«Челябинскіде жүк жинақтайтын орталық аша отырып, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалануға болады. Біз өзіміздің Бейнеу – Маңғыстау темір жол желісіндегі және Бейнеу – Шалқар автомобиль жолындағы талапқа сай келмейтін учаскелерді қайта салуға әзірміз», деді Президент жиын барысында.
Мемлекет басшысының айтуынша, тиісті жүк тасымалы ағынын қалыптастыру үшін күш жұмылдыру маңызды, ал Қазақстан мұны сөзсіз іске асырады.
«Бақты – Аягөз темір жолының құрылысын өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нақты мысалы деуге болады. Оның іске қосылуы Қазақстанның да, Ресейдің де Қытай бағытына жөнелтетін жүк көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.