

Мемлекет қаржысымен шетелден білім алып келген мамандардың елі­міздің дамуына, ғылымына, экономикасына, бір сөзбен айтқанда, әр саласына үлес қосатын уақыты келді. Осы орайда бізде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендер шетелде алған білімін елімізде қолдану аясы қандай деген заңды сұрақ туатыны шындық. Біз осы сауалды эколог Айнұр Сейілханға да қойып көрдік.

– Шетелден алған білімімді екіге бөлуге болады. Бірінші – АҚШ-тағы бағ­дарлама: білімдегі көшбасшылық пен менеджментті дамыту. Екінші – жеке зерттеулерім: экологиялық бі­лім беру. Жинаған тәжірбиеммен бөлісу аясы білім беру мекемелерінен, балабақшадан бастап жоғары оқу орнын қамтиды. Себебі қазір эко-білім үздіксіз берілуі қажет деп санай­мын. Эко-ортаны қалыптыстырмас бұ­рын эко-сананы қалыптастыру қажет. Ол үшін жоғары оқу орнында білім бағдарламаларының мазмұнына эко-білімді сапалы енгізу, заманауи эко-әдістерді халықаралық рейтингісінің негізінде ежелден келген ел дәстүрін ұстана отырып қалдықтарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаны қорғау қағидасында биоалуантүрлілікті сақтау, жасылдандыруды насихаттау, жаппай жылынуды алдын алу мәселелерімен ұштастыру маңызды, – деді Айнұр.

Шыны керек, бізде экологиялық сана қалыптаса қойған жоқ. Бір ғана мысал, Бурабай ұлттық паркіне барсаңыз, айналаңыз шашылған қоқысқа толып жатады. Тіпті кейбіреулер Жұм­бақ­тастың бетіне қолы жетпеген қызда­рының есімін жазып, «алтын әріппен» бедерлеп кеткен. Айта берсек, осындай мысалдар өте көп. Ал жазғы демалыс орындарындағы тазалық туралы айтудың өзі көңілге мұң түсіреді. Осының бәрі экологиялық санаға барып тіреледі. Өткен жылғы Қатардағы футболдан әлемдік додада стадионда өздерінің қоқысын тазалап жүрген жапон жанкүйерлерінің бейнежазбасы кең тарады. Бәлкім, бұл біреуге ерсі көрінетін шығар, ал Жапонияда ол терең түсінікке ие тәрбиенің көзі.

– Ауаның ластануын төмендету мақ­­сатында Польшада «Таза ауа» бағ­дарламасы жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарламаның аясында ескірген пештерді орталық жылыту жүйесіне қосып, жылу электр орталығы көмірден, электр қазандықтарға, конденсатты газды қазандықтарға және жылу насостарына алмастырған. Алма­тыда да дәл осындай дүниені қолға алу керек. Пайдасы өте көп. Көмір адам ағза­сына, ауаға зиян. Ал егер газға көш­се, эко­логиялық мәселелер де бір­тін­­деп шеші­лер еді, – дейді эколог.

Айнұр Сейілхан қазір «Қазақстандық жоғары оқу орындарына жасыл университет концепциясын енгізудің меха­низмдерін зерттеу» эко-жобасы бойынша грант ұтып алып, зерттеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Жас экологтің қоршаған ортамыз туралы көзқарастары біздің тіршілігімізге, қор­шаған ортамызға пайдасын тигізбесе, кері кетірмесі анық. Қалай десек те, ендігі жерде көмірге көмілген адам тағдырының басты проб­лемасы эколо­гиялық мәселелер болмақ.