Технология • 21 Маусым, 2023

Технология және инвестиция

281 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ғалымдары «Asfen.forum: жаңа буын – 2023» технологияларды коммерцияландыру реакторы алаңында ғылыми жаңалықтарын бизнес өкілдеріне таныстырды.
Жиырмадан астам жоба ішінен ірік­телген 12 әзірлеме инвестициялық тартым­дылығымен қатар, әлеуметтік сипаты жа­ғынан да ерекше­ленді.

Технология және инвестиция

Бұл жобалар Ғылым қорының гранттық қаржыландыру жобасына қатысады әрі инвесторлардың қол­дауымен үлкен нарыққа шығады деген үміт басым. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық уни­вер­ситетінің ғылым жөніндегі проректоры Қай­рат Дәу­летовтің айтуынша, ғалымдар әзірле­мелерінің денсаулық сақтау саласы үшін тиімділігі жоғары болмақ. Осы орайда ғалым­дарды материалдық ынталандыру шаралары аясында ғылыми зерттеулерге тиісті қаражат бөлініп жатыр. Ал ғылыми қыз­мет нәтижелерін коммерцияландыру үшін алдағы уақытта технопарк құру көз­деліп отыр.

«Ғылым қоры» АҚ Инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Құрманғазы Омаров атап өткендей, елі­міздің алдында тұрған міндет – технологияларды тұтынушы емес, өндіруші елге айналу.

– Әлемдік нарықта бәсекелестікке қол жеткізу үшін отандық кәсіпкерлердің ғы­лымға бетбұрыс жасауы аса маңызды. Бүгінде бизнес тарапынан ғылымға қызы­ғу­шылық артып келеді. Осы мақсатта Ғы­лым қоры жанынан бизнес серіктестер клубы құрылып, қазір инновацияға дайы­н кәсіпкерлердің саны 200-ге жуықтады. Десек те, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруда негізгі ойыншылар арасында технологиялық кәсіпкерлік мәдениет деңгейінің төмен екені байқалады. Бұл ғалымдар ғана емес, бизнес өкілдеріне де қатысты жайт. Осы орайда келесі жылдан бастап ғалымдарды бизнес біліктілікке оқыту жұмыстары қолға алынатын болады. Ал қазіргі кезде іріктелген жобалардың сапасын арт­тыру мен коммерциялық артықшылық­тарын көрсету мақсатында бизнес-тренерлер жұмыс істеп жатыр. Ғалымдар осы жылдың мау­сым айында Ғылым қорының конкурсына қатысуға мүмкіндігі бар. Конкурсқа ұсы­нылған әрбір жобаға мемлекет тарапынан 300 млн теңгеден астам грант бөлінеді. Же­ңімпаз атанған жобаларды ғалымдар алдағы үш жылда нарыққа шығаруы керек. Биыл ауыл шаруашылығынан бастап атом энергети­касы сияқты экономиканың бар­лық сала­сын қамтитын шамамен 70 жоба қар­жыландырылады. Бұл ретте басты міндет – отан­дық бизнес өкілдерін осы жобаларға кең ауқымда жұмылдыру. Егер жобаларға биз­­нес өкілдері қатысатын болса, онда тиім­ді­лігі де арта түседі, – деді Құрманғазы Ома­ров.

Технологияларды коммерцияландыру реакторы алаңында аутоиммунды ауру­ларға қарсы әзірленген дәрілерді танысты­рып өткен С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлт­тық медициналық университеті химия кафедрасының меңгерушісі Диас Мыр­зақожаның айтуынша, бұл – университет ғалымдары әзірлеген үшінші препарат. «Жаңа өнімнің шетелдік аналогтерден сапасы әлдеқайда жоғары әрі табиғи өнімдерден жасалған. Бірақ отандық өнімдерге деген сенімсіздік бұл өнімнің ішкі нарықта кең таралуына кері әсер етіп отыр. Десек те, қа­зіргі кезде сертификатталған моринга, жыл­т­ыр ганодерма және ферула негізіндегі «Polyherbguard» қант диа­бетіне қарсы дәріге малайзиялық инвес­торлар қызығушылық танытты. Олар дәріні өндірумен қатар Син­гапур, Индонезия сияқты, жалпы саны алты мемлекетке таратуда бірден-бір дистрибьютор болуды көздеп отыр. Препарат нарыққа 2025 жылы шығады. Инвестицияларды қайтару мерзімі 2 жылды құрайды», – деді Диас Мырзақожа.

Ғылыми қауымдастыққа кеңінен таныс инновациялық жобаның бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қан тамырлары патологиясы орталығының директоры, профессор Оралбай Дәрменов­тің қан тамырларындағы түйінді түбе­гей­лі жою­ға арналған құрылғысы. Құрыл­ғы­ның ин­новациялық-технологиялық мүм­кін­шілігінің зор екені ғылыми тұрғыда дә­лелденген. Қазіргі кезде заманауи құрыл­ғыға қызығушылық танытып отырған шетелдік инвесторлар да бар. Профессор инновациялық өнімнің алдағы уақытта үлкен сұранысқа ие болуымен қатар, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуда жоғары көрсеткішке қол жеткізетініне сенімді. Жаңа құрылғы артериядан атеромаларды жоюға, бірден бірнеше тамырды тазалауға мүмкіндік береді әрі адам өмірін 10-15 жылға ұзартады деп болжанып отыр.

Биология ғылымдарының докторы На­талья Ли тері күтіміне арналған «Cryoprotect» өнімін таныстырды. Өнімнің құрамы қыс­тайтын жәндіктерден алынған табиғи крио­протекторлардан тұрады. Ол адам терісін 52 градус­тан төмен температурада, аязды күндердегі ауаның құрғақтығынан және биік таулы аумақтардағы күн радиациясынан қорғайды. Қазіргі кезде ғалымдар сынақ үлгілерін жасап, патент алуды жоспарлап отыр. Балалар әлемі маркетплейсімен және «L’Etoile» компаниясымен серіктестік ке­лісім жасалған.

Жаңа әзірлемелердің қатарында көздің торлы қабығындағы макулярлы ісікті емдеуге арналған полимерлі биоүйлесімді имплант та науқастарға қолжетімді болмақ. Қазақ ұлттық медициналық университеті фармацевтикалық, токсикологиялық химия, фармакогнозия және ботаника кафедрасының доценті Дмитрий Берилло таныстырған имплант науқастарға қолжетімділігімен қатар жоғары тиімділігімен де ерекшеленеді. Ғалымның айтуынша, дүние жүзінде мұндай науқастардың саны 7 миллионнан асады. Бұл патологияны емдеу жылына шамамен 2 млн теңгеге түседі әрі бактериялық қаупі жоғары. Жаңа өнім процедуралар санын жылына 4-ке дейін қысқартуға мүмкін­дік береді. Жалпы құны 250 млн теңгені құрай­тын жоба 2 жыл ішінде өзін-өзі ақтайды деп бол­жанып отыр.

«MedTech» реакторының қорытын­ды­сында 8 жоба бизнес-серіктестермен келіссөздер жүріп, 4 жоба бойынша бизнес-кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар арасында бірлескен қызмет туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ал инвестицияның жалпы сомасы 500 млн теңгеден асады. Бұған дейінгі технология­ларды коммерцияландыру реакторлары қорытындысына сәйкес 51 ғылыми жобаның 28-і бойынша бизнес өкілдерімен келісім жасалған болатын.

 

АЛМАТЫ