Тарих ғылымдарының докторы Клара Саркенованың «1920-1930 жылдардағы Қазақстан халқы» атты зерттеу кітабында 1928 жылы халық саны 6 507 077 болса, 1933 жылы 2 493 500 адам деп жазылған. Бес жылдың ішінде халық саны 4 013 577 адамға азайған. Ел басына төнген нәубет барлық аймақты қамтыды. Оның ішінде батыс өңірі, бүгінгі Атырау облысының аумағында да аштықтан өлгендер аз болмады. Академик Салық Зиманов «Ауылдан Гурьев қаласына көшіп келген кезде қала ішінде аштықтан өліп, іштері кеуіп кеткен адамдардан көз сүрінетін еді», деп еске алатын. Осы қиын заманда батыстағы құм қазағын аштықтан аман алып, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға себепші болған далалық бір өсімдік болды. Ол өсімдіктің аты – Құмаршық. Қазақстанның негізінен батыс аймақтарында өсетін құмаршықты ата-бабаларымыз ертеден тамақ түрі ретінде пайдаланған. Бұл өсімдік әсіресе Нарын құмында бітік өседі.
Қазақ елін басқарған Ф.Голощекин 1930 жылдың 14 сәуірінде Иосиф Сталинге жолдаған жеделхатында «...Ішкі астық айналымының қысқаруына байланысты Гурьев ауданы астықсыз қалып, жаппай мал сою басталды, салдарынан мал басы күрт азайды. Кедей-орташалар құмаршық сияқты шөптермен қоректенуде. Оның бір пұтының бағасы 17 сомға дейін барады, бірақ бұл шөптің қоры таусылды», деп жазған. Егер сол жылдары бір үлкен қойдың бағасы екі сом болғанын ескерсек, құмаршықтың қандай сұранысқа ие болғаны айтпаса да түсінікті. Өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін құмаршықты қағып, дәнін жинау мемлекеттік деңгейде қаралған. Әрбір ұжымшарларға жоспар беріліп, оның орындалуы бақылауға алынған. Құмаршықты қағу жұмыстары колхозшылардың жұмыс күніне есептелген. Құмаршықтың қандай құнды азық қоры болғанын осыдан да көруге болады.
Табиғатпен біте қайнасып, оның барлық құпиясын меңгерген ата ұрпақ өкілдері құмаршықты күзде қағып, дәнін диірменнен өткізіп, ұн алған. Құмаршықтан талқан жасап, көже қайнатып, ұнынан табаға нан жауып қорек қылған. Керек кезінде әртүрлі емдік мақсатта да пайдаланған.
Құмаршық өсімдігінің пайда болуы туралы аңыз да өте әсерлі. Ерте заманда Нарын құмындағы түйе өлген ботасын іздеп күні-түні боздап, иімей қояды. Домбырашы «Нар идірген» күйін тартқан кезде иіген аруананың сүті тамған жерге құмаршық шыққаны айтылады. Құмаршық кез келген құмға шықпайды. Ол – биік, таза, ақ шағыл құмда ғана өсетін, жаз айларында шыршадай жасыл болып жайқалып тұратын қасиетті өсімдік.
Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» шығармасында балықшылардың ауыр тұрмысы баяндалған. Батағада тұратын балықшы балалары тойып тамақ іше алмай, қарындары ашып нан сұрап жылайды. Сондай баланың бірі Шәріпқалидың анасы Жанқия құм бойынан қырдан келген адамдардан барып құмаршық нанын әкеліп береді. Құмаршық туралы аңызды әдебиетімізде бірінші болып жазған абыз Әбу болатын.
Дегенмен бұл өсімдік туралы көпшілік біле бермейді, тіпті естімеген. Құмаршықты қағып ас қылған батыс өңірінің тұрғындары арасында да құмаршықты көргендер азайып келеді. Жастар жағы хабарсыз. 2019 жылы күзде Атырау қаласында «Қайта оралған құмаршық» атты тарихи-танымдық іс-шара өтті. Іс-шараға бірнеше ауданның тұрғындары қатысты. Олар құмаршықтың диірменнен өткізілген дәнін, талқанын, нанын, көжесін дайындаудан сайысқа түсті. Осы сайыстан кейін бірнеше ғалым хабарласып, ұсыныс-пікірлерін айтты. Астана қаласына құмаршықтың дәнін апарып, ғылыми-зерттеу институттарына тапсырдық. Институт мамандары мұндай өсімдік туралы естімегендерін айтып сенімсіздеу қабылдады. Бірақ олар өздері жүргізген зерттеу нәтижелерін көріп таң-тамаша болды.
Біріншіден, құмаршық тағам қауіпсіздігіне толық сай екені анықталды. Екіншіден, оның құнарлығы өте жоғары екені дәлелденді. Ғалымдар бұл өсімдіктің адам денсаулығы үшін пайдалы екенін айтады. Құмаршықтың қамырлылығы өте төмен. Сол себепті оның қорытылуы өте тез әрі жеңіл. Мыңдаған жыл бойы тағам ретінде пайдаланып келген құмаршық өніміне бірінші рет ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеу жүргізіліп, қорытындысы алынды.
«Аштықта жеген құйқаңды тоқтықта ұмытпа» деген сөз бар. Талайдың тағдырына тікелей себепші болып, мыңдаған адамның өміріне арашашы болған құмаршықты кеңінен насихаттап, бұл өсімдікке ескерткіш қою туралы бастамам көпшілік тарапынан қолдауға ие болған еді. Ескерткіш туралы ойымды бірінші естіген поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынова бірден қолдау білдірді. Балалық кезінің күнделікті тағамының негізі болған құмаршықтың талқанын апарып бергенімде, ақын қатты толқыды. Құмаршық салынған ыдысты екі қолымен қыса ұстап, иісін искеп ұзақ отырды. «Ескерткіш қойған кезде ақ шағылды ұмытып кетпе», деп өз ойын айтты.
Биыл қараша айының басында Құмаршық күнін өткізу де жоспарымызда бар. Бастысы, адамдардың, соның ішінде жастардың да бұл қасиетті өсімдікке деген қызығушылығы артып келеді.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі