Спорт • 30 Мамыр, 2023

Данияр дара шықты

280 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Татарстанның бас шаһарында дәс­түрлі «Қазан марафоны» өтті. Бұл жарыста Ресейдің 80 аймағы мен әлемнің 16 мем­лекетінен келген 11 566 спортшы бақ сы­нады.

Данияр дара шықты

2015 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жарыстың 42,2 шақырымдық сайысында осыған дейін тек Ресейдің өкілдері ғана топ жарып келген. Атап айтсақ, Юрий Чечун (2015, 2020 жылдары) мен Степан Киселев (2019, 2021) екі мәртеден жеңімпаз атанса, Андрей Сафронов (2016), Алексей Трошкин (2017), Артем Алексеев (2018) және Рауль Шакризянов (2022) бір-бір реттен дара шықты. Ал биылғы додада қазақтың ұлы Данияр Орманғалиға тең келер ешкім табылмады.

Марафоншылар бәсекесіне 1 700 үміткер қатысты. Солардың арасынан Данияр Ор­манғали дараланды. Жоғарыда аталған қа­шықтықты ол 2 сағат 25 минут 53 секундта жү­гіріп өтті. Сөйтіп, мәртебесі жоғары жа­рыстың бас жүлдесі Жетісу облысындағы Сар­қан ауданының тумасына бұйырды. Екінші орынды иелеген атақты спортшы Андрей Смирнов қандасымыздан екі минуттан аса уақыт қалып қойды. Үшінші сатыға табан тіреген Иван Маториннің нәтижесі – 2 сағат 30 минут 48 секунд.

23 жастағы желмен жарысқан желаяқ Данияр Орманғалидің спорттың бұл түрінде бағындырған белестері аз емес. Ол – жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрама коман­дасының мүшесі, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, Еуразия ойындары мен Орталық Азия біріншілігінің жеңімпазы. Сонымен қатар қазақ марафоншысы бірқатар халықаралық жарыста алдына жан салған жоқ.