Атап айтқанда, топтық кезеңде мерзімінен бұрын плей-офф жолдамасын қоржынына салған екі дүркін әлем чемпионы, 1/4 кезеңдерінің тұрақты қатысушысы – АҚШ, жаһан біріншілігінің 11 мәрте жеңімпазы, 19 рет финалда өнер көрсеткен – Швеция және былтырғы әлем чемпионатының жеңімпазы Финляндия хоккейшілерінің қатарын соңғы турда Пхенчхан Олимпиадасының күміс жүлдегері Германия құрамасы толықтырып, қатарынан төртінші жыл ширек финалда ойнау мүмкіндігіне ие болды. Неміс хоккейшілері соңғы турда элиталы топқа былтыр арнайы шақыртумен қосылып, биыл екінші мәрте әлем чемпионатында өнер көрсеткен Франция құрамасын 5:0 есебімен жеңді.
Ал В тобында әлем чемпионатының үш дүркін финалисі – Швейцария, 1998 жылғы Олимпиада чемпионы – Чехия және әлем біріншіліктерінің тарихында ең көп жеңіске жеткен (27!) Канада құрамаларының қатарына соңғы турда жарыс қожайыны – Латвия хоккейшілері қосылды. Латвиялықтар соңғы турда турнир кестесінің көшбасшысы Швейцария құрамасын овертаймда опық жегізіп, топта үшінші орынмен плей-офф кезеңіне шықты. Латвия өз тарихында осымен төртінші мәрте ширек финалға шығып отыр.
Жеребе қорытындысы бойынша, ширек финалда А тобының көшбасшысы АҚШ В тобында төртінші орынға тұрақтаған Чехия құрамасымен, В тобының бірінші орын иегері Швейцария А тобында төртінші сатыға жайғасқан Германиямен шеберлік байқасады. Сонымен қатар Швеция (2А) – Латвия (3В) және былтырғы чемпионаттың финалистері Канада (2В) мен Финляндия (3А) құрамалары жартылай финалдың жолдамаларын сарапқа салатын болды. Жарыс ережесіне сәйкес, әлем чемпионатының плей-офф бәсекелері бүгінге, яғни 25 мамырға, жартылай финал ойындары 27 мамырға жоспарланған. Ал финал мен үшінші орын үшін өтетін кездесулер 28 мамырға белгіленген.
Кейінгі 10 жылдағы әлем чемпионаттарының тарихына үңілер болсақ, жыл сайынғы ширек финал бәсекелері дәл осы құрамалардың қатысуымен өтіп жатқанын байқаймыз. Былтыр плей-оффта ойнаған Словакияның орнын биыл Латвия басты. Ал өзге құрамалар өткен жылы да ¼ финалда бақ сынаған.