Боксшы бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтты.
«Тұсаукесер кездесуімде ирандық Фархад Аташгаханы жеңген соң, келесі кезеңде Шахрам Гиясовпен күш сынастым. Ол кезде өзбек боксшысының дәуірі жүріп тұрған. Мен оны 5:0 есебімен ұттым. Сақа спортшыны сан соқтырғаныма ерекше қуанып, өз-өзіме деген сенімім күрт артты. Менің басты қателігім – осы болды. Өйткені рингте босаңсуға болмайды. Осы қарапайым ғана қағиданы қаперімнен шығарып алып, соның салдарынан оңбай опық жедім. Үшінші айналымда германиялық Магомед Шахидовты нокаутпен жеңгенімнен кейін, ширек финалда Украинаның жас дарыны Юрий Захариевке бір ғана ұпай айырмашылығымен жеңілдім. Дәл осы жігіт Белградта әлем чемпионы атанды.
Сербиядағы сәтсіздіктен үлкен сабақ алдым. Алдына биік мақсат қойған боксшыға ондай қателікке бой алдыруға болмайтынын анық ұғындым. Содан кейін психологиялық тұрғыда өз-өзіммен жұмыс істедім. Бапкеріміз екеуміз барлық кемшіліктерді түзеттік. Бұл еңбек еш кеткен жоқ. 2022 жылы Аммандағы Азия чемпионатында алтын тұғырға көтерілдім. Міне, енді әлем чемпионы атанып отырмын», деді боксшы.