
1916 жылы шілде айының орта шенінде Мұқа болыс ашқан ат бәйгесі Қарадалада дүркіреп өтеді. Бәйге басталарда Мұқа болыс көпшілік алдында қазақ елінің жеке мемлекет болғаны жөнінде бар күш-жігерімен, қуана тұрып сөйлеген екен. Арада бір жыл өткенде Жаркентте кеңес өкіметі орнап, Мұқа болыстан бастап, халықтың зиялылары Жаркент аймағында қуғын-сүргінге ұшырады. Қарадаладағы бәйге өткізетін орынды қызылдар: «Болыстың қалдығы» деп, Қарадалада ат бәйгесін өткізбек түгіл, онда халықтың топтасып жүруіне қатаң тыйым салған.
Міне, осы Қарадаладағы 1916 жылы Мұқа болыс қазақ елінің жеке мемлекет болуына арнап ашқан ат бәйгесінің 2004 жылы жаркенттік жайсаң азамат Мағруф Қадыров халыққа қайта ашып берді. Ұзындығы 18 шақырым атшабардың енін 30 метрге дейін кеңейтіп, қуатты трактормен қырлы, ойлы, шұңқырлы жерлерін тегістеп, бәйге аттары шапқанда оларға кедергі келтірмейтіндей етіп қайта жасады. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Жаркент қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры болып 40 жыл қызмет атқарған Жақсыбай Исаев: «Бұл ат бәйгесі 1916 жылы қазақ елінің жеке мемлекет болғанына арналып ашылған еді. Содан кейін қызыл империяның солақай саясатының салдарынан жабылды. Бүгін міне, араға 88 жыл салып, кәсіпкер Мағруф Қадыров Қарадалада сол атшабарды қайтадан ашып отыр. Мағруфқа мыңда бір рақмет!» – деді.
Мағруф Ғапбасұлы Алматы ауыл шаруашылығы институтының өнеркәсіпті жоспарлау бөлімін, 2 Қазақ ұлттық аграрлық университетінің орман шаруашылығының инженер факультетін бітірген жоғары білімді маман. Еңбек жолын мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастап, әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келген соң, бірнеше жыл автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. 1981-1989 жылдары сауда саласына басшылық жасады. 1989-1993 жылдары «Береке» агроөнеркәсіп мекемесінің бастығы қызметін, 1993-1999 жылдары «Лингвист» АҚ «АҚС ИГІЛІК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «МКС Ақбоз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастығы қызметін абыроймен атқарып, халықтың алғысына бөленді.
Мағруф ауданымызда ауыл шаруашылығын дамытып, өркендетуге лайықты үлесін қосып келе жатқан азамат. Мал шаруашылығын, оның ішінде асыл тұқымды жылқы, ірі қара мал, меринос қойын еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап өсіріп, өркендетіп келеді. Халықтың қамқоршысы, адамдарға жақсылық жасауға әрқашан дайын тұрады.
Ұлты татар азамат ауданда қазақтың ұлттық ат спортын дамыту ісін 30 жылдан бері үзіліссіз жүргізіп келеді. Ат бәйге, құнан бәйге, жорға бәйге, тай бәйге, теңге ілу, көкпар, аударыспақ сияқты ат спорты түрлерін ауданның барлық ауылында дамуына ұйытқы бола білді. Жас шабандоздарды дайындауды ауыл-ауылда ұйымшылдықпен жүргізіп, оған ақыл-кеңесін беріп отырады. Жүйрік аттарды баптаудың әдіс-тәсілдерін атбегілер мен жас шабандоздарға үйретуден жалықпайды. Жас кезінен мал өсірудің қыр-сырын жан-жақты біліп өскен М.Қадыров жүйрік жылқыларды таңдай білумен ғана шектелмей, сәйгүліктерді бағып-күту, төрт түлікті өз төлі есебінен өсіріп, одан жоғары сапалы өнім алу, т.с.с. бойынша мол тәжірибе жинақтаған. Бұл тұрғыда ол ғылым жетістіктерін де кеңінен пайдаланып келеді. Мал шаруашылығын өркендету жөніндегі ғалымдарымыздың кітаптарын, газет-журналдарда басылған ғылыми еңбектерін ізденіп жүріп оқиды.
Ауданымыздан соңғы жылдар ішінде жүйрік сәйгүліктерді өсірумен айналысатын атбегілер көптеп шықты. Солардың көбі: «Ат таңдаудың әдіс-тәсілдерін біз Мағруф ағадан үйрендік», дейді. Соңғы кездері ауданымызда өткен аламан бәйгелерде Мағруф Қадыровтың аты озып келіп, сәйгүлігі бірнеше темір тұлпарға ие болды. Ауданымыздың басты атбегісі, асыл тұқымды жылқы, қой, ірі қара малдарын көптеп өсіріп отырған шаруа қожалығының төрағасы, «Ауданның құрметті азаматы», бірнеше медаль мен орденнің иегері, есімі аймаққа кеңінен таныс Мағруф Қадыров ерен еңбегі үшін халықаралық, мемлекеттік орден-медальдармен марапатталған.
Халыққа қамқорлық жасауды Мағруф өзінің міндеті санайды. Жыл сайын Жаркент қаласының орталығында 22 наурыз күні 500-ден астам адамға наурыз көже дайындатып, халыққа тегін үлестіріп, халықтың алғысына бөленген еді. «Суан» қорына ақшалай 1,5 млн теңге көмек көрсетті. Іскер азаматтың тағы бір игі жұмысы – аудан аумағынан 5 гектар жер алып, мал сататын үлкен базар ашты. Бұл базардың жұмыс істей бастағанына да 10 жылдан асты. Жексенбі күні Панфилов аймағындағы ауыл-ауылдардан әкелінген жылқы, ірі қара, қой-ешкі, кейде тіпті түйелер осы базарда сатылуда. Мұнда тұтынушыларға барлық жағдай жасалған.
Мағруфтың жұбайы Ризван да жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты. Ауданның әлеуметтік мәселелері мәслихат сессияларында қаралғанда Ризван тұрғындар мүддесіне қатысты ойларын батыл түрде ортаға салып, оның дұрыс шешілуіне үнемі ұйытқы болып келеді. Аналар мен балалардың денсаулығы, оларға жасалатын қамқорлықтардың барынша арта түсуіне сессия сайын өз ойын айтып, халық үшін қызмет етуде.
Өз ісінің білгірі М.Қадыров мал тұқымын асылдандыру бойынша 30 жылға жуық уақыттан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 1999 жылы «МКС Ақбоз» серіктестігін құрып, асыл тұқымды «Симанталь» сиырын Қарағанды облысынан көптеп сатып алып келіп өсірді. Ал Шығыс Қазақстан облысынан «Дегерес», «Байыс» асыл тұқымды қойларын, Ақтөбе облысынан «Жебе» асыл тұқымды жылқыларын сатып алып, ауданымызда өсіріп, басқа да жеке шаруа қожалықтарына арзан бағаға сатты. Соның нәтижесінде, ауданымызда өсіріліп, басқа да аудандарға сатылған асыл тұқымды малдардың саны барынша артты. Оның нақты нәтижесін халық көріп, алғыстарын айтып отыр. 2012 жылы «Әулиекөл» асыл тұқымды сиырларын көп мөлшерде сатып алып, оны өз төлі есебінен өсіріп, бүгінде басқа да «Әулиекөл» сиырын өсіремін деушілерге нарық бағасынан төмен мөлшерде сатуда.
М.Қадыров Жаркент қаласынан «Мал өнімдері» пунктін ашқан болатын, мұнда өзінің жеке шаруашылығының бордақыланған малдарын сойып, тұтынушыларға арзан бағаға сатып, бұл салада да халықтың алғысына бөленіп отыр.
Жаңа Қазақстанның алға қойған міндеттерін іс жүзіне асыру жолында Панфилов ауданының жеке шаруа қожалығының басшысы Мағруф Қадыров халықты асыл тұқымды малмен, сапалы етпен және жүйрік сәйгүліктермен қамтуда жемісті де жеңісті жұмыс атқарудан жалыққан емес. Еліміздің дамуына қосар үлесі алда да елеулі болады деп сенеміз.
Садық ЖҰМАБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Жетісу облысы,
Панфилов ауданы,
Жаркент қаласы