Өнер • 30 Мамыр, 2023

Күй аңызы: Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйі қалай туды

700 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күй тарихы қызық қой. Күйді тыңдағанымыз болмаса шығу тарихы мен мәнін аса біле бермейміз.

Күй аңызы: Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйі қалай туды

Шер қысып тына қалам,

Шертілсе осы бір Күй!..

Көрсетпей жылап алам,

Көзімнің жасын ылғи.

 

Нәп-нәзік ғұмыр боздап,

Өксиді қос ішекте.

Жүректің мұңын қозғар,

Бір күш бар осы сәтте...

«Салтанатты» тыңдағанда жүрек сыздатқан ауыр мұң сезілетін болар. Өйткені бұл - «апама айтам» деп жылаған сәбидің азалы күйі. Күйдің шығу тарихы қайғылы.

Күйшінің жары 1969 жылы өмірден өтеді. Бұл жағдай оның жанына қатты батады. Осындай күйзелісте жүрген күндердің бірінде жұмыстан үйге келсе, 4 жасар қызы Салтанат «апама айтам» деп өксіп жылап отырады. Қайрат ағасы ренжітіп қойған екен. Анасын сағынған қызын алдына алып жұбатпақ болған ол өзі де ағыл-тегіл қосылып жылайды.

«Сол жас кеу­демнен күй болып төгілді, құлағыма бір әуен қайта-қайта келіп, дүниеге осы күй келді. Күйдің басы «Қайтейін, жаным-ау» деп басталып, қызымның жылаған үніне ұласады, сағасында көзден аққан жас булығып, мұрыннан аққан сумен тұншығып, шырқырап шыққан үнің анық естіледі», дейді Төлеген Момбеков.

Ал күйшінің қызы Салтанат Момбекова «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Бұл күй ойналғанда, тыңдап отырып, іштей алай-дүлей күй кешіп, жан-дүниемнің сағыныштан ақтарылып жат­қанын сезуші едім. Көзіме анамды елестете алмай, анық түрін сақтап қала алмағаныма күйінетін едім. Тіпті бала күнімде ауылдың бас жағында орналасқан мектебіме жалғызаяқ жолмен сөмкемді сүйретіп кетіп бара жатып, менмұндалап тұрған Қаратаудың биік шоқысына көз тігіп, «шіркін, анамның бейнесі ана таудың басынан бір елестесе ғой, түрін бір көрсем ғой» деп күнде армандайтынмын. Неге екенін қайдам, артынан ойша анама ақ кимешек кидіріп, бейнесін өзімше елестетіп, бала көңіліммен мәз болатынмын. Көкірегімдегі сағыныш отын осылай басатынмын. Үнемі баласын айналып, басынан сипаған аналарды көргенде, ешкімге көрсетпей көз жасыма ерік беретінмін. «Қандай бақытты» деп іштей күбірлеп, бала жүрекке түсініксіз бір ауыр зіл түсіретінмін», дейді.

Талқысыз тағдыр заңы

Тар маңдай не біледі?..

Шарасыз жанның зары

Шанақтан төгіледі!..

 

Күй өрген мұндай мығым,

Сәбидің тәтті иісінен.

Салмағын бұл қайғының

Сұраңдар қарт күйшіден!..

 

Сұраңдар, Сынамаңдар!..

Азапты арда ғұмыр.

«Ана» деп жылаған бар

адамның арманы бір!..

 

Сұраңдар, мынау өмір,

Қалмады қай пендеден?..

Булығып бұла көңіл,

«Апама айтам» деген...

 

Үнді естіп үй түбінен

Мұңды алдым қоса арқалап.

Сөйлеген күй тілімен,

Сенбісің, О, Салтанат?!

Өлең авторы: Қалқаман Сарин