Аймақтар • 31 Мамыр, 2023

Шіріген өнім, шарасыз басшы

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда әлеуметтік желіде Қызылордадағы қоқыс полигонында шіріген көкөністің үйіліп жатқаны түсірілген видео жарияланған болатын. Артынша-ақ тонналаған өнімнің «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қоймасынан шыққаны белгілі болды. Жұрт бюджеттен бөлінген қаржыға арзан өнімдер сатып алып, бағаны тұрақтандыруға үлес қосуға тиісті құрылым өкілдерінің қоқыстағы көкөністі жедел көміп жатқанын да көрді.

Шіріген өнім,  шарасыз басшы

Әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлерінде жиі ұйым­дастырылатын жәрмең­келерде тұрғындарға арзан бағамен са­тылуға тиіс өнім неге пайдаға аспай қалды? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының Фейсбуктегі парақшасында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Самат Ерниязов осы­ның себебін түсіндіргендей болыпты.

Оның айтуынша, сатылған өнімнен жарамсыз қалдық қа­луы тұрақтандыру қорында да, жеке кәсіпкерде де жиі кез­десетін жағдай екен. Басқар­ма төрағасы жарамсыз тауарларды жою алдында актілеп, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акцонерлік қоғамының сынақ хаттамасы алынатынын жазады. Қауіпті тамақ өнімдерін жою жөнінде комиссия құрылып, Қызылорда қалалық санитарлық-эпиде­мио­логиялық бақылау басқар­масының, Қызылорда облы­сы бойынша экология депар­таментінің, «Amanat» пар­тия­сының, Қызылорда қала­лық полиция басқармасы қыз­меткерлерінің қатысуымен жою жөнінде шешім қабылданады екен. Осыдан кейін ғана қоқыс полигонына жеткізіледі.

2021 жылы 1 197,4 тонна көкөністің 25 пайызы, былтыр алынған 568,4 тоннаның 32,7 пайызы осындай жолмен жо­йылыпты. Биыл 588,1 тонна картоп, 720 тонна пияз, 106 тонна қырыққабат, 133 тонна сәбіз сатып алынса, оның 9,2 па­йызы жарамсыз болған. Басшы жауабындағы «Биыл көкөніс алдыңғы жылдарға қарағанда 3 есе артық сатып алынғанмен, жарамсыздық көрсеткіші де 3 есе аз. Бұл – алынған өнімнің сапасын қадағалағанның, дұрыс сақталуын қамтамасыз етудің нәтижесі» деген жолдан бюджет қаржысына алынған дүниенің ысырап болғанына қиналған жанның кейпі байқалмаған еді.

Апта басында облыс әкі­мі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте азық-түлік ысырабына жол берген корпорацияның жұмысына тиісті баға берілді. Аймақ басшысы бұл акционерлік қоғам басшысының қателігі екенін, ысыраптың алдын алуға болатынын айтты. Мәжілісте «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Самат Ерниязов қызметінен босатылды.

– Кие, кепиет дегеннен қорықпайтын мына қылық­тарыңызды ақтап алатын еш­қандай сөз жоқ. Бұл әрекет­теріңізге наразы жұртқа не айта­рымызды білмей отырмыз. Мәселенің бұрыннан бар еке­нін біле тұра қоймадағы өнім­дерді басқа мақсатқа пайдалану жолдарын іздемеу, 126 тонна өнім шірігенше қарап отыру – елдің жағдайына жа­ны ашитын адамның тірлігі емес. «Қоймадағы шығын жыл­дағыдан 3 есе аз болды» деген жауаптарыңыз – «Суға кеткен тал қармайдының» кері. Бұл сіздің басшы ретінде жұмысты тиісті деңгейде үйлестіре алма­ғаныңызды көрсетеді. Базар­дағы бағаның күнне-күнге ас­пан­дап бара жатқанын біле тұра жүздеген тонна өнімді жарамсыз қылған сіздердің тірліктеріңізге көз жұма қарай алмаймыз. Сізге біздің арамызда орын жоқ, – деді облыс әкімі.

Өнім шірігенше шарасыз отырған басшы орнынан бо­сатылса, облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тал­ғат Дүйсебаевқа қатаң сөгіс жарияланды. Басқарма басшысына енді осындай қателік қайталанса, орнынан босатылатындығы ескертілді.

Алда мәслихат депутаттары­нан, Қоғамдық кеңес өкілдері мен жанашыр азаматтардан жасақталған комиссия құрылып, корпорация мен тұрақ­тан­дыру қорының жұмысы толық тексерілетін болды. Кінәлі­лердің жауапқа тартылатыны сөзсіз. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін тиісті ұсыныстар әзірленеді.

Сондықтан комиссия сала­дағы кем-кетікті анықтап қана қоймай, оны болдырмаудың жолын ұсынуы қажет. Қойма ескірсе, жөнделеді. Өнім сыймаса, жаңа қойма салынады.

 

Қызылорда