Қоғам • 15 Маусым, 2023

Әлеуметтік әділдік – елдіктің ұстыны

380 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Әділет – мемлекеттік саясаттың өзегі. Сондықтан қоғамның барлық саласы осы қастерлі қағидаға табан тірегені жөн. Сонда ғана елде даму, халықта сенім болатыны сөзсіз. Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев аталған ұстанымдарды ұлттық бағдарға айналдыру ісіне айрықша мән беріп отыр. Бұл неліктен маңызды және осы ұстанымдарды бекем орнықтыру үшін қандай бағыттарға назар аударған абзал? Осы сұрақтар бізді де толғантып жүргені жасырын емес.

Әлеуметтік әділдік – елдіктің ұстыны

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Біздің түсінігімізде әділеттілік дегеніміз – заңның үстемдігі, әділ бәсеке және жалпыға тең мүм­кіндік. Бұл – саламатты қоғамның сұранысы. Мемлекет басшысы осы сұраныстарға жауап беру бағытында жүйелі саясат ұстанып отырғанын атап өткен жөн.

Мұның бәрі «әділетті Мем­лекет – әділетті экономика – әділетті қоғам» үштағанынан көрініс тауып отыр. Осылайша, Президент әділеттілік қағидасын қоғамның барлық саласына берік кіріктіруді көздеп отыр. Бұл – аса ауқымды, қоғамдық қолдау мен күш-жігер жұмылдыруды қажет ететін міндет. Аз уақыт ішінде еңсеріле қалатын жұмыс, орнай қалатын жұмақ емес. Дегенмен Президенттің бұл бағдарына деген қоғамдық келісім жоғары деңгейде екенін ескеру маңызды. Бұл – басталған жақсы бастаманың тұрақты, кешенді жүруіне негізгі себеп пен көмек.

Заң үстемдігі – мемлекетті­ліктің ең маңызды шарты. Аз ғана топтан тайпаға, одан еңселі елге айналуда заңға жаппай мойынсыну шешуші мәнге ие болғаны тарихтан мәлім. Оны қолдану­дағы ала-құлалық мемлекеттің негізін шайқалтып, елге деген сенімді, оның болашағына деген үмітті өшіретіні сөзсіз. Сондықтан Президентіміз саяси реформалар арқылы мемлекет пен мемлекеттік институттарға деген сенімді қайтару жолында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.

Экономиканы дамыту үшін әділ бәсекенің қаншалықты ма­ңызды екені түсінікті. Мем­лекет басшысының олигополиямен күрес, аздаған топқа артықшылық беруден бас тарту, экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту, салық және тексеріс мораторийі саясаты экономикамызды қиын кезде демеп тұр.

Әлеуметтік саясат жалпыға тең мүмкіндік беру, мұқтаж жан­дарды жан-жақты қолдау бағ­дарын берік ұстанып отыр. Көптеген жыл бойы біз Ата заңымызда жазыл­ған «әлеу­меттік мемлекет» міндет­те­ме­сін толыққанды орындай ал­май келдік. Кейінгі жылдары бұл ба­ғыт­қа айрықша назар аударылып отыр.

Нәтижесінде, саясат жалпыдан жалқыға көшті. Яғни әлеуметтік көмек әрбір адамның жеке өзіне және ошағына дейін жетті. Осының арқасында көпте­ген отбасының тұрмысы жақсара түскені мәлім.

Қуантатыны, қазіргі таңда жалпыдан жалқыға саясаты проактивті іс-қимылдар форматына көшіп жатыр. Бұған дейін әлеуметтің сұранысына ілесе алмай жүретін шешімдер ендігі жерде алдын ала қабылданатын деңгейге жетті.

Оған Отбасының цифрлық картасы мүмкіндік береді. Яғни мемлекет ақпараттық жүйе ар­қылы азаматқа тиісті орган­дар­ға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады. Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн отбасы және оның 19 млн мүшесі туралы деректер қамтылып, «отбасы портреті» қалыптастырылды.

Кейінгі жылдары мүгедек­тігі бар азаматтарға қатысты қол­дау­лардың еселеп артқа­нын байқамау мүмкін емес. Бұл бағыттағы заң­нама­лық өзгерістер табанды жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, ол топ­тардың да әлеуметтену, мем­лекеттік көмек алу мүмкіндігі молайып отыр. Осылайша, «әділетті Мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам» қағи­дасының орындалу қарқыны көз қуантады деп айта аламыз. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар мемлекет пен халықтың әлеуетін көтерудің төте жолы деп қабыл­даймыз. Осы ретте біз аталған бағыттардағы саясат бағдарына қатысты аз-кем ой қосуды мақ­сат етіп отырмыз.

Барлық саясаттың негізгі объек­тісі де, драйвері де – адам. Сондықтан кез келген ше­шім белгілі бір цифрларға қол жет­кізуді көздеуден бұрын адамның қажеттілігі мен мүддесін ескеруден туындағаны жөн. Үнемі санның артында қалып қоя беретін жеке тағдыр маңызды. Әрбір сая­сат адамның өзін дамытуға жол ашқаны абзал. Біз жиі айтатын адам капиталы осылай нығайса керек.

Адам капиталы – үдемелі дамудың бірден-бір тетігі, еселеп пайда беретін фактор, оған салынған инвестицияның қай­тарымы өндірістегі қайтарымнан 3 есе көп. Даму жағынан алға кет­кен елдер өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап ішкі ресурстардың 70% адам капиталын дамытуға жұмсай бастағанын білеміз. Біріккен Ұлттар Ұйы­мының мәліметі бойынша АҚШ, Финляндия, Германия, Жапония және Швейцария елдерінде ұлттық байлықтың 80% адам капиталы есебінен жасалады. Салыстырсақ, Ресейде оның үлесі 14% ғана, қалған 72% табиғат ресурстарын пайдалану, 14% физикалық өндіріс есебінен жасалады екен.

БҰҰ-ның 2021-2022 жылдар­дағы адам дамуы туралы соңғы есебіне сәйкес Қазақстан адам дамуы индексінде 191 елдің ішінде 56-орынға ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстанның ұлттық байлығы құрылымында адами капитал ең көп үлесті алады, яғни 42%. Бірақ бұл көрсеткіш әлі де әлемдік орташа мәннен 20%-ға төмен. Сондықтан халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында тың тәсілдер іздеу өзекті болып отыр. Осы ретте Президентіміз бастамашы болған жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту, бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру, сондай-ақ ұлттық табысты әділ бөлу саясатын жалғастырудың маңызы аса зор.

Әлеуметтік саясат адами капи­талды дамытудан бөлек еліміз­дің демографиялық ахуалын үнемі назарда ұстауға және оны жақсартуға мән бергені маңызды. Бұл ретте әлеуметтік саясаттың негізгі қозғаушы күші жастар екені белгілі. Алдағы онжылдықтарда әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуды іске асыру барысы жастардың әлеуметтену факторларына тікелей байланысты.

Мемлекет басшысы жыл сайын­ғы Жолдауында жас­тарға ерекше көңіл бөледі. 2022 жылғы 26 желтоқсанда жастардың жасын 35 жасқа дейін ұлғайтуды көздейтін заңға қол қойды. Жастардың жасын ұлғайтуға байланысты оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі де бір жарым есеге артты. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2023 жылдың басына 14-34 жас аралығындағы жастар саны 5 726,0 мың адамды құрады. Оның ішінде 62,2% немесе 3,6 млн адам қалалық, 37,8% немесе 2,2 млн адам ауылдық жерлерде тұрады. Жас топтары бойынша жастардың ең көп үлесі (26,8%) 14-18 және 30-34 жас топтарына тиесілі.

Келесі онжылдықта 2008 жылдан бастап туған ұрпақтың жастар санатына енуі есебінен жас буынның саны тұрақты өсетін болады. Мұндай жағ­дай әлеуметтік-эко­номикалық қатерлерге, жұмыс­пен қамту мәселелерінің ушы­ғуына алып келеді. Демогра­фиялық өзгеріс әсерінен әлеумет­тік саясатты қайта зерделеу, демо­графиялық саясаттың жаңа модель­дері керек. Бұндай өзгеріст­ерді қазір дамыған ел деп аталатын барлық мемлекет және қарқынды дамып жатқан ұлттар да бастан өткіз­ген. Мысалы, қарқынды дамып бастаған Шығыс және Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде (Қытай, Тайвань, Вьетнам, Сингапур) алғашқы кезеңдерде жастар үлесі басым болған.

Жыл сайын 300 мыңға жуық жас буын еңбек нарығына шығатыны белгілі. Бұл көрсеткіш алдағы бес-он жылдықта екі есеге өсетін болады. Егер мемлекет оларды жұмыспен қамтамасыз ете алмаған жағдайда бұл мәселе жастарды басқа елдерге еңбек көші-қонына қатысуға мәжбүр етеді. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайдың қиындауына алып келуі мүмкін.Сондықтан қазірден бастап жастарды жұ­мыспен қам­тудың жаңа тәсілдері мен тетік­терін енгізуге ерекше назар аударған жөн деп есептейміз. Еңбек­ке қабілетті жастар үлесінің бол­жалды өсуі басқару жүйе­сін­де елеулі әлеуметтік, эконо­мика­­лық және саяси өзгерістерге әкеп со­ғатыны сөзсіз. Сол себеп­ті құра­мы ұлғая түсетін әлеу­мет­тік топ­тың сұранысын қанағат­тандыру шешуші мәнге ие болмақ.

Жоғарыда аталғандай, демо­графиялық дүмпулер ішкі көші-қон мәселесін де өзектендіре түсетіні анық. Осы орайда еліміздегі ішкі көші-қонды реттеу және азаматтарды ынталандыру ісіне көп нәрсе байланысты.

Мемлекет басшысы өз Жол­дауында өңірлер экономи­калық және өндірістік мамандану, өмір сүру деңгейі, мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша ерекшеленетінін ескеріп, елдің аумақтық дамуы тәсілдерін қайта құру қажеттігін және өңірлік дамуға жаңа көзқарас урбанизация үдерісін басқаруға, «көші-қон толқындарының» кезеңділігін қамтамасыз етуге, ірі қалаларда халық саны мен әлеуметтік шие­леністі болдырмауға мүм­кіндік беретіндігін атап өтті.

Кейінгі жылдары ішкі көші-қон мен халықтың тұрақты өсу үрдісі байқалады. Ұлттық статис­тика бюросының мәліметі бо­йынша Қазақстанда жыл са­йын миллионға жуық адам ішкі көші-қонға қатысады, оның 55%-ы өңірішілік, 45%-ы өңіраралық көші-қон. 2022 жылғы деректер ірі қалалардың, бірінші кезекте Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әлі де негізгі көші-қон ағындарын тартатынын көрсетеді. Тиісінше, ірі қалалардың инфрақұрылымы халықтың реттелмейтін ішкі көші-қон ағынына төтеп бере алмай жатыр. Ал қалған Алматы облысынан басқа өңірлерде көші-қонның теріс сальдосы сақталып отыр. Ең айқын көрініс Түркістан облысында байқалады, онда 2022 жылы көші-қон сальдосы – 16 206 адамды құрады және халқы көбінесе Алматы, Астана қалаларына және Алматы, Маңғыстау облыстарына кетіп жатыр. Бірақ мұндай көшу үрдісіне қарамастан, бір Түркістан облысының халық саны солтүстіктегі төрт облыстың халқының санына жақындап, 2023 жылдың 1 сәуіріне 2 127,4 мың адамды құрады.

БҰҰ болжамы бойынша Қазақстандағы халық саны 2050 жылға қарай шамамен 23 млн-ға жетпек. Егер демографиялық және көші-қон дамуының қазіргі үрдістері сақталатын болса, 2050 жылға қарай елдің оңтүстік облыстарында халық саны 5,2 миллионға артып, ал солтүстік облыстарда осы кезеңге қарай шамамен 1 миллион тұрғынға қысқаруы мүмкін. Осылай­ша, солтүстік аймақтардағы халықтың тығыздығы оңтүстікке қарағанда 4 есе төмен болатын жағдай туын­дайды. Елдің даму болашағы тұрғысынан ішкі көші-қонның қазіргі үрдісі қолайсыз. Халықтың басқа аймақтардан бақылаусыз кету үрдісі аясында ірі қалалар мен жекелеген облыстардың халық санының өсуі демографиялық теңгерімсіздікті күшейтіп отыр.

Бұл мәселе, біріншіден, елдің басқа аймақтарымен салыс­­тырғанда туу көрсеткі­шінің және халықтың ең жоғары тығыз­дығымен, жер ресурстары­ның тапшылығымен, жұмыс күшінің жыл сайын артуымен ерекшеленетін елдің оңтүстік аймақтарын қамтиды.

Екіншіден, елдің солтүстік аймақтарындағы халық тығыз­дығының өте төмендігі, еңбекке қабілетті жастағы халық­тың көп кетуі, туу мен экономикалық белсенділіктің төмендеуіне тән. Бұл ретте индустриялық-инно­вациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы Қазақстанның негізгі өнеркәсіп салалары солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарда орналасқанын ескерген жөн.

Қазіргі уақытта көші-қон ағындарында жасанды тарту орталықтары қалыптасып жатыр. 2014 жылдан бастап жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс­тандыру бағдарламалары қол­даныла бастады. Атап айтатын болсақ, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Сер­пін-2050», 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ла­масы, 2022-2026 жылдарға арнал­ған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Бағдарламалардың мақсаты – өңірлердегі демография­лық жағдайды жақсарту, еңбек нары­ғындағы өңірлік диспропорция проблемасын шешу. Осыған қарамастан, аталған құжаттарды бүгінгі және болашақтағы үрдіс­терді ескере отырып, жетіл­дірудің маңызы зор. Себебі атал­ған жағдай, түптеп келгенде әлеуметтік саясатты өңірлер бо­йынша біркелкі жүргізуге едәуір кедергісін тигізіп, мемлекеттік аппарат үшін айтарлықтай сынаққа айналуы мүмкін.

Демографиялық мәселе, тұрақты демографиялық үдеріс­тер, әсіресе Қазақстанның Еура­зия орталығында орналасуын ескере отырып, ел қауіпсіздігінің басты құрамдас бөлігі болып қала бермек. Бұл шынайылық ешкімнің таласын тудырмаса керек. Сондықтан Қазақстан үшін сыртқы және ішкі көші-қон әрқашан демографиялық дамудың негізгі мәселелерінің бірі болды. Президент Жарлығымен 1997 жылы көші-қон және демографиялық үдерістерді реттеу мақсатында Көші-қон және демография агенттігі құрылды, кейін агенттіктің өкілеттіктері он бір рет басқа мемлекеттік құры­лымдарға берілді. Демо­графиялық ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстанда көп­те­ген мемлекеттік бағдарлама­ жүзеге асырылғаны белгілі.Деген­мен демографиялық саясат сала­сындағы нормативтік-құқық­тық базаны қалыптастыру әрекет­теріне қарамастан, Қазақ­станда демография үдерістерін түсіну жағдайы кемшін соғып тұрған­дай. Әсіресе бұл үдерістерді зерт­теу мәселелері өзекті болып отыр­ған секілді. Осыған байланысты демографиялық және көші-қон үдерістерін тиімді басқару үшін мамандандырылған орталық, демографиялық зерттеулер инс­титутын құру маңызды деп санаймыз. Елдегі қабылданатын шешімдер, жүзеге асырылатын бағдарламалар, ең бірінші кезекте демографиялық үрдістердің нәтижелеріне негізделуі керек. Онсыз әлеуметтік саясаттың тиім­­­­ділігін қамтамасыз ету және аталған саясатты Президент белгі­леген әділеттілік қағидасы аясында жүргізу қиынға соқпақ.

Демографиялық үдерістерді бақылау және соның негізінде адами капиталдың дамуына жол ашатындай саясат жасақтау – бүгінде үлкен міндет. Маңыздысы, атал­ған саясаттың негізгі тағаны әді­лет­ті­лік қағидасы болуға тиіс. Мем­­лекет басшысының барлық сала мен деңгейдегі басты талабы осы.

Қарап отырсақ, әділеттілік, сенім деген қарапайым ғана ұғым­дар. Бірақ бұл ұғымдар мем­лекеттің дамуында шешуші мән­ге ие. Жалпыға бірдей әділдік ықылым заманда-ақ Әл-Фараби бабамыз аңсаған «қайырымды қоғам» мен орта қалыптастырады. Соның негізінде сенім туындайды. Әділеттілік пен сенім аза­мат­тардың өз Отанында лайық­ты өмір сүруіне және оны бірле­сіп дамытуға деген мотивация­сын күшейтеді. Барлығына тең мүм­кіндік пен әлеуметтік лифт жасалғанда ғана өзге елден пана іздейтін жандардың қата­ры сирейді. Сондықтан Прези­дент жария еткен және оған қол жет­кізу бағытында сіз бен біз­ден табанды әрекеттерді талап етіп отырған әлеуметтік әділдік даң­ғаза ұран, даурықпа сөз емес, Қазақ мемлекеттілігінің берекелі бүгі­ні­­нің, баянды болашағының не­гізі екенін терең ұғынғанымыз жөн.

 

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар  докторы