Қоғам • 02 Маусым, 2023

ЕGov Mobile қосымшасынан нотариус кеңесін алуға болады

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әділет министрлігі Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп eGov Mobile мобильді қосымшасында «Нотариаттық онлайн консультация» сервисін енгізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕGov Mobile қосымшасынан нотариус кеңесін алуға болады

ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтың айтуынша, сервис білікті заңгерлік көмекке мұқтаж адамдар үшін тиімді құрал болмақ.

«Онлайн-кеңес беру арқылы азаматтар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ нотариаттық қызметке байланысты құқықтық сұрақтарға жауап ала алады. Нотариустар кез-келген сұрақтарға жауап береді. Бұл уақытты үнемдеуге және уақтылы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді», деп атап өтті вице-министр.

Жобаның мақсаты - нотариаттық қызмет көрсетудің ыңғайлылығын, жеделдігі мен тиімділігін арттыру.

Қызметті алу үшін:

1. «eGov Mobile» қосымшасына кіру керек;

2. Е-нотариат бөлімінде «Онлайн кеңес алу» қызмет түрін таңдап, өтінімді толтыруыңыз қажет;

3. Кеңес алу үшін бейне қоңырау арқылы қажетті сұрағыңызды қоясыз;

4. Банктердің мобильді қосымшалары арқылы 1 АЕК мөлшерінде нотариустың қызметін төлеу керексіз.