Мәдениет • 13 Маусым, 2023

Әлемдік би айдынында – «Наз» театры

314 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ел тарихында ұлт театрының өмірге келгеніне бір ғасырдан асып барады. Қазір елуден астам кәсіби өнер ошағы көбіне – драма, опера, музыка, қуыршақ бағытында. Ал халықтық хореографияға негізделген би театры әзірге жалғыз. Ол – Астанадағы «Наз» мемлекеттік би театры. Театрдың негізін қалаған тұлғалар – кәсіби хореографтар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтар.

Әлемдік би айдынында – «Наз» театры

Бұлардың өнердегі мектебі – Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Алтынай» фольклорлық би ансамблі. 1999 жылы ерлі-за­йып­ты хореографтар Астана қала­сындағы мемлекеттік филармония негізінде «Наз» ұлттық би ансамблін құрды. Оның бастапқы құрамында небәрі 4 кәсіби биші болды. 2007 жылдың 1 наурызында қала әкімінің шешімімен «Наз» мемлекеттік би театры өз алдына жеке шаңырақ көтерді. Бұл – елорда өнері тарихында айтулы күн. Театрдың басты мақ­саты – қазақтың ұлттық биін әлем­ге танымал ету. Осы өнер ұжымының концертін тамашалаған көрермен Ұлы дала шежіресіне, Мағжан ақын айтқандай, ұлттың толғамалы тарихына терең бойлайды.

Бүгінде би театры әлемдік мәде­ниеттің бай дәстүрін бел­сен­ді игеріп, ең жанды өнерін тәжі­рибемен байытып жүр. Би театры адамның көңіл-қошын әмбебап көркем түрде көрсетіп, қорша­ған ортаны игеруге және жаңа жағдайға бейімделуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар би театры осы өнердің барлық байлығын мұрағаттап, ұлттық мәдениетті меңгерушілерге қолжетімді етеді. Бұл оның әлемдік мәдениетке енетін сапасын айқындайды.

Біз осы ізденісті «Наз» мем­лекеттік би театрының шығар­машылығынан анық көреміз. Ол аз уақыт ішінде бірегей репертуарын қалыптастырды. 100-ден аса ұлттық би мен 10-нан аса хореографиялық спектакль­ді нақышына келтіріп орындап жүрген ансамбльдің «Бал­бы­рауын», «Махамбет», «Көш ке­р­уен», «Шашу», «Желдірме», «Сар­баздар», «Жайлауда», «Сам­ғау», «Назбике», т.б. би қо­йы­­лым­да­ры халықтың көңілінен шы­ғып, ыстық ықыласына бөленді.

Би спектакльдерінің мәні де, сипаты да ерекше. Соның бірі – ата-бабаларымыздың ерлігін баян­дайтын «Тұйғындар» тарихи би спектаклі. Ол көрерменге алғаш 2005 жылы ұсынылды. Спектакль түркі дүниесінің құндылығы – «Күлтегін» ескерткішінен бас­тап бүгінгі күнге дейінгі азаттық үшін күрес пен ел даналығы мен қаһармандығын бейнелейді. Қо­йы­лым атауының рәміздік мәні, мазмұндық тегеуріні көрерменді бейжай қалдырмайды. Түркінің алдыңғы шептегі сардарлары мен сарбаздары ғасырлар тереңінен бірлік пен қайсарлықты өсиет етеді.

Қойылым композиторы Бай­далы Рыспанбетовтің тал­ғам­­паздықпен таңдап алған шы­ғармалары спектакльдің өн бойы­на серпін, тылсым рух береді. Спек­такльдегі ұлт мәдениеті, этно­графиясы нақты көрініп, ұлт­тық киімдер де шығарма идеясы­мен сәйкестенген. Жауынгер, абыз, бақсы, келін, орта жастағы әйел­дер киімдерінің бояуы қанық. Ха­лық әндері мен күйлері, Махам­бет, Құрманғазы, Е. Брусиловский ­туындылары, қазіргі заман композиторлары Ә.Қазақбаев, А.Жа­йымов, Б.Рыспанбетов, М.Бер­діғұлов шығармалары қойы­лым­ның музыкалық байлығы мен кең құлашын көрсетті.

Тұйғын – аңда қасқыр секілді үйре­туге келмейтін батыл және қай­сар құс, болмысы асқақ, тұл­ғасы биік. Сондықтан Ұлы дала жа­уынгерлері жауға берілмеген, еш­қашан кері шегінбеген.

Бейнеге енген бишілер 50 минут ішінде түркі дүниесі мен ұлт тарихының алаулы да өр дәуірін халықтық хореография тілімен сомдайды. Таңдалған әсем әуен, жоғары кәсіби орындаушылық, сәтті костюмдер мен бояуға толы декорациялар, бірегей композиция, ашық түс көрермен санасында ұмытылмайтын әсер қалдырады.

Әрине, мұның бәрі – қою­шы-режиссерлер Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтардың маң­дай тері. Шығарма идеясы­ның және либреттосының авторы Еркебұлан Ағымбаев БАҚ өкілдерінің тосын сұрағына ойлы жауап бергені де есімізде. «Бізден «Неліктен түркілер солай киінеді немесе билейді деп шештіңіздер?» деп сұрап жатады. Шығармашылық топ ұстаны­мы: «Тұйғындар» шығармасы та­рихи шындықтың дәл көрінісі емес. Бұл – біздің көзқарасы­мыз, түркі халықтарының өткені туралы идеяның жаңғырығы. Пьеса – тарих оқулығы емес, шы­ғармашылық жұмыс. Костюмге кел­сек, қойылымда бишілер құр­бандық шалу рәсімін орындай­тын абызды көрсететін сәт бар. Олар Көк Тәңірінен жеңіске жетуге кө­мектесуін сұрайды. Сыншылар бұл жерде жыраулар тым бай киін­ген деседі. Этнограф емеспін, дау­ласу да міндетімізге кірмей­ді. Бірақ осы киімді әзірлеу жолын­да біз жеті айға жуық музейлер­де, кітапханаларда болдық, түр­­ко­лог-профессор Қаржау­бай Сарт­­қожаұлымен кеңестік. Сөй­­­тіп, жы­рау мен абыз ең құрметті ­тұ­л­­ға болған деген қорытындыға кел­­­дік. Егер құдіретті ханның өзі олар­­дың болжамдарына құрметпен қа­рап, қымбат сый-сияпат көрсетсе, олар неге жұпыны киінуі керек?..».

Қойылым кеңесшісі – белгілі түрколог, Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің профессоры Қаржау­бай Сартқожаұлы. Спектакль­дің қоюшы хореографтарының (Ерке­бұлан Ағымбаев, Қадиша Ағым­баева, Мейрамгүл Айт­ма­ғам­бетова) идея бірлігі сәтті шыққан.

«Наз»-дың көрерменге ұсын­ған тағы бір шығармасы – Испан халқының фламенко биінің нақы­шында қойылған Морис Равель­дің «Болеро» би спектаклі. Бұл ең алғаш 2009 жылы сахнаға шықты.

Туынды түпнұсқасы тұңғыш балет спектаклі ретінде 1928 жылы 20 қарашада Париждегі Гранд-Операда қойылды. Морис бала күнінен зауыт, фабрика өмірі мен қызметіне қызығып өседі. Есейе келе музыкаға ынтасы ауып, «Болеро» атты шығарма жа­зады. Балет қойылымы ретінде сах­наланған би спектаклінің желісі былай өрбиді: ХХ ғасыр басын­дағы Испаниядағы қарапайым зауыт жұмысшыларының қым-қуыт тірлігі. Зауыт түтініне дейін би спектаклінде көрініс табады. Жұмыстан шаршап-шалдығып келген испандықтар кешке тавернада бас қосады. Осы кезде ортаға испан қызы шығып билей жөнеледі. Көңілді сергітіп, денені шымырлататын музыка ырғағы­на зауыт жұмысшылары да қосыла­ды. Міне, оқиға желісі бойынша сол замандағы адами қатынас­тар, мейірімділік пен жауыздық, сыйластық пен алауыздық, махаббат пен өшпенділік сезімдері би тілімен «Болеро» спектаклінде көрініс табады.

«Наз» мемлекеттік би театрын­да «Болеро» 2010 жылы театрдың 10 жылдығына орай Конгресс-холда сахналанды. Спектакль­дің хронометражы – 15 минут. Сахнаға 30-дан аса әртіс шығады. Спектакльде басты нысанасы– жігіт пен қыз сүйіспеншілігі би тіліне түскенде дүние үйлесімдігі арта түседі. Қимыл, дыбыс, қоз­ғалыс, ырғақ, наз, сезім бір­тұтастанады. Спектакльдің өн бо­йын ашатын – Морис Равельдің музыкасы. Қызуқанды испан хал­­қының бейнесі музыканың үні­мен сезіліп, ырғаққа қосыла би­леген әртістердің қимыл ши­рақтығы спектакльге жан бітіреді. Қойылым соңында махаббат жолында арпалысқан екі ғашық қосылады. Бұның бәрі би тілімен, испан халқының ұлттық киімі­мен, Равельдің музыка сазымен үздік­сіз үндеседі.

Астана мен өңірлерді би шуа­­ғына бөлеп жүрген «Наз­дың» жақсы мен жаманның айыр­машылығын көрсететін туын­дысы – 2008 жылдан сах­на­ланған «Ақ пен қара» хореографиялық композициясы. Бұл жасөспірімдерге арналған.

Қазір заманға сай балалар дра­­матургиясы тапшы. Бұл – қо­йылым режиссерінің (Нұрфат Ва­хитов) алғашқы туындысы. Би өрім­дей жас балалардың кездей­соқ қателікке ұрынбауға, жаман жол­ға түспеуге, ата-ана көңілі­не қаяу түсірмеуге, қоғамдағы бар іс-ша­раны, айналасының іс-әреке­тін игілікке бұруға бағытталған. Сах­надағы бір баланың тағды­ры – әлем балаларының тағдыры секілді ұғынылады.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген, өскелең ұрпақ санасын сазды да назды өнер – би арқылы дұрыс жолға салу – «Ақ пен қара» тұжырымдамасы.

Еркебұлан мен Қадиша Ағым­баевтардың композитор, ди­ри­­жер, күйші Н.Тілендиевтің музыка­­лық шығармалары бойынша қой­ған би спектаклі – «Нұрғиса» (2010 жылы шықты).

Спектакльдің басты мұра­ты – біртуар өнер тұлғасы Нұр­ғиса Тілендиевтің өмірі мен шығар­машылығын би тілімен жеткізу. Спектакль Астана қаласының бірнеше мәдени ошағында үл­кен жетістікпен сахналанды. Мұ­ны «Наз» мемлекеттік би театры­ның Нұрғиса Тілендиевке орнат­қан ескерткіші деуге болады. Спектакль үйлескен бес бөлімнен тұрады: «Дүниеге келуі», «Балалық шақ», «Жастық шақ», «Шыңдалу», «Алып тұлға».

Жаңа буынды Нұрғиса Тілен­диев шығармашылығымен таныстыру, жастар арасында ха­лық музыкасын насихаттау, тың­дармандарды ұлттың рухын құр­меттеуге, би өнерін дәріптеуге үндеу – спектакльдің танымдық тұжырымдамасы. Қойылым театр репертуарының ішіндегі ең құнды, әрі ірісі деуге толық негіз бар.

 Шығыс ертегісі желісіндегі «Мың бір түннің бір түні» хорео­графиялық қойылымы – театр­дың бітімі бөлек туындысы. Оқиға араб дүниесінің ірі шаһарының бірін­де өтеді. Таң. Қаланың сәулетті ғимараты мен бай сән-салтанаты. Қала басы Тахир қарауындағы шаһардың шығыс базары. Сау­дагерлер­дің күнделікті саудаға дайындық әрекеті. Спектакль сю­жеті саудагерлер бұйымының арасынан шыққан асыл тасты жүзік жа­йында.

Бала кезімізден таныс «Мың бір түнді» еске түсірейік. Шах­резаданың аңызға бергісіз қы­зықты әңгімелері оқығандарды еліктіріп әкетуіндегі тәлім – оқиға мен ғибраттың үйлескенінде. Аңыз оқиғалар шығармашы­лық өкілдеріне шабыт береді. Мыса­лы, шығарма желісімен көптеген қисса-дастан туды. «Бағдадтың қулары», «Алладиннің сиқырлы шамы», «Синдбадтың жеті сапары» т.б. көркем фильмдерге арқау болды . «Мың бір түн» сахнаға көшіп, осы аттас балет қойылды. «Наз» мемлекеттік би театры шы­ғыс ертегісіндегі оқиғаларды би тілінде жаңартты.

Спектакльдің бас кейіпкері – етікші Маруф. Ол сиқырлы жүзік­ті қолға түсіреді. Маруф асыл тас­ты сүрткенде, Эфрит атты қолы­нан келмейтіні жоқ қызметші пайда болады. Соның көмегімен Маруф байлыққа белшесінен батады.

2013 жылы Маруф рөлінің бі­рінші орындаушысы – Тараз мемлекеттік педагогика уни­вер­ситеті «хореография» маман­ды­ғының түлегі Дмитрий Граж­данкин. Кейіпкер Эсмигүл есім­ді ханшайымға ғашық болып, небір шытырман жолдардан өте­ді. Соңында Шахрезаданың кө­ме­гімен ғашықтар қосылады. Спек­такльдегі басты әртістерге кел­сек, Маруфтың бейнесін – театр әртісі Асхат Мәден, Эсми­гүл ханшайымды – Әмина Са­мар­баева, ал Шахрезаданы Гүл­нар Сүттібаева сомдайды. Қою­шы режиссері – театрдың бас балетмейстері, көркемдік жетек­шісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Қадиша Ағымбаева. Би шығармасы өркениетті өнер ошақтарында табысты сахна­ланды.

Тарихи Шыңғысхан (Темүжін) тақырыбы өнердің бар саласында зерделенді. «Наз» театрының «Шыңғысхан» хореографиялық спектаклі аңыз-әңгімелерге сүйе­не отырып, ханның бала кезінен бастап, ер жетіп, ел билеген ке­зеңдерін қамтиды. Қолбасшы­лық талантының арқасында жарты әлемге билік жүргізген тұлға тағ­дыры хореография тілінде көркем бейнеленеді. Қойылым кәсіби мамандар орындайтын музыкамен, көркем декорациямен, сол дәуірдің ғажайып костюмдерімен көрерменді баурап алады.

Жастайынан қайғы-қасірет­тің, жетімдіктің зардабын шек­кен, есейгенде жары Бөртеден айырылып, абайсызда бауырын жазым қылуы болашақ ханның өміріне зор әсер етті. Сонымен қатар ха­лықтың ауыр халі, ауызбірліктен айы­рылуы болашақ билеушінің намысын жанып, қайраткерлігін арттырды.

Шыңғысхан билігі өз заманында көршілес бар халыққа әсе­рін тигізді. Империяның жаңа астанасы Қарақорымда Азия әле­міне бұйрықтар мен өкімдер шы­ғарылады. Әскер ісінде дала көш­пелілерінің ежелгі дәстүрлері қол­данылды. Ол әділдікті жақтап қара қылды қақ жарған қаған болуды армандады.

Кәсіби орындаудағы қойы­лым­да көрермен XIII ғасырдың атмосферасына арнайы жазыл­ған музыканың, көркем декорация­ның, сол дәуірдің таңғажайып костюмдерінің арқасында енеді. Туындының идея авторы, режис­сер-хореографы – театрдың көр­кемдік жетекшісі, бас балетмейстер Қадиша Ағымбаева, қоюшы хореографы – Төмөрхуяг Туксу (Моңғолия), сценографы – Мәдениет қайраткері Қанат Мақсұтов, композиторы – Ең­бек Ері Бямбасурэнгийн Шарав ­(Моң­ғолия).

Костюмдер, реквизиттер, декорациялар Моңғолиядан келген дизайнерлер, «Batbileg Lkhagvasuren» тарихи қойылым ма­мандары көмегімен бірлесіп әзір­ленді. Спектакльді қоюда моңғолиялық кәсіби хореограф-қоюшы Төмөрхуяг Туксудың ең­бегі зор. «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Сұлтан Сраи­лов та еларалық ұйымдас­тыру шараларын сәтімен жүргізді.

«Наз»-дың балаларға арнал­ған нанымды қойылымының бі­рі – «U-Sana» атты хореогра­фия­­лық туынды. Ол қазіргі кездегі ­ең өзек­ті мәселе – жас буынның ­гад­жет­ке тәуелділіктен денсаулығы­­нан айырылып жатқанын, ата-ана тәрбиесінен, қоғамның мейірі­мі­нен жырақтағанын би тілімен жеткізеді. Ұлттық құндылықтан қол үзіп, ғаламтордың жетегінде кеткен жастардың жай-күйі хорео­графия стилінде тамаша беріл­ген. Бұл – бір отбасының тағдыры арқылы әлемдік мәселені арқау еткен шығарма.

Спектакльдің қоюшы ре­жис­серлері – Арман Бай­ма­ғам­­баев,Ұлан Изенаев, Сағит Дүз­баев, либретто авторы – Са­ға­­ділдә Үсі­бәлі, композиторы – Байдалы Рыспанбетов, бас­ты рөлдерді сом­дағандар: Е.Құ­дай­бергенов, Г.Исмағұлова, М.Же­ңісов, Қ.Насен, А.Мәден, А.Дай­рабекова.

 Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры – халықаралық, республикалық фестивальдерде оза шауып, жүл­делі орындарға ие болып жүрген шығармашыл ұжым. Шара Жиенқұлова атындағы рес­публикалық ІІ би байқауының лауреаты атануы (2001), І ха­лық­аралық «Шабыт» жастар шы­ғармашылығы фестивалінде Гран-при иеленуі, 2002 жылы Қазақстан жастар одағы сыйлығын алуы (2002) – елдегі беделін көрсетсе, ІІ халықаралық хореографтар байқауының лауреаты (Ново­сібір, 2003), Қытай халықаралық ­хореографтар байқауында «Алтын мүсін» жүлдесінің (Пекин, 2004) иегері, Махмуд Эсамбаев атын­­дағы ХІХ халықаралық фестивалінің ­лауреаты (Грозный, 2017) атануы әлемдік абыройын айғақтайды. Мұның сыртында Еуропаның «Worldfestival Parad Brunssum», Нидерландының «Warffum», Түр­кияның «Алтын Қаракөз» бай­қауында Қазақстан биін танымал­дандыруы – мәдени елшілік миссиясы. Катардағы олимпиада ойы­н­ындағы (2012), Уфаның ха­лық­аралық шарасындағы (2012), өзіміздегі Қысқы Азия ойындары (2011) мен ЭКСПО көрмесі (2017) алаңындағы «Наз»-дың би өнері әлемдік биік өнер хроникалары мен альбомдарына енді.

Біз «Наз» мемлекеттік би театры­ның хореографиялық театр­лан­дырылған қойылымдарын зерттеп-зерделей келе, ұжымның сахна шеберлігінің елеулі сипаты – қызықты пластикалық формаларды (би және ойын мәдениеті), ерекше реквизиттерді (қамшы, белбеу, ұршық, домбыра, таяқ, асатаяқ, арқанжіп, кесте, пиала, білезік, торсық) пайдалануы дер едік. Бұл театрдың қазақ ұлттық фольклорын әлемге таныту миссиясын толықтыра түседі.

 Би – халық өнерінің ажырамас бөлігі. Салт пен дәстүр, ойын мен қимыл, күй мен көңіл, болмыс пен парасат, алғырлық пен ептілік бидің ішкі және сырт­қы қуаты арқылы адамды жақ­сылыққа ­бастайды. Ұлт биі өз да­муының ұзақ жолында этнос­тың жан дүниесіне ғана тән, ерек­ше үйлесімділік тілі­мен берілетін ­қо­ғамдық өмipгe үзбей ілесіп, руха­ни әлемді бей­неледі.

Халқымыз «саусақпен санар­лық» деп бекер айтпайды. Әлемдік би айдынында «ұлт мәдениетін танытамын!» деп ақ желкен көтерген бірден-бір өнер ордасы – «Наз» мемлекеттік би театрына ұзақ та нәтижелі жол тілейміз. Алар асуы биік болғай.

        

Хадия Караматуллаева,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мәдениет және өнер кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі