Өндіріс • 31 Мамыр, 2023

Мақта кластерінің көшелі жолы

286 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркістан облысында мақта кластерін дамыту мақсатында шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналмақ.

Мақта кластерінің көшелі жолы

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Түркістан мақта өсіретін жал­ғыз өңір болғандықтан мақта кластерін дамытуға күш салынуы – заңдылық. Жергілікті ат­қарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды. Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ақпанда облысқа сапары барысында мақта зауыттарының басшыларымен, шаруалармен кездесіп, мақтаны терең қайта өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін, бұл бағытта нақты қадамдар жасалатынын айтқан болатын. Министрдің сөзін қуаттаған шаруалар кездесуде айтылған нақты қадамдардың алғашқысынан хабардар болып отыр. Яғни Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді. Жобаны талқылау және сарапшылар, мамандар пікірін білу мақсатында өткен мәжілісте облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған саланы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды екенін жеткізді. «Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт аша­мын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үл­кен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жос­парларымыз бар», деді облыс әкімі. Облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы басшысының орынбасары Е.Жәнібековтің айтуынша, мақта шаруашылығын әртараптандыру, мақта-тоқыма кешені кәсіпорындарын дамыту және 2027 жылға дейін тоқыма өнеркәсібінің бәсекеге қабілетті өнімін алу мақсатында шитті мақта өсіруден бастап, жоғары сапалы өнім шығаратын 75 кә­сіпорын ашу, 9 кластер құру көзделіп отыр. Сондай-ақ мақта талшығын қайта өңдеу көлемін 100 пайызға жеткізу, 41 мыңнан астам жұмыс орнын ашу межеленген. Мата, май, киім және мақтадан өзге де өнімдер шығару мақсаты да қойылған.

Мақтаның басым бөлігі Мақта­арал және Жетісай аудандарында өсіріледі. Бұл орайда Жетісай ауданында инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. «Осы мақ­сатта өткен жолы көршілес Өзбекстан Республикасында мақта кластерін дамыту үшін инвес­торлармен іскерлік кездесулер өткізіліп, екіжақты келіссөздер жүргізудің алғышарттары жасалуда. Биыл азаматтардың жеке қаражаттары есебінен Ж.Ералиев ауылдық округінен құны 300 млн теңгеге 10 мың тонналық «Тұран мақта» ЖШС «Мақта шикізатын өңдеу зауыты» жобасын, Жаңа­ауыл ауылдық округіндегі құны 350 млн теңге болатын «То­қыма емес мата өндірісі» жобасын, Мақ­талы ауылдық округінен құны 790 млн теңге болатын «Мақ­талы Жер» ЖШС «Тұқымдық шит өндірісі зауыты», 100 млн тең­геге бақша өнімдерін қайта өңдеу цехы, Жетісай қаласындағы құны 200 млн теңгеге аяқкиім өн­дірісі жобасын жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда», дейді Жетісай ауданы әкімінің орын­басары Серік Пірімбеков. Аудандағы 76,2 мың гектар егістің 45 мың гектарына мақта егілген. Ал Мақтаарал ауданында былтыр 40,4 мыңнан аса гектарға мақта дақылы егіліп, 106 мың тоннадан астам өнім жиналған болатын. Биыл мақта алқабы біршама қысқарып, 35,7 мың гектарға егіл­ген. Ауданда өзбекстандық «Clobal Textile» компаниясының сүйе­мелдеуімен Өркениет елді мекенінде шаруалар 15 гектар жерге эксперимент ретінде мақтаның «Наманган» тұқымын еккен болатын. Биылдың өзінде аталған компания Мақтаарал ауданында 10 мың гектарға жуық жерге «Сұлтан» және «Наманган» тұқым сорттарын жеткізуді және күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ аудан әкімдігінің мәліметінше, 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосу көзделген. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасы дайындалған. Құны 45 миллион доллар болатын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта, мата бояу және тігін фабрикалары іске қосылатын болады.

Айта кетелік, жері құнарлы, ауа райы қолайлы өңірде жыл басынан бері ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 163,5 млрд теңге болып, нақты көлем индексі 102,0%-ға орындалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 10,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Биыл АӨК сала­сында жалпы құны 54,1 млрд теңге болатын 60 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі таң­да құны 4,9 млрд теңге болатын 16 жоба іске қосылды. Атап айтсақ, 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, 4 мал бордақылау алаңы, 3 сүт өңдеу цехы, 2,1 гектар аумаққа 2 фермерлік жылыжай салынды. Сонымен қатар 490 гектар жаңбырлатып суару бойын­ша – 3, балық өсіру бойынша 3 жо­ба жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, құны 107,3 млн доллар болатын 271,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі шетелдерге экспортталды.

 

Түркістан облысы