Әуелі алыстағы Алакөлге қалай жетеміз деген мәселенің алдын алайық. Биыл емдік көлге барар жол тақтайдай тегіс екенін айтқымыз келеді. Ол аз десеңіз, ұшақпен жылдам ұшып барсаңыз да болады. Сіз үшін Qazaq Air 22 мамырдан бастап елордадан Жетісудың төріне күн сайын ұшпақ ниетте. Ұшулар жаңа генерацияланған de-Havilland Dash 8-Q400 канадалық әуе кемесінде орындалады. Рейстер жергілікті уақыт бойынша жүзеге асады. Түстеп көрсетсек: IQ 429 Астана 13.00 – Талдықорған 14.45; IQ 430 Талдықорған 15.15 – Астана 17.05. Ұшу кестесі туралы ақпаратты www.flyqazaq.com сайтынан біле аласыз. Билеттерді брондау және сатып алу үшін әуе кассаларына хабарласуға болады. Сондай-ақ әуе компанияның сайтынан сатып алуға мүмкіндік бар.
«Естеріңізге сала кетейік, Qazaq air әуе компаниясы Қазақстан қалаларынан Түркістан, Омбы және Екатеринбургке халықаралық тікелей және қосылатын рейстерді орындайды. www.flyqazaq.com сайтынан билеттерге қазірден бастап тапсырыс беріп, бізбен бірге саяхаттаңыз» делінген әуе компаниясының хабарламасында.
Жаңа шомылу маусымына демалыс аймақтарының иелері мұқият дайындық үстінде. Олар демалушылардың жақсы тынығуы үшін барлық жағдайды жасайды. Іскер әйел Зура Молдаханова – турбизнес ардагері. Оның айтуынша, 18 жыл ішінде туристер әлдеқайда көбейген. Нәтижесінде, тұрақты клиенттер қатары артқан.
«Біз жұмысты Үшарал қаласындағы дәмханадан бастадық. Демалушылар бұл жерге үнемі туыстарымен келеді. Мүмкін жер алып, тынығушыларға пайдасы бар арнайы орын салу керек шығар. Көл суының емдік қасиеті бар. Ол буын мен тері ауруы бар адамдарға жақсы көмектеседі. Сол себепті санаторий жасауға болады деп ойлаймын», дейді кәсіпкер.
Қонақүй нөмірінде тұру тәулігіне 10 мың теңгеден басталады. Бірақ пансионат иелері жыл сайын бағаны көтеруге мәжбүр. Өйткені қызметкерлер табу қиын. Кәсіпкерлер ең қиыны қоқыстың тез жиналатынын, жағалауда жуынатын орынның жоқ екенін айтады.
Биыл шенеуніктердің жоспары бойынша Алакөлге 1,5 миллион демалушы келмек. Көлге іргелес аумақта 300-ге жуық демалыс аймағы бар. Жаңа маусымда оларға тағы 14-і қосылады.
«Маусымның ашылуына дайындық жүріп жатыр. Біз отандық туризмді дамытуға тырысамыз. Алакөл көлі үздік 10 туристік орынға кіреді. Сондықтан біз демалушыларға барлық жағдайды жасауға тырысамыз», дейді Алакөл ауданының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дәулет Жуандықов.
Қалай болғанда да жағажайға оңтайлы жетуге әлі көп күш жұмсалуға тиіс. Өйткені бұл жерге таяуда мыңдаған демалушы ағылады. Яғни жергілікті билік пен кәсіпкерлер үшін өте маңызды.
Жалпы, облыста туризм саласының да әлеуеті зор. Жетісу жерінің табиғи-климаттық жағдайының қолайлы болуының нәтижесінде бізде туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде туристік бәсекелестікте біршама елеулі артықшылық береді. Туристификация картасына сәйкес басым объектілер тізбесіне 5 дестинация: Алакөл, Балқаш көлдерінің жағалаулары, «Алтынемел», «Жоңғар-Алатау» ұлттық парктері және Текелі таулары енгізілді. Оларды дамыту мақсатында инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр.
«Алакөл көлінің жағалауында екі жыл ішінде сервисті көтеріп, демалушылар үшін инфрақұрылымды өте жақсы деңгейге жеткізе алдық. Туристерді ыңғайлы жеткізуді ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту аяқталып, «Талдықорған-Үшарал» (313,5 км), «Үшарал-Достық» (184 км) автомобиль жолдарының асфальтбетон жабыны қамтамасыз етіліп, «Тальго» жүрдек пойызы іске қосылды», дейді жауапты мамандар.
Алакөлден бөлек, Балқаш көлі де туристер үшін тартымды орындардың бірі саналады. Оны дамыту бағытында ұзындығы 16,3 шақырым туристік-рекреациялық аймақ құрылады. 40 млрд теңгеден аса инвестиция тарта отырып, бөлме қоры 45 мыңға жуықтайтын орналастыру орындарын салу жоспарланып жатыр.
Жағалауға дейінгі жолдың құрылысы келесі екі жыл ішінде аяқталады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жоңғар Алатауының етегіндегі Текелі қаласында туристік инфрақұрылым нысандарын салу көзделіп отыр. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін тартылатын инвестициялар көлемі 79,1 млрд теңгеге, ал туристер легі 2,4 млн адамға жетеді деп күтілуде, бұл бюджеттің кіріс бөлігіне қомақты үлес қосады.
Жетісу облысы