Тарих – тамырымыз. Бәйтерек тамыры тереңдеген сайын, жапырақтары жайқалып, көк тіреп өсетіндей, өскелең ұрпақты тарих тағылымымен сусындатып, бойына сіңіріп тәрбиелеу ғаламдану заманындағы қажеттілік. Өткенімізден сыр шертетін, таным көкжиегімізді кеңейтетін бірден-бір сала – археология. Біз өзіміздің ата-бабаларымыз бен сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Бірақ тарихпен мақтану бөлек, оны дәріптеу мүлде бөлек. Осы тұрғыда Президент Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырды.
Талай тарихи кезеңнің куәгері болған Түркістан мекені тереңнен сыр шертеді. Сол кезеңде өмір сүрген ұлы тұлғалардың бірі ретінде Қожа Ахмет Ясауиді ерекше атап өте аламыз. Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толады. Осы орайда Президент «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құруды ұсынып, «Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсынысты қолдаймын», деді.
Төл тарихымызда елеулі еңбек еткен және айшықты орны бар тұлғалардың есімін ономастика саласы арқылы қайта жаңғыртатын сәт келді. Бұрмаланған тарихымыз шынайы жарыққа шығуға тиіс. Мемлекет басшысы бұл мәселеге де тоқталды.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бастаған делегация жақында ғана баһадүр Сұлтан Байбарыс бабамыз билік еткен Мысыр шаһарына барған болатын. Онда Сұлтан Байбарыс бабамыздың 800 жылдығына арналған іс-шаралар өткізіліп, «Сұлтан Аз-Заһир Байбарыс» мешіті күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта ашылғаны белгілі. Бұл Қазақстан – Мысыр арасындағы ғана емес, барша мұсылман әлемі үшін де бірегей мұра екені анық. Ұлттық құрылтай барысында да Мемлекет басшысы Байбарыс Сұлтан атындағы орден енгізуді ұсынды.
Қазір еліміздің ірі қалаларында ауыз су тапшылығы мәселесі пайда болды. Бұл проблема жуық арада өз шешімін табуға тиіс. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегацияның Израиль мемлекетіне ресми сапары кезінде осы су мәселесін шешудегі израильдік тәжірибеге көз жеткіздік. Онда суды бақылау және цифрлық есепке алу, су шаруашылығын дамыту мен ауыз сумен қамтамасыз ететін мемлекеттік «Mekorot» компаниясының жұмыс барысымен танысқан едік. Президент те осы Құрылтай барысында су мәселесінің еліміздегі ірі қалаларда туындап отырғанына баса назар аударды.
Мемлекетіміздің тұтастығы мен шекаралық аймақтарымыздың тыныштығын сақтау маңызды. Кейінгі жылдары шекаралық аймақтарда тұратын халық саны жыл сайын азайып барады. Бұл – ойланарлық іс. Президент шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына, еліміздің амандығына тікелей ықпал ететіне тоқталып, мұның стратегиялық маңызы бар мәселе екенін атап өтті.
Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары – табиғаты тұнып тұрған, әлеуеті мықты елді мекендер. Жергілікті халық әкімшілік аумақтық қиындықтар кесірінен, туған топырағын тастап, көшуге мәжбүр болған. Енді осы олқылықтың орнын толтырып, аталған аудандарға жол салып, әлеуметтік мәдени ошақтар, жаңа өндірістер салып, жұмыс орындарын ашу қажет.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты