Қоғам • 13 Маусым, 2023

Вейпке тыйым салынуы мүмкін

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда елімізде вейп өнімдері жастардың ағзасын улап, қоғам назарын аударып отырғаны белгілі. Осыған байланысты Мәжілістің бір топ депутаты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған еді.

Вейпке тыйым салынуы мүмкін

Премьер-министр осы сұраққа жауап беріп, вейп мәселесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды баян­­дап берді. Депутаттар сауалына беріл­ген жауапта қазіргі таңда Үкімет вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту мәселесін қарастырып жат­қаны айтылған.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша 33 елде никотинді тұтынудың электрондық жүйелері мен вейптерді сатуға ты­йым салынған. Олардың қатарында Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина, Панама, Бразилия, Мексика, Канада, Таиланд, Үндістан, Гонконг, Синга­пур, Малайзия, Филиппин, Ливан, Қатар, Оман, Иордания бар. Сондай-ақ 79 елде бұл өнімдерді қоғамдық орындарда пайдалануға, оларды жарна­малауға, насихаттауға және демеу­шілікке тыйым салатын немесе қап­тамада денсаулыққа зиян екендігі туралы ескертулерді көрсетуді талап ететін кем дегенде бір ішінара іс-шара қабылданған», деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-министрдің айтуынша, вейп-өнімнің айналымына тыйым салу нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізуді көздейді. «Құқықтық актілер туралы» заңның 19-бабының 3-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларына қатысты Кәсіпкерлік кодекс белгілеген жағдайларда және тәртіппен реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.

«Осы жылғы 31 мамырда мүдделі мем­­лекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, азаматтық қоғам мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қаты­суы­­­мен Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведом­ст­воаралық комиссияның жанындағы Сараптама тобының отырысы өткізілді. Онда вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту бойынша түрлі ұсыныстар қаралды. Қазіргі уақытта вейп-өнімнің айналымына толық тыйым салуды көздейтін норма реттеушілік әсерге талдау рәсімінен өтіп жатыр. Үкімет осы норманы қолдайды», дейді Әлихан Смайылов.

Мәжіліс қарауына енген денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жоба­сында «вейп» және «электрондық сигарета» ұғымдарын бөлу, жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекі мен темекі бұйымдарын, оның ішінде тұты­нудың электрондық жүйелерін (вейп­терді) және оларға арналған сұйық­тық­тарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделген.