Аймақтар • 24 Мамыр, 2023

Жазғы демалысқа дайындық қалай?

455 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысында биыл 40 мыңнан аса бала жаз­ғы сауықтыру ла­гер­ле­рін­де демалады. Оның ішін­де әлеуметтік жағ­дайына бай­ланысты 23 мың­­нан аса оқушы бюд­жет есе­бі­нен, 3 390 бала «Қа­­зақ­стан халқына» қоры есе­бінен жазғы сауық­тыру ла­герлерімен тегін қам­тылады. Ал 1 050 бала рес­пуб­­ликалық оқу-са­уық­тыру лагерлеріне барады.

Жазғы демалысқа дайындық қалай?

Облыстық адами әлеуетті да­мыту басқармасының мәліме­тінше, қала сыртындағы лагерлер маусым айының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мектеп жанындағы бір мезгіл тамақпен қамтитын 330 лагерь ашылады. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 110 мыңға жуық бала көркейту, көгалдандыру, құ­рылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына қатысады. Өңірде 17 жаз­ғы са­­уықтыру лагерлері қыз­мет көр­­сетеді деп жоспарлану­да. Кейінгі 10 жылдан астам уа­қыт жөндеу жұмыстарынан өт­кі­зілмеген мемлекеттік жаз­ғы са­уықтыру лагерлері де бар­шылық. Талапқа сай келмейтін демалыс аймақтарын ретке кел­тіруге облыстық бюджет есе­бі­нен тиісті қаржы қаралмақ. Тау­лы аймақтарда орналасқан мем­лекет меншігіндегі жазғы сауықтыру орталықтарын ретке келтіру де – күн тәртібіндегі мәселе. Бұл орайда облыс әкімі тиісті мекемелерге мемлекеттік және же­кеменшік жазғы сауықтыру л­агерлерінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді, санитарлық талапқа сәйкес келтіруді және балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету жұмыстарын қатаң ба­қылауға алуды жүктеді.

«Жазғы сауықтыру лагерле­рінде спорт алаңдарын, балаларды дамыту орта­лықтарын жабдықтау, сон­дай-ақ мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша шараларды арттыру керек. Әлеуметтік осал топ­тардан шыққан балаларды са­­уықтырумен, жазғы де­ма­лыс­пен барынша қамтуды қам­тамасыз ету қажет. Бұл жұ­мыс­қа ірі кәсіпорындарды, бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бала­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Осыған орай барлық лагерге полиция қызметкерлерін бекітіп, тәулік бойы кезекшілік ұйым­дастырып, қауіпсіздік шараларын қатаң жүргізуді тапсырамын. Мемлекеттік және жекеменшік жазғы сауықтыру лагерлерінде қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіліп, жазғы сауықтыру лагер­лерін санитарлық талапқа сәйкес келтіру қажет», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыстық полиция департа­менті басшысының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаевтың мәлімдеуінше, оқу­шы­ларды тасымалдайтын ав­тобустар міндетті түрде па­труль­­дік полицияның арнайы авто­­көліктерімен ілесе жүреді. Бала­ларды полициясыз тасымалдауға тыйым салынады. Балалардың жазғы демалу кезеңінде полиция қызметкерлері лагерлерге бекітіліп, қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін лагерь аумағында тәулік бойы ке­зекшілікке түседі.

Сондай-ақ өңірде жазғы шо­мылу маусымында өзен-көл­дер мен су айдындарында, бассейндерде қауіпсіздік шаралары кү­шей­тіледі. Түркістан об­лысы тө­тенше жағдайлар депар­та­ментінің бастығы Нұрғали Жүні­совтің айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 20 адам суға кеткен. Оның 15-і – ата-ана қа­рауынсыз қалған жас балалар. Облыста жалпы 4 334 су нысаны: 42 су қоймасы, 149 ірі және кіші өзендер, 25 көл, 2 870 канал және 1 248 қашыртқы бар. Осыған бай­ланысты су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жос­­пары бекітіліп, бақылауға алынған. Қазіргі таңда өңірде 11 комму­налдық жағажай ашу орын­дары бел­гіленген, 111 шо­мылуға қа­уіпті учаске тіркеліп, онда 370 дана шомылуға тыйы­м салу бел­гілері орнатылған. Ма­мандар арнайы шомылатын орындары жоқ аудандарда модульді-кар­касты бассейндер орналастырылып, балалардың тегін және қауіпсіз шомылуы­на мүмкіндіктер жасалуы да судағы қайғылы жағ­дай­ларды тө­мендетуге септігін тигізгенін айтуда. Жалпы, 12 млн теңгеден астам қаржыға 43 каркасты бассейн сатып алынған. Об­лыс­тағы 85 бассейннің 33-і же­кемен­шік. Былтыр бассейні бар кә­сіп­кер­лермен меморандум түзіліп, әлеуметтік тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар­дан 5 мыңға жуық бала ақысыз шо­мылған. Судағы қауіпсіздік бойын­ша үгіт-насихат жұмыстары қар­қынды жүргізіліп жатыр.

 

Түркістан облысы