– Ақжол, сенің есімің Қырғызстаннан грек-рим күресі шеберлері арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылды. Өз мансабыңды осындай жарқын жеңістермен бастағаныңа риза шығарсың?
– Бүгінгі деңгейге жетуге мен жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда біраз тер төктім. 2015-2017 жылдар аралығында әлем және құрлық біріншіліктерінде бас жүлдені олжаладым. Басқа да турнирлерде топ жардым. Тек содан кейін барып қана ересектермен күш сынаса бастадым. Аллаға шүкір, бұл дүрмекте де өзімді мойындата алдым. Әрине, тарихта қалатындай іс тындыра алғаныма өте ризамын. Бірақ алда әлі талай биік белес бар. Соларды бағындырып, Қырғызстанның спорттық даңқын арттыру үшін бар күш-жігерімді саламын.
– Сенің алдыңдағы екі ағаң да балуандық өнерді серік еткен екен. Олардың қол жеткізген табыстары қандай?
– Үлкен ағам – Бексұлтан 97 кило салмақтағы Қырғызстанның белді балуандарының бірі. Оның кадеттер арасында әлем және Азия біріншіліктерінің жүлдегері деген атағы бар. Ортаншы ағам – Сыймық елішілік жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді.
– Әр спортшының зор табысқа жетуінің арғы жағында білікті бапкерлердің қажырлы еңбегі тұрғаны баршаға мәлім. Ал сенің осы саладағы ұстаздарың кімдер?
– Қырғызстанда Қанатбек Бегалиев есімді мықты балуанның барын жақсы білесіздер. Ол – Олимпиада мен әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы. Сегізінші сыныптан бастап мен дәл сол саңлақты баптаған білікті бапкер Мейрамбек Ахметовтің қол астында жаттығамын. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Мейрамбек аға менің спорттағы ғана емес, өмірдегі де ұстазым. Ал оның алдында Жениш Сатыбалдиевтен тәлім-тәрбие алдым. Сондай-ақ қазіргі ұлттық командамыздың бапкерлері Азат Еркінбаев пен Ұлықбек Қарашолақовтың де еңбегін ерекше атап өткім келеді.
– Өзге елдердің жанкүйерлері сені 2018 жылдан бері жіті тани бастады. Ересектер арасындағы дүбірлі додаға алғаш рет қатысып отырғаныңа қарамастан, Бішкекте өткен Азия чемпионатында бас жүлдені қанжығаңа байладың. Ол кезде 19 жасқа да толған жоқ едің.
– Күрес қырғыздардың да қанында бар. Бала кезімде «Шіркін, Азия чемпионаты Бішкекте өтіп, өз жерлестерімнің көз алдында барлық қарсыласымды сыпыра ұтып, алтын тұғырға көтерілсем» деп қиялдайтынмын. Араға жылдар салып, ол арманым орындалып, алтын тұғырға көтерілдім. Арада бес ай өткен соң Азия ойындарына қатыстым. Жакартадағы жарыста 77 кило салмақта күш сынасып, финалға дейін жеткеніммен, шешуші тұста Иранның даңқты балуаны Мохаммадали Гераиге есе жіберіп, күміс медаль иелендім.
– Дәл сол жылы Алматыға келіп, Болат Тұрлыхановтың мемориалында белдестің. Бірақ өз деңгейіңде өнер көрсете алмай, қалың топтың арасында қалып қойдың.
– 2018 жылы көп жарысқа қатысып, маусымның соңын Болат Тұрлыхановтың турнирімен қорытындылауды жөн көрдім. Шыны керек, Алматыға шаршап келдім. Соған қарамастан, өз-өзімді сынап көруге бекіндім. Бірақ ширек финалда Әлем кубогінің күміс жүлдегері, ресейлік Ираклий Каландиядан жеңіліп қалдым.
– 2019 жылы ауыр жарақат алып, шетелде операция жасатқан екенсің...
– Футбол ойнап жүріп, қапияда қатты жарақат алдым. Соның әлегімен жарты жылдай үлкен спорттан қол үзуге тура келді. Сол кезде маған алты ай алты жылдай болып көрінген еді. Күресті сағынғаным соншалық, толық айықпай қайта жаттығуға кірістім. Ол жерде жарақатымды асқындырып алып, тағы біраз уақыт ем-дом қабылдадым. Әйтеуір, спорт саласының басы-қасында жүрген азаматтар мен жора-жолдастарымның көмегінің арқасында Германияда операция жасаттым. Десек те, әр қиындықтың артында бір жеңілдіктің болатынын ішім сезді. Жарақатымнан толықтай айыққан соң Токио Олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілдім. Сол үшін де Аллаға алғысым шексіз. Сонымен қатар, қиналып жүргенімде мемлекеттің көрсеткен қолдауы мен жәрдеміне күні бүгінге дейін қатты ризамын. Ұйықтасам да, тұрсам да қырғыз халқының алдында қарыздар екенімді бір сәтке де естен шығарған емеспін. Сол үшін де елім мен жерімнің, ағайын-туыстарым мен жанкүйерлерімнің сенімін ақтау үшін ешбір дүрмекте аянып қалмаймын.
– 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында атой салып, күміс медальді мойныңда жарқыраттың. Шыныңды айтшы, дәл сол межеден көрінемін деп ойладың ба?
– Төртжылдықтың басты додасына өте жақсы даярлықпен келдім. Әр белдесуге құштарлана шығып, әр жеңістен кейін керемет әсерге бөлендім. Әр табыс менің сенімімді нығайтты. Оның үстіне, Лондон мен Рио-де-Жанейрода біздің балуандар күрестің үш түрінен де медаль алмаған еді. Сол кезде қырғыздар Олимпиада медаліне сусап тұрған. Сол олқылықтардың орнын толтыру керек болды. Тұсаукесер кездесуімде Тунистің тумасын тізе бүктірдім. Одан кейін әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, Әлем кубогінің иегері әзербайжандық Рафик Гуссейнов пен Еуропа ойындары мен чемпионатының жүлдегері армениялық Карапет Чалянды шаң қаптырдым. Бірақ финалда Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы және сол жарыстың үш дүркін жүлдегері, төрт дүркін Еуропа чемпионы, Мажарстанның мақтанышы Тамаш Леринцке жол беріп, күміс медальді қанағат тұттым.
– 2022 жылы екі бірдей байрақты бәсекеде топ жардың. Алғашында Ұланбатырдағы Азия біріншілігінде бас жүлдені олжаласаң, көп ұзамай Белградта қарсылас шақ келтірмедің.
– Бастапқы үш белдесуде Бразилия, Мексика және Түркия спортшыларына сан соқтырдым. Жартылай финалда Оңтүстік Кореяның оғланы, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы, Азия біріншілігінің бес дүркін жеңімпазы Ким Хен Уды жеңдім. Жалпы, екеуміз оған дейін екі мәрте кездесіп, екі ретінде де менің мерейім үстем болған. Бұл жолы да жеңіске жеттім. Ақтық сайыста мажарстандық Золтан Леваиды жықтым.
– Қырғызстанның грек-рим күресі шеберлері арасынан алғашқы болып әлем чемпионы атандың. Осындай деңгейге жеткен адам қандай сезімде болады?
– Жалпы, күрестің барлық түріне тоқталатын болсақ, менің алдымда 2019 жылы Астанада өткен лицензиялық әлем чемпионатында Айсұлу Тыныбекова дараланды. Ол кезде мен аяғыма операция жасатып жатқанмын. Тыныбекованың табысы мені қатты қанаттандырды, мықты мотивация берді. Жаттығу залында шелектеп тер төгіп, бозкілемде аянбай айқассам, бұл белесті бағындыра алатыныма сенімді болдым. Оған Айсұлу әпкеміздің жүріп өткен жолы дәлел. 2021 жылы Ослода ол сол нәтижесін қайталаса, Мейірім Жұманазарова да алтыннан алқа тақты. Көп ұзамай мен де чемпиондық тұғырға көтерілдім. Ең бірінші кезекте, осының барлығын Алла тағаланың сыйы ретінде қабылдаймын.
– Дүбірлі додаларда дараланғаннан кейін отандастарың үлде мен бүлдеге ораған шығар?
– Олимпиададан кейін ел президенті Садыр Жапаров қабылдап, ІІ дәрежелі «Манас» орденін кеудеме тақты. Пәтер де алдым, көлік те міндім. Үкімет және федерация тарапынан ақшалай сыйлық та берілді. Бір сөзбен айтсақ, әр жарыстан кейін мемлекет еңбегімізді лайықты бағалады. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаты аяқталған соң халықтың, ағайын-туыстардың арасында болып, бірнеше ай бойы тойладық. Бұл жағынан біз қазақтарға ұқсаймыз (күлді).
– «Акула» деген жанама есімді неліктен таңдадың?
– Кезінде Дағыстанда ұлты құмық Арслан Зубаиров деген мықты балуан болды. Соны жанкүйерлер «Акула» деп атайтын. Арсланның күрес мәнері маған қатты ұнайтын. Инстаграм парақшасын қарасам, «Акула» деп жазып қойыпты. Содан кейін мен де осы жанама есімді иеленуді жөн көрдім.
– Өзіңнің бір сұхбатыңда Өзбекстанның туы астында өнер көрсеткен қазақтың ұлы Елмұрат Тасмұратовты үлгі тұтатыныңды айтқан едің. Саған ол балуанның қандай қасиеттері ұнады?
– Әлі де Елмұрат ағамды ерекше құрметтеймін. Ол кісінің күрес мәнері айрықша. Әркез шабуыл өтінде жүріп, қарсыластарын үнемі қыспаққа алады. Олардың дамылдауына еш мүмкіндік бермейді. Өзі де соңғы секундтарға дейін аянбай арпалысады. Жасаған әдістері де өте керемет әрі әсерлі. Елекең маған сол қасиеттерімен ұнайтын. Әрине, тегін спортшы Олимпиадада қола алып, әлем чемпионатында үш рет жеңіс тұғырына көтерілмейді ғой. Сонымен қоса, Тасмұратов – Азия біріншілігінде бес рет бас жүлдені олжалаған бірегей балуан.
– Әңгімеңе рахмет, Ақжол! Көздеген мақсаттарыңа қол жеткізуіңе тілектеспін.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»