Қоғам • 22 Мамыр, 2023

Демографиялық өсім құрылысқа дем берсе игі

225 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркістан облысында 257 дәрігер маман жетіспейді, медициналық құрал-жабдықтардың 45%-ы, медициналық мекемелердің жартысы тозған. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру – өңірдегі өзекті мәселе. Облыстың білім беру саласында да күйіп тұрған мәселе баршылық. Мысалы, 8 апатты жағдайдағы және 15 үш ауысымды мектеп бар. Бүгінде 3,5 мың бала балабақша кезегінде тұр, 33,6 мың оқушыға орын тапшы.

Демографиялық өсім құрылысқа дем берсе игі

Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларының 22,6%-ы ғана ыстық тамақпен қамтылған. Ал әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектепке дейінгі меке­мелердегі балалар ата-аналарының есебі­нен тамақтанады. Сондай-ақ 328 мек­тепте техникалық мүмкіндіктердің бол­мауынан интернет жылдамдығы төмен, 16 мектепте дәретхана тек сыртта орна­ласқан. Колледждердің зертханалары мен шебер­ханаларының 40%-ын жаңарту қажет.

Әлеуметтік жағдайы арқы­лы қай өңірдің болсын бет-бей­несін көруге болады. Аталған мәселелерді облыс әкімдігі біледі, Үкімет хабардар. Парламенттің төменгі палатасында да депутаттар өңірдің білім саласындағы өзекті мәселеге қатысты Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдады.

Депутаттық сауалда апат­ты жағ­дайдағы мектептердің санын азайту үшін 50 жыл, 40 жыл және 30 жыл бұрын пайдалануға беріліп, күрделі жөндеу көрмеген орта білім беру орындары­ның материалды-техникалық базасын нығайту өзекті екені айтылды. «Елімізде Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары өңір. 2023 жылдың 1 қаңтарын­да облыс халқының саны 2 млн 119 мыңнан асты, оның ішінде қалада – 519 мың, ауылдық жерлерде 1 млн 599 мыңнан аса адам тұрады. Өткен жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда халық саны биыл 30 мың адамға немесе 1,5%-ға өскен. 2022 жылғы қаңтар-жел­тоқсанда облыс бойынша 58 117 нәресте дүниеге келген. Бүгінде Түркістан облысында 515 мың 079 оқушы білім алып жатыр. 2022-2023 жылғы оқу жылында 50 мың бала мектеп табалдырығын аттаған. Облыстағы 998 мектептің 907-і – мемлекеттік, олардың 121-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның ішінде 51 мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайын, 70 мектепке жобалық-сметалық құжаттар дайындау қа­жет. Облыстық білім беру бас­қармасы мен облыс әкімдігі күр­делі жөндеуді қажет ететін 121 мектепке облыстық бюджет­тен қаржы бөлуге мүмкіндігі жоқ екенін айтуда», делінген депу­тат­тардың сауалында. Бұл орайда «Amanat» партиясы фракциясы Түркістан облысындағы жобалық-сметалық құжаттары дайын 51 мектепті күрделі жөн­деуден өткізуге және 70 мек­теп­ті күрделі жөндеуден өткізу­ге республикалық бюджеттен қар­жы қарастыруды ұсынып отыр. Мәжіліс депутаттарының ұсы­нысы бойынша Үкіметтің қан­дай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз.

Жалпы, өзекті мәселелерді ше­­шу, халықтың әлеуметтік ахуа­лын жақсарта түсу бағытында об­лыста тағы қандай жұмыстар атқарылмақ? Өңірде «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаң­ғырту» жобасы бойынша алдағы үш жылда 49 медициналық ны­­сан құрылысы, сондай-ақ 4 аудан­­аралық, 2 көп салалы ауру­хананы жөндеу және заманауи құралдармен жабдықтау жос­парланған. Оқушы саны көп және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу үшін алдағы үш жыл ішінде 96 білім нысанын салу жоспарланған. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 63 мектеп, жергілікті бюджеттен 33 мектеп салынады. Сонымен қатар білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен республика бойынша 72 мектеп құрылысы жоспарланса, оның 11-і Түркістан облысында бой көтереді. Жергілікті әкімдіктің мәліметіне қарағанда, биыл 33 мектептің құрылысына 22,6 млрд теңге қаралған. Жыл соңына дейін 20 мектепті пайда­лануға беру көзделіп отыр. Ал қалған 13 мектептің құрылысы 2024 жылға жоспарланған. Екі апатты, сондай-ақ 5 үш ауысымды мектептің мәселесін шешу мақ­сатындағы құрылыс Мемлекет басшысының 2023-2025 жыл аралығында 1000 мектеп салу бағдарламасы шеңберінде жүр­гізіліп жатыр. Құрылыс жұмыс­тарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал қалған 7 үш ауысымды мектептерге қатысты құрылыс жұмыстары «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жыл­дар аралығында шешімін тапса, 3 үш ауысымды мектеп мәселесін жекеменшік мектеп салу арқылы шешу көзделіп отыр.

Аудандардағы бірқатар мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Мысалы, Сарыағаш ауданындағы пайдалануға 1984 жылы берілген М.Ломоносов атындағы №3 орта мектебінде екі ауысымда 2 076 оқушы білім алып жатыр. Оқу ғимаратында электр жүйесінің то­зығы жеткен, ғимараттың ішкі қабырғалары, едендері күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты жобалық-сметалық құжаты әзірленгенімен құрылысқа қаржы бөлінбеген. Ал ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің ғимараты 1958 жылы мектеп-ин­тернат ретінде пайдалануға беріл­ген екен. Жиырма жыл бұрын бөлімге тапсырылған. Аталған ғи­мараттың тозығы жетіп, апатты деп танылған. Бөлімде 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Сондықтан білімге жауапты бөлімге талап­қа сай ғимарат қажет. Ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 мектеп салынбақ. Ал Келес ауданында аталған жоба аясында 5 мектеп салынады. Биыл 600 орындық мектептің құрылысы бас­талып, жалпы 3 мектептің ірге­­тасы қаланбақ. Қалған 2 білім ғимаратының құрылысы 2024 жылы жүргізіледі. Жалпы, об­лыстағы демографиялық өсімге сай сұранысты қамтамасыз ету және білім сапасын арттыру мақ­сатындағы мектеп салу мәсе­ле­сінде «Жайлы мектеп» жобасына үлкен үміт артылып отыр.

«Бұл – ерекше жоба. Бағыт – айқын. Заманауи мектептердің құрылысын барынша тездету үшін жыл соңына дейін жер, инфра­құрылым мәселесі толық ше­шілуге тиіс. Бұл жоба білім сапа­сын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жайлы мектептерде бала­ларға барынша қолайлы жағдай жасалады. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан сапалы білім беретін оқу орындарының санын арттыру аса маңызды», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Өңірде бұл жобаны іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға ар­налған республикалық бюджеттен 400 млрд теңгеден аса қаражат бөлінбек. Жалпы, өңірде 10 жыл ішінде салынған 292 мек­тептің 134-і Түркістан облы­сы құрылғалы бой көтерген. Жаңа модель енгізілуіне байланысты бі­лім беру саласын басқару, бюджет­ті бөлу функциялары аудандық дең­гейден облыстық деңгейге берілген еді. Осыған байланыс­ты 2021 жылдан бастап мектеп­тер­дің құрылысына облыстық құ­ры­лыс басқармасы тапсырыс бе­руші бо­лып бекітілді. Облыс­тық құ­ры­­лыс басқармасының мәлі­ме­тінше, өтпелі кезеңде салынып жатқан мектептерді аудан және қала әкімдіктерінен қа­былдау барысының бірқатар себеппен созылуы құрылысты уақ­тылы қаржыландыруға кедер­гісін тигізген. Бұған қоса пандемия салдарынан және құ­ры­лыс материалдарының ба­ғасы өсуіне байланысты құры­лыс компанияларының жоба­лық-сметалық құжаттамаға қол­да­ныс­­тағы заңнамаға сәйкес қайта түзе­­туден өткізу туралы өтініш­тер түсіп, құрылыс жұмыстары­ның бәсеңдеуіне әкеліп соқты. Де­ген­мен қиындықтарға қарамас­тан, құры­лыс жұмыстарын тоқтат­п­ау ар­қылы бекітілген меже 2021-2022 жыл­дары орындалған.

Бүгінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен құрылысы тоқтап тұрған білім ұяларының мәселелері қатаң бақылауға алынған. Жосықсыз мер­дігерлер тізімі жасақталды. Биылға өтпелі 33 мектептің 17-сі бойынша мердігер компаниялар тарапынан 2017, 2018, 2019 жылы әзірленген жобалық-сметалық құ­жаттамаға қолданыстағы заң­намаға сәйкес қайта түзетуден өт­кізу туралы өтініштері келіп түс­кен. Жобалық-сметалық құжат­тамалардағы бағаны 2023 жылғы бағамен салыстырғанда 2017 жыл­ғы жобалар 130 пайызға, 2018 жыл­ғы жобалар – 80 пайызға, 2019 жылғы жобалар 50 пайызға өскені анықталып отыр. Бүгінде проблемалық 17 мектептің үшеуі, бұған қоса Ордабасы ауда­нындағы 600 орындық жә­не 300 орындық, Мақтаарал ауда­нындағы 200 орындық 2 мектеп бойынша келісімшарт талаптары сақталмауына байланыс­ты мердігер мекемелерімен келісімшарт бұзылып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа берілген. Қалған 10 мектеп бойынша құры­лыс жұмыстары бәсеңдеген немесе келісімшарт талаптары сақ­талмаған жағдайда заң аясында тиісті іс-шара қолданылады.

 

Түркістан облысы