Ұстаз • 04 Маусым, 2023

Ұлағатты ұстазды ұлықтады

516 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Төлеби ауданы Алғабас елді мекеніндегі жалпы орта мектепке мемлекет және қоғам қайраткері Сәдуақас Темірбековтің есімі берілуіне байланысты арнайы іс-шара өтті. Ғалымның бюсті мен мұражай кабинеті ашылды.

Ұлағатты ұстазды ұлықтады

Жиында көрнекті ғалым-педа­гог, мәдениеттанушы, фи­ло­­соф, профессор Сәдуақас Темір­бековтің өмір жолынан есте­ліктер айтылды. Елге сіңген еңбе­гі туралы баяндама жасал­ды. Ауылдан жырақ жүрсе де ту­ған жерге қамқорлық танытып, шапағатын тигізген ға­лым талапты, оқуға, білімге ұм­тылған жастардың жоғары оқу орнына түсуіне жәрдем бе­ріп отырған. Сондай-ақ Орта­лық Комитеттің ғылым және оқу орындары бөлімін бас­қарған жылдары Алматы сәу­лет-құрылыс және Алматы театр-өнер институттарының, Қос­танай мен Көкшетаудағы ауыл­ша­руашылық институттарының, Қара­ғанды педагогикалық инс­ти­­тутының ашылуына ықпал етті. Еңбегі халық тарапынан жо­ғары бағаланды.

Ғылыми-педагогикалық қыз­ме­тінде С.Темірбеков жүйелі түр­де мәдениеттің тарихы мен тео­риясын түбегейлі зерттеумен айналысқан. Алғашқылардың бірі болып, «Мәдениеттануға кі­ріспе» атты университет сту­дент­те­ріне арналған оқулық жазды. Оның қаламынан 70-тен аса мәдениеттің өзекті мәселелеріне арналған ғылыми мақала туған. Қаза­қ­тың рухани дүниесін мо­лай­туға, жаңғыртуға үлес қос­қан тұлға 35 жасында, яғни 1967 жылы жаңадан ашылған Шым­кент педагогикалық мәде­ниет институтының ректо­ры болып тағайындалған. С.Темірбеков бас­шылық еткен жылдарда кафед­ралардың саны бесеуден 13-ке, оқытушылар саны 137-ге жет­тi. Оқу орнын басқарған 11 жыл­да институттың материал­дық базасы қалыптасып, про­фес­­­сорлық-педагогикалық құ­рам­ жинақталды, көптеген же­тіс­тікке жетті. Профессор С.Те­мір­бековтің жетекшілігімен фило­со­фия ғылымдары саласында үш кандидаттық диссертация қор­ғалды.

– Өткен ғасырда Қазақстанды Кол­бин басқарған кезеңде ол қу­ғын-сүргінге түскен ұлт тұл­ға­ла­рын қорғау жағында болғаны мә­лім. Академик Өмірбек Жол­дас­бековтің жазықсыз жаладан­ ба­сына іс түскенде жанынан­ та­былып, қолынан келген жақ­сы­лығын аянып қалған жоқ. Сол бір қиын-қыстау кезеңде шын­ достықты, шынайы жана­шыр­лық­ты көрсете білді. Сәдуақас аға­мыз дүние жинаған жоқ. Адал қыз­метімен, өнегелі өмірімен абы­ройлы болды. Ауылы ғана емес ел мақтан тұтатын азамат еді, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрғасы Әтірхан Шың­ғысбаев.

С.Темірбеков атындағы жал­пы­ орта мектептің директоры Ме­дет Балықбаевтың айтуынша, мектептің атауын өзгерту, ғалым­ның есімін беру мәселесі осы­дан 6 жыл бұрын 2016-2017 оқу жылының соңында өткен үл­кен жиналыста көтерілген екен. «Жиында ұйымдастыру ал­қа­сы құрылды. Сол уақытта бастау алған іс оңынан шешіліп, республикалық ономастикалық комиссиясының шешімімен мектебіміздің атауы 2023 жыл­дың 20 қаңтарынан бастап «Сәдуақас Темірбеков атындағы жалпы орта мектебі» болып өзгертілді. С.Темірбековтің інісі Амангелді және немере інісі Ильяс Төребекұлы демеушілік жасап, мектеп ғимаратының сыртын күрделі жөндеуден өткізіп, заманауи үлгідегі сайдингпен қаптап берді. Оларға мектеп ұжымы атынан айтар алғысымыз шексіз», дейді мектеп директоры.

С.Темірбековтің шарапаты ауылдың бүгінгі жас ұрпағына да тимек, яғни мектеп оқушыларын қол­дау мақсатында биылғы үздік түлекке университет гранты берілмек. «Университеттің шеші­міне сәйкес, Темірбеков мекте­бінің биылғы үздік түлегіне М.Әуезов университетінің гранты беріледі. Грант иесі бакала­вриат деңгейінде 4 жыл тегін білім алады. Талапкер мәдениет және өнер факультетінің білім беру бағдарламасын таңдай ала­ды. Бұл – профессор Темір­бе­ковтің салып кеткен сара жо­лының заңды жалғасы. Өйткені профессор Темірбеков өз заманында оқуға құштар, білім­ге­ талапты жастарды қолдап, жағ­дай жасаған. Біз де осы тама­ша дәстүрді бұзбай Темір­беков мектебінің түлегіне қол­дау ретінде оқу грантын табыс­таймыз», деді М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан уни­вер­ситеттің ректоры Дария Қо­жам­жарова.

– Көпшілікке Сәдуақас атам­ ірі мемлекет қайраткері және белгілі ғалым, ал бізге, неме­ре­лері үшін әр уақытта ынта-ықыласымызды қолдайтын, ақ батасын беріп, жол сілтейтін асқар тау еді. Немерелерінің тұлға болып қалыптасуына Сәдуақас атам мен Фарида апамыздың кеңпейілділігі мен балажанды жарқын бейнесі көп әсер етті, – дейді ғалымның немересі, экономика ғылымдарының кандидаты Жанар Темірбекова.

 

Түркістан облысы