Аймақтар • 31 Мамыр, 2023

Тоқсандағы қарияның билікке базынасы

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының тұрғыны Өркен Әбдіреев қарияны, әсіресе журналистер жақсы таниды. Қала әкімі мен әкімдік қызметкерлеріне де өз аға-аталарындай жақсы таныс. Өткені қария қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді қозғап әкімдікке жиі барады. Нәтиже шықпай жатса немесе жауаптылардың әрекетіне көңілі толмаса ақпарат құралдарына хабарлайды.

Тоқсандағы қарияның  билікке базынасы

Ақсақал жуырда «Egemen Qazaqstan» газе­тінің аймақтағы тілшілер қосынына арнайы іздеп келіпті. Қолында Президент Қасым-Жо­март Тоқаевқа жазған хатының көшірмесі бар. Өркен ақсақал алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөнін­дегі кеңейтілген кеңесте айтқан сөзін есімізге салды. «Президенттің атына жазылған арыз-шағымның саны үш жылда 2 есе өсіпті. Мұны Қасым-Жомарт Кемелұлы айтты, тыңдаған боларсыңдар. Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында болған 811 адамның 730-ын кестеден тыс, яғни табан астында жедел түрде Президенттің өзі қабыл­дауына тура келген. Қоғамдық қабылдауға келген­дердің арасында барлық аймақтың тұрғын­дары бар екен. Мен мына хатта жазылған мәселе­лерді қала әкіміне кіріп айтқанмын. Нәтиже жоқ. Бұл мәселелерді шешуге жергілікті әкімдердің шамасы келмейді-ау, сірә? Бірақ қолымнан келмейді, шамам жетпейді деп неге ашық айтпасқа? Нақты нәтиже, тұшымды жауап болмаған соң Президентке хат жолдадым», деп Өркен Әбдірайымұлы хатын бізге ұсынды. Қарияның рұқсатымен наурыздың ортасында жазған хатын біз де оқыған едік.

«Мен, Әбдіреев Өркен Әбді­райым­ұлы 88 жас­та­мын. Тыл жә­не еңбек ардагерімін, мекеме­лер­ді басқардым. Жетістіктерім үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, 12 ме­дальмен мара­пат­талғанмын. Отбасымда 4 ұл, 3 қыз, 15 немере мен 2 шөберенің атасымын. Қазіргі таңда жасым 90-ға жуықтаса да 105 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің үй басқарушысымын», деп бастапты Президентке жолдаған хатын Өркен қария. Әрі қарай көкейінде жүрген бірнеше мәселені көтерген қария Президенттен бақылауға алып, шешілуіне ықпал етуін сұ­рай­ды. «Шырайлы Шым­қала­мыз­да Асанбай Асқаров ағамыз сал­­ды­р­­ған «Фосфоршылар» мәде­ниет сарайы қазір қарау­сыз қа­­лып, қирап, іші қоқыс­қа толып, мас­күнемдер мен бұзақы­лар­дың «ор­дасына» айналды. Айна­­ласын­дағы саябақ аумағы жа­рық­­сыз, қа­раусыз қоқысқа толы... Осы мә­де­ниет сарайын қала өзінің ба­лан­сы­на алып, қалпына кел­тіріп, кө­рік­тендіріп, демалыс айма­ғын салып, атауын «Өзбекәлі Жәні­бе­ков атындағы жастар сарайы» деп қайтадан ашса деген арманым бар».

Сондай-ақ қария Президентке жолдаған хатында еліміздің саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірген Жұмабек Тәшеновтің аты Шым­кентте шағын көшеге беріліп, кішігірім ескерткіш қойылғанын, фамилиясы көп жерлерде дұрыс жазылмағанын айтады. «Шым­кенттегі теміржол вокзалының алдындағы жүрмейтін сағатты алып тастап, орнына Ж.Ташеновтің үлкен ескерткішін қою керек, ол қалаға қосым­ша көрік берер еді», дейді Өркен қария хатында. Ақсақалдың мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековке қойылған ескерткішке де көңілі толмайды. «Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына орай Шымкенттегі орталық саябаққа ескерткіш қойыл­­ған. Есімі жердегі жұқа тұ­ғыр­ға жазылған, оны ешкім көр­мейді. Ескерткіштің қойылған жері­не көңіл толмайды, халық көп жүретін жерге қойылса деген ұсы­ныс бар», дейді Өркен Әбді­реев. Мемлекеттік тілге жана­шыр­лық танытып жүрген қария Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің есімдері көшелердің бойында әртүрлі жазылып жүргенін де айтады.

Жергілікті әкімдіктің кей мә­селені шешуде қауқарсыздық танытатынына қынжылысын білдір­ген қария Президенттен жауап келетініне сенімді екенін айтты. «Кешегі сөзінде Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату айрықша маңызды екенін айтты. Әкімдердің жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашатынын да сынға алды. Президенттің сөзінен кейін қорытынды шығарған әкімдер жергілікті мәселелер бойынша дер кезінде шешім қабылдап немесе нақты жауап беріп, жұртты жоғарыға жүгінуге жеткізбейтін шығар деп үміттенемін», дейді Өркен Әбдірайымұлы.

 

ШЫМКЕНТ