Мұндай тәсілдер қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиеті классиктерінің тәжірибесінде де молынан ұшырасады. Белгілі бір табиғат құбылыстарының астарына заманның ащы шындығын, қоғам түйткілін түйістіру – Латын Америка әдебиетінің ірі өкілі Габриэль Гарсиа Маркес, қырғыз әдебиетінің алыбы – Шыңғыс Айтматов және қазақтың классик қаламгері Оралхан Бөкейдің шығармашылығында да молынан ұшырасады. Аталған жазушыларларды ортақтастырып, бір шығармашылық кеңістікте үндестіретін бірлік – олардың романтикалық және реалистік бейнелеу тәсілдерінің бірлікте өрілуі дер едік. Мәселен, Г.Маркес пен О.Бөкей шығармашылығы арасындағы рухани байланысты қос жазушының да туған халқының бай тарихи түп-тамырынан тарқатуын, сол өткенін мифологиялық аңыздық астарға негіздеп, әсерлі шыншыл ертегі стилінде соны дүние тудырар таланты. Негізгі айтар ойын, жеткізбек идеясын символдық көркем бейнелеудің астарында шебер өруі дер едік. Әлем әдебиетінің көрнекті суреткері Марио Варгас Льоса Маркес шығармашылығы жайлы: «Гарсиа Маркестің тежеу дегенді білмейтін ұшқыр қиялы, ғайып патшалығын шарлап жүре беретін әдеті, қаптаған елестер мен ойдан шығарған оқиғалары – бәрі де оны аспан астында алтын сарай соқтырып, алдаусыратпаған немесе адастырар қалың тұман арасында қалдырмаған. Оның кітаптарының басты құдіреті сонда, онда бейнеленген дүниелердің бәрі де: оқиғалар мен олардың оябы, нышандар мен сиқырлы әлем, сырлы сәуегейлік пен алуан айшықты аңыздар, сайып келгенде, Латын Америкасының болмысына терең тамыр тартады, содан нәр алады, ақыры жазушы парасаты арқылы жаңғырған сәтте, аяусыз ащы шындыққа айналады», – деп жазады.
М.Льосаның бұл тұжырымы жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің шығармашылық әлемімен де өзара үндес. О.Бөкей стиліндегі аңыз-әңгімелер мен аллегориялар, көркем символикалық бейнелеу мен құпияға деген құштарлық, романтикалық шартты бейнелеу тұрпаттары қазақ халқының ұлттық мінезімен терең тамырласып, тарихымен етене үндесіп, тілдесіп жатады. Оралхан Бөкей – романтизмінің көркемдік жүйесін толықтыратын сипат – оның шығармаларында мифтік, фольклорлық сарындардың жиі көрініс беруі. Қаламгер күнделікті өмірден, елеусіз оқиғадан бір ерекше күрделі мазмұн, символдық мағына көре біледі. Жазушы өз шығармаларында аңыздық сарынды сол қалпында алмайды. Оның ерекшелігінің өзі сонда – қарапайым өмірлік деректен ерекше ертегі жасай біледі.
Оралхан Бөкей шығармаларының көркемдік қуатын байытып, мазмұнына тереңдік үстейтін негізгі бейнелеу тәсілі – жазушы шығармаларында символиканың мол пайдаланылуы. Символ – Оралхан Бөкей шығармашылығына өң беруші негізгі көркемдік құрал десе де болғандай. Тіпті жазу өнеріне әкелген жаңалығы деуге де толықтай негіз бар. Бағдарлап қарап, туынды табиғатына жіті үңілген жан Оралхан Бөкей шығармалары астарынан – өмір шындығын көретіні сөзсіз. Алғашында ертегі немесе аңыз-әңгімелер сынды әсер қалдырғанымен,олардың негізінде нақты әлеуметтік ортада өмір сүретін қарапайым кейіпкерлердің өмір сырлары жатыр. Жан дүниесінің ақиқат іздеп аласұрған толқынысы мен жұмбағы, қуанышы мен мұңы, жеткен жетістігі мен көрген қиянаты жатыр.
Көркем шығарма құрылымына мифопоэтикалық пішінді реалды шындықпен қиюластыра жымын білдірмей енгізу кез келген суреткерден үлкен дайындықты талап етеді. Ал әдебиеттегі көркем бейнелеудің бұл қиын да күрделі типі жазушыларды несімен қызықтырғандығына жауап іздеген ғалым А.Бочаров ойын былай сараптайды: «Миф ойлау болудан қалды, ол көркем аргументациялаудың, көркем дәлелдеудің тәсілі болды. Оған бүгінгі күндегі прозаиктердің ішіндегі Маркес романдарының табысы көркем дәлел бола алады».
Әдебиеттегі мифопоэтикалық көркемдік турасында әңгіме қозғағанда Шыңғыс Айтматов есіміне соқпай өту мүмкін емес. Өйткені суреткердің «Боранды бекет», «Жан пида», «Ақ кеме», «Шыңғыс ханның ақ бұлты», «Қош, Гүлсары», «Кассандра таңбасы», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» т.б туындыларының философиялық тереңдікте көрінуі мифтің өміршеңдігінен хабар береді. Сол секілді Әбіш Кекілбаевтың «Дала балладалары», «Аңыздың ақыры», «Шыңырау», жазушы Оралхан Бөкейдің «Қамшыгер», «Мұзтау», «Жасын», «Бура», «Кербұғы», «Сайтан көпір», «Қар қызы», «Жетім бота», «Атау кере» шығармаларынан да әдебиеттегі мифопоэтикалық пішінді пайдаланудың озық үлгісін көреміз. Таңғажайып ертек сынды финал – аталған қаламгерлердің шығармаларына тән құбылыс, ортақ ерекшелік. Осы әдеби үндестік бұл үш жазушының рухани әлемін біріктіреді деп сеніммен айта аламыз.