Аустралия – өте азулы команда. Бұл турнирде олар жеті рет бас жүлдені (1964, 1965, 1968, 1970, 1971, 1973, 1974 жылдары) олжалап, 12 рет финалда (1963, 1969, 1975-80, 1984, 1993, 2019, 2022) ойнады. Осы көрсеткіш жағынан аустралиялық арулар тек АҚШ (11 рет) пен Чехиядан (8 рет) ғана қалып келеді. Жасыл құрлық өкілдерінің ең үздік ойыншысы – Айла Томлянович. Әлемдік рейтингте 46-орында тұрған 30 жастағы Хорватияның тумасы 2014 жылдан бері аталған елдің туы астында өнер көрсетеді. Соңғы үш жыл аралығында ол екі рет Уимблдонның және бір рет АҚШ ашық біріншілігінің ширек финалына шықты. Бір айта кетерлігі, олардың ең шебер төрт теннисшісінің барлығы өзге елдерде дүниеге келген. Томляновичтен бөлек, Кимберли Бирелл (әлемнің №111 ракеткасы) Германияда, Дарья Сэвил (№137) Ресейде және Джеймс Фурлис (№150) Грекияда туған. Ал өз өрендері арасынан Присцилла Хон (№152) мен Оливия Гадекиді (№153) атап өтуге болады.
Словения құрамасының ондай табысымен мақтана алмайтыны анық. Десек те бұл командада да жақсы ойыншылар бар. Солардың арасынан Тамара Зиданшектің қарқыны жаман емес. 25 жастағы бұрымды әлемдік рейтингте 110-орынды еншілеп отыр. Словенияның өзге өкілдері әзірге ТОП-200 теннисшінің қатарында жоқ.
Әрине, оларға қарағанда Қазақстан теннисшілерінің жағдайлары әлдеқайда жақсы. Күні кеше ғана Римдегі турнирде бас жүлдені олжалаған Елена Рыбакина WTA рейтингінде төртінші орынға көтерілді. Юлия Путинцева 61-сатыға жайғасты. Жұптық сайыстарда Анна Данилина табысты өнер көрсетіп жүр. Олардан бөлек, бір топ жас буынның өкілдері жалындап өсіп келеді. Дәл осы құраммен жерлестеріміз топтық турнирде сүрінбеуге тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, Билли Джин Кинг кубогінің финалдық бәсекелері үстіміздегі жылдың 7-12 қараша күндері Испанияның Севилья қаласында өтеді. Жоғарыда аталған командалардан бөлек, бұл жарыста Франция, Канада, Чехия, Италия, АҚШ, Испания, Германия және Польша құрамалары шеберлік байқасады.