Әскер • 27 Мамыр, 2023

Әскери басылымдардың патриотизмді насихаттаудағы рөлі талқыланды

473 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

26 мамыр күні ҚР Ұлттық ұланы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Бұқаралық ақпарат құралдарында патриотизмді насихаттаудағы әскери баспасөздің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әскери басылымдардың патриотизмді насихаттаудағы рөлі талқыланды

Оған Ұлттық ұланның және аталған университеттің, Алматы қаласы мен Алматы облысының әскери және құқық қорғау органдарының баспасөз қызметкерлері қатысты. Олардың арасында әскери журналистиканы зерттеп жүрген ғалымдар мен медиа саланың майталман мамандары да бар.

э

Дөңгелек үстелге қатысушылар әскердегі ақпараттық жұмысты жетілдіру жолдарын және жастарды патриоттыққа тәрбиелеу жөніндегі мәселелерді талқылады. Жиынды Ұлттық ұланның қызметкері, Журналистер одағының мүшесі полковник Қуаныш Қожахметов жүргізді.

Көпшілік алдында бірінші болып сөз сөйлеген Ұлттық ұланның ақпараттық-баспа бөлімінің бастығы – «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы полковник Ерболат Сұлтанов еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары арасында әскери журналистердің орны мен рөлін анықтау қажеттігін атап өтті. Содан кейін ғана патриотизмге тәрбиелеу мәселелерінде әскери журналистиканың мақсаттары мен міндеттерін нақтылауға болатынын жеткізді. Сондай-ақ әскери қызмет кезіндегі саяси және моральдық-психологиялық қасиеттерді қалыптастырудың отандық және шетелдік тәжірибесін талдауды ұсынды.

э

«Қазақстанның Ұлттық ұланы мен Қарулы Күштерінде республиканың әскери баспасөзінің тұтас жүйесін құрайтын газеттің дамыған коммуникативтік кіші жүйелері бар. Бұл заңды жағдай, өйткені мемлекет институтының мұндай күрделі және маңызды бөлігі ақпараттық-коммуникативтік қолдаусыз, жеке құрамды тәрбиелеу құралдарынсыз, әскерлерде мемлекеттік идеологияны жүргізусіз дами алмайды», деді полковник Ерболат Сұлтанов.

Оның айтуынша, Қазақстандағы әскери басылымдар біртұтас жүйе ретінде 1992 жылдан бастап қарқынды дамып келеді. Өйткені әскери баспасөз жүйесін ұйымдастыру жұмыстары еліміздің Қарулы Күштері құрылған сәттен бастап тұрақты жүргізілді.

Мәселен, Қорғаныс министрлігі шығаратын «Сарбаз» газеті және «Айбын» журналы, ҰҚК Шекара қызметі шығаратын «Отан сақшысы» газеті мен «Шекарашы» журналы, сондай-ақ Ұлттық ұланның «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналы және «Ұлттық ұлан жаршысы» оқу-әдістемелік құралдар жинағы өз оқырмандарына үздіксіз жеткізіліп отырады.

Дөңгелек үстел барысында қоғамдағы патриоттық сезімнің қалыптасуы да сөз болды. Бұл жайында С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің жастар саясаты мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, филология ғылымының кандидаты, доцент Қанат Әуесбай ойымен бөлісті.

«Қазақстан азаматтарын рухани-адамгершілікке және патриоттыққа тәрбиелеуді ілгерілетеміз десек, ең алдымен қазіргі уақытта оларға қарсы жалғасып жатқан ақпараттық-психологиялық экспансияның алдын алуымыз керек», деді халыққа тележүргізуші ретінде танылған азамат.

Ол осы мәселенің шешу жолдары барын айтып, өзі әзірлеп әкелген ұсыныстарын ортаға салды

«Қазақстандық азаматтардың руханиятқа қызығушылығын оятып, адамгершілігі мен патриотизмін дамытуда БАҚ-ты елеулі жандандыру маңызды. Мысалы, Қазақстан тарихы, оның мәдениеті, елдігі, армиясы мен флоты бойынша жанры жағынан алуан түрлі әрі жастар аудиториясына арналған фильмдер мен бейнефильмдерді, радиобағдарламаларды көрсетудің ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеу және іске асыруды ұсынар едім», деді филология ғылымының кандидаты, доцент Қанат Әуесбайұлы.

Бұдан кейін сөз тізгіні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО-ның халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ләйла Ахметоваға берілді. Ол әскери журналистерге архивтік құжаттар негізінде патриоттық сана қалыптастыру туралы баяндады. Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының доценті Александр Рожков әскери журналистер әзірлеген материалдардың қоғамға ықпалы туралы қызықты баяндама жасады.

Сонымен қатар, басқосуда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының аға оқытушысы Арман Құдабай «Ұрыс қимылдары кезіндегі психологиялық операциялар және ақпараттық соғыстар» тақырыбында сөз сөйледі.

Дөңгелек үстелді қорытындылаған «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы полковник Ерболат Сұлтанов Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің басшылығына үшкүндік оқу-әдістемелік жиынды ұйымдастырудағы бірлескен жұмыстары үшін алғыс айтты. Сондай-ақ ол Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың бұйрығымен сабақ өткізуге белсенді қатысқан, сондай-ақ жемісті ынтымақтастық пен әдістемелік көмек көрсеткен бірқатар азаматты алғыс хатпен, грамотамен марапаттады. Бұдан бөлек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Темірғали Көпбаев пен ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Назгүл Шыңғысоваға «ҚР құқықтық тәртіп әскеріне 30 жыл» төсбелгісін табыстады. Ал тарих ғылымдарының докторы Ләйла Ахметова, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының доценті Александр Рожков пен осы кафедраның оқытушысы Айман Қаймулдина «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен наградталды.

Айта кетейік, бұл жиын Алматыда өтіп жатқан әскери басылымдарда қызмет ететін журналистердің оқу-әдістемелік жиынын түйіндеген іс-шара болды. Сондықтан оқу-әдістемелік жиындардың қорытындысы бойынша әскери журналистер оқудан өткені туралы сертификаттар алды. Осылайша, 24 мамырда басталған ауқымды жиын өз мәресіне жетті.