Суретті түсірген Николай Постников
– Алғашқы үш жылда Baiqonyr фестивалі еліміз шеңберін ғана қамтығаны есімізде. Бірақ кейін сіз кинофестивальді «халықаралық» деп атай бастадыңыз. Яғни Baiqonyr республикадан тыс жерлерде тез сұранысқа ие болды ма?
– Иә, үшінші кинофестиваль әлі де республикалық маңызға ие болған-ды, бірақ біз туралы естіген шет мемлекеттердің режиссерлерінен көптеген өтінім келіп түсе бастады. Олардың басым көпшілігінің ТМД елдерінен келгені рас, бірақ өтінім Оңтүстік және Солтүстік Америкадан да келіп түскенде, таңырқап қалдық. Біз мұны халықаралық деңгейге шығуға болатын белгі ретінде қабылдадық. Сол себепті 2019 жылы өткен IV фестивальден бастап біз толыққанды халықаралық кинофестивальге айналдық. «Қалайша жаңа сапаға көтеріп, қай қырынан дамытсақ болады?» деген сауал әр ұйымдастырушы үшін басты сұрақ болса керек, сондықтан жыл сайын өтетін кинофестивальдің деңгейін көтеруге бар күш-жігерімізді салып, өзге елдің озық тәжірибесі мен өткізу тәртібін назарға аламыз. Өйткені даму жоқ жерде өмір де болмайды. Айтпақшы, өзгерістер екінші фестивальден басталды. Егер алғашқы жылы ол екі күн шеңберінде өткізілсе, келесі жылы үш күнге ұзартылды.
– Ең алғашқы Baiqonyr кинофестиваліне пандемия құрбаны болған Оңтүстік Кореяның көрнекті режиссері Ким Ки Дук қатысқаны белгілі.
– Иә, Baiqonyr фестиваліне шақырған әлемдік киноның көрнекті шебері біздің алғашқы шетелдік қонағымыз болып еді. Біз Ким Ки Дуктың қазылар алқасының құрамында болғанын қалап едік, бірақ шығармашылық адамына тән еркіндік пен қарапайым мінезі бойынан есіп тұрған ол жай ғана көрермен қатарынан орын алып, қазақстандық жас киномен жақынырақ танысуға шешім қабылдады. Ким Ки Дук конкурстық бағдарламаны көріп, киножобалардың ішінен біреуін бөліп көрсетті. Шын өнерді шебер ғана қапысыз таниды – ол жобалаған фильм фестиваль соңында ең жақсы режиссура үшін жүлдеге ие болды. Бұл Дархан Төлегеновтің «Маршрут» картинасы еді. Алғашқы таныстықтан бастап-ақ Ким Ки Дук екеуміз тез тіл табысып, жақын достарға айналдық, үнемі хабарласып тұрдық. Бір қызығы, ол ағылшын тілінде сөйлемеді, мен корей тілін білмеймін. Сондықтан Google аудармашысын жиі қолдануға тура келді. Әрине, оның мезгілсіз қайтыс болуы бүкіл әлемдік кино үшін және жеке өз басыма орны толмас қайғы болды.
– Сіз өткен жылдардағы кинофестиваль жеңімпаздарының кейінгі тағдырын бақылап отырасыз ба? Әрине, бірінші фестивальден бері 7 жыл өтті – бұл соншама көп уақыт емес болар, бірақ Baiqonyr-да жеңіске жеткеннен кейін мансабы сәтті дами бастаған авторлар бар шығар?
– Олардың болашақ тағдырына тікелей әсеріміз болмаса да, шығармашылығы тоқырап қалмауы үшін жанама жәрдем көрсетіп, қолұшын созуға тырысамыз. Табысты мансаптың мысалдары бар. Әңгімеге арқау болған Дархан Төлегенов 2016 жылы алғашқы қарымын байқатқан «Маршрут» фильмімен-ақ ел киносында болашағы зор мықты режиссердің пайда болғанын дәлелдеді. Ал биыл ол өзінің «Ағайындылар» картинасымен «Үздік фильм-драма» номинациясы бойынша Қазақстан киносыншылар қауымдастығы ұлттық сыйлығының иегері атанғанда, жас таланттың жүлдеге лайықты қол жеткізгеніне қуана отырып, басқаша болуы мүмкін еместей таңырқамадық.
– Биылғы фестивальге қатысушылар мен қонақтарды қандай жаңалықтар мен тосынсыйлар күтіп тұр?
– Жоғарыда айтқанымдай, біз үнемі кинофестиваль бағдарламасын жетілдіруге тырысамыз, жаңа номинацияларды қосамыз немесе кейбіреуін алып тастаймыз. Өткен жылы елімізде ұлттық байқаудан бөлініп шыққан анимациялық фильмдер байқауы болды. Мұны Қазақстан кинематографиясында анимация жанрының белсенді дамып келе жатқанының белгісі деп түсінемін. Жас анимациялық режиссерлерді бұл жаңалық ынталандыра түседі. Биылғы өзгеріс – Baiqonyr аясында жеке анимациялық кинофестиваль өтеді. Ал келесі жылдан бастап анимациялық фестиваль толығымен бөлініп шығады. Baiqonyr фестивалінің байқауларынан анимация бөлініп шықты, ал оның орнын дебюттік толықметражды картиналар толықтырды. Қазірдің өзінде Армениядан, Грузиядан, Алтайдан фестивальге қатысуды қалаған өтініштер келіп түсе бастады. Алда әлі жаз бар, түрлі елден жақсы дебюттер келеді деп ойлаймын.
– Биыл екінші рет ТМД елдерінің кинотанушылары мен киносыншыларының форумы өткелі отыр. Baiqonyr киносыншыларға қаншалықты қызықты?
– Алғашқы күннен бастап Baiqonyr жас авторлардың кино көрмесі ретінде ұйымдастырылатыны түсінікті болды. Фестиваль толыққанды кино жәрмеңкесі алаңына айналуы үшін біз өз жобамызға кино саласының жұмысына белсене араласатын БАҚ өкілдерін де біріктіргіміз келді. Сондықтан фестивальді ТМД елдерінің кинотанушылары мен сыншыларының форумымен толықтыру идеясы пайда болды.
Кинотанушылар кез келген кинофестивальдің құрметті меймандары, кино мерекесінде олар бір-бірімен танысады, киноларды талқылайды, киногерді өсіретін өткір сын айтады. Біз осындай кездесулер мен талқылауларға қандай да бір ұйымдастырушылық форма беруді жөн көрдік және оның маңызын арттыра түсу үшін бұл іс-шараны форум деп атадық. Кино әлеміне енді ғана имене басып келген форум фестивальдің жас қанаты сияқты көңіл бөлуді, қолдауды қажет етеді. Бүгін бұл ТМД елдерінің кинотанушылар форумы болса, ауқымы кеңейе келе, ертең ол Еуразиялық кинотанушылар форумына айналуы мүмкін. Айтпақшы, толықметражды дебюттік көркем киноның пайда болуына кинотанушылар тарапынан болған сұраныстың әсері болды. Кез келген форматтағы мұндай іс-шара кинофестивальдің дамуына ықпал етеді.
– Қазіргі қазақстандық кинематографтың жағдайын қалай бағалайсыз? Жақында Қазақстан киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнара Әбікеева біздің республикамызда дарынды кинематографистердің жаңа буыны пайда болды және «біз көріп отырған қазақ киносының мұндай өрлеуі әлі болған жоқ» деген ой айтты.
– Киносыншының бұл ойы құптарлық, «қазақ киносының өрлеу кезеңі туды» деген пікіріне толығымен келісемін, бұл тұрғыда түйген өз мысалым да жеткілікті. Пандемияға дейінгі соңғы жылы біз Baiqonyr кинофестиваліне 170 өтінім қабылдадық. Енді қанат жайып келе жатқан фестивалімізге әлемдік оқшауланудың салқыны тимей кеткен жоқ, дегенмен қиындыққа қарамастан, өткен жылы 90 өтініш қабылданды. Бұл жаман көрсеткіш емес. Егер бір жылдың ішінде біз 500 жас авторды іріктеу елегінен өткізсек (және бұл біздің кинофестивальге қатысқысы келетіндер ғана), онда жалпы әлеуетті елестетуге болатын шығар.
Меніңше, еліміздің кино саласында заман үрдісін сезінген сапалы киногерлер буыны өсіп келеді, бастысы, мемлекеттің бұған назар аударғаны абзал. Бұл қымбат ресурсты жоғалтпауды назарда ұстаған жөн, жас таланттардың қабілетін толық ашып, осы кадрлардың елде тұрақтап қалуын көздейтін ауқымды бағдарламалар жасау керек.
– Осындай тұрақсыздық белең алған кезеңде бір нәрсені жоспарлау да қиын екені анық, бірақ сіз алдағы фестиваль туралы ғана емес, оның болашағы туралы да ойланасыз ғой.
– Алдағы жылы фестивальді өткізетін уақытты қайта қарастыруға тура келіп тұр. Себебі Baiqonyr фестивалі Венеция және Торонто кинофестивальдерімен қатар қиылысады. Академиялық кино әлемінің көптеген өкілі қазақстандық бәйгеге келгісі келетін ниетін байқатады, бірақ уақытының қолайсыздығына байланысты бас тартуға мәжбүр. Осы жағдайға орай фестивальді тамыз айының соңына қарай жылжытуды жоспарлап отырмыз. Дүние дидарын шарпыған шартараптағы жағдайды ескере отырып, Baiqonyr кинофестивалін болашақта Азия мен Еуропаның жас киносын біріктіретін алаң болады деп топшылаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ