Мәселе • 21 Маусым, 2023

Шаруаның күні қырғыз көршіге қарап тұр

3434 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әулиеатада жаз келсе, су мәселесі ша­руаның шым­байына батады. Отыз жыл бойы осы жағдай. Салған егінінің бітік шығуына мүдделі ха­­лық шілде түспей жа­­тып жанайқайын жет­кі­зе­ді. Неге екенін кім біл­сін, атқарушы билік жыл сайын дәл осы проблеманы шешу жолында қыруар жұмыс атқа­рып жатқа­нын алға тартқа­н­ымен, өңірде су мәселесі оң шешімін таппай тұр.

Шаруаның күні қырғыз көршіге қарап тұр

Қай жақта да алдыңнан көл­денең шығатын өткір мәселе Байзақтағы бірнеше елді мекен тұрғындарының ашуын ту­ғыз­ды. Судан тарыққан ауы­л­­дағы ағайын «ҚазСуШар» ме­ке­­месінің өкілдері мәселені оңы­нан шешіп бергенін қа­лайды.

Ақжар, Түймекент, Көкөзек, Суханбай елді мекендерінің тұрғындары «Жауаптылар суды көршілес ауданға молынан жібергенімен, Байзаққа келгенде ниеті тарылып отыр», деп ашынып отыр. Ағын судан та­рыққан диқандар Сәмбет су арнасынан келетін судың баршаға ортақ екенін алға тартады.

«Ашығын айтсақ, ағын судың бізге жетпеуі халықты алалау деп түсінеміз. Көршілес ауылдарда тіршілік нәрі жеткі­лікті. Олардың жағдайы әбден жақсы деуге болады. Ал мұн­дағы егіншілікпен айналысып жатқан халықтың жайын кім ойлайды? Бұл енді қиянат қой. Төрт түлігін өргізіп отырған аза­маттар да қиналып жатыр. Біздің мұңымызға құлақ аса­тын адам табылса екен», дейді жергілікті азамат Ахмет Құ­рыш­бай ауданда қалыптасып отыр­ған жағдайға қатысты өз ойымен бөлісіп.

Аудандағы бірқатар ауылдың халқы Сәмбет су арнасына жәутеңдеп қарап отыр. Алайда арыққа тамшы су тамбағанына тоқсан күнге жуықтапты.

Тұр­ғындардың айтуынша, Ақжар ауылындағы үш мың гектарға жетеқабыл алқап ағын судың жоқтығынан кеуіп кеткен. Ал диқандар су бөлу мәселесі көршілес Жамбыл ауданына тиімді болғанымен, Байзаққа келгенде жауаптылар жауапсыздық танытып отыр деседі.

Ауылдағы ағайынның күні жерге қарайтыны белгілі. Ағын судың арқасында жүгері егіп, нәпақасын айырып отыр­ғандардың бірі – Райымбек Рүстембеков. Ол осы жолы 35 гек­тар алқапқа жүгерінің жоғары сұрпын егіпті. Айтуынша, төккен терінің арқасында жыл сайын 50-60 миллион теңге шамасында табыс тауып жүрген. Ал биыл су тапшылығы салдарынан жоспары орындалмайтын секілді.

«Ешкімге оңай соғып тұрған жоқ. Бұл енді анық масқара десек те болады. Қыруар қаржы жұмсаған халықтың мұңына бас ауыртатын кез келген шығар. Жаз мезгілінде міне, суға жарымай отырмыз. Ағын су мәселесіне жауапты мекеме мәселемізді шешетін күн бар ма? Шығынға бату үшін емес, нәпақасын айы­ру үшін еңбектеніп жүрген халықтың жағдайына қарайласу керек қой», дейді Р.Рүстембеков жерлестерінің жанайқайын жет­кізіп.

Анықтап көз салсаң, жүгері алқабы жайқалып тұрғаны бай­қалады. Алайда бұл уақытта әжептеуір биіктеуге тиіс дақыл­дың өспей қалғаны көңілге қаяу түсіреді. Диқандардың айтуынша, алдағы бір жетінің бедерінде арыққа су жеткізілмесе, мехнаты мол еңбектерінің еш кететін түрі бар. Алқаптағы қаңсыған арық жүйелері диқандардың жанайқайы жай емес екенін аңғартып-ақ тұр.

«Киров су қоймасына жи­налған судың көлемі көңіл көн­шітпейді. Былтырғы көр­сет­кішпен салыстырып айтсақ, биыл жиналған су көлемі тым аз. Нақтырақ айтар болсақ, сәуір айынан бастап, бүгінгі күнге дейін су қоймасына қажетті 140 миллион текше метр су түспей қалды. Бүгінгі таңда біз түгілі қырғыздардың өзіне су жетпей жатыр. Қысқасы, жағдай мәз болмай тұр. Ал ауыл жұрты біз айтқан уәжге сенбейді. Қырғыздар да суды «қазақтарға беріп отырсыңдар» деп, өз билігіне реніш білдіріп жатыр екен», дейді «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының директоры Ерлан Өтегенов мәселенің мәнісін түсіндіріп.

Қалай алып қарасақ та, бай­­­­зақтық шаруалар үшін ағын судың тапшылығы бас ауруға айналғаны анық. Ал «ҚазСуШар» мекемесінің қыз­меткерлері құрғақшылықты қол­дан жасамағандарын айтып, ақталып әлек. Олар келтірген дерекке жүгінсек, ағын су Алатаудың арғы бетіндегі ағайындардан аз мөлшерде келіп жатыр. Мұздықтар түн мезгілінде ерімегендіктен, көр­шілердің қоймасы да толмай тұрған көрінеді. Сондықтан олар бізге тым аз мөлшерде су жіберіп отыр екен. Ағын судың аздығын алға тартқан жауапты мекеме аудандарға тіршілік нәрін кезекпен беруді жөн деп тапқан. Айтуларынша, байзақтық диқандардың мәселесін шешу үшін 15 күн бойы су арнасын аталған ауданға бұрмақ.

Деректерге сенсек, өткен жылы Киров су қоймасына 400 миллион текше метр көлемінде су жиналыпты. Ал биыл соның жар­тысы ғана жеткен. Сал­да­ры­­­нан шаруалар ағын суға жары­май отыр. Мамандардың айтуынша, таудағы мұздық ері­ме­йінше, екі елдегі мәселе ше­­ші­мін таппайтын сияқты. Алатау­дың арғы жағындағы айыр қалпақты ағайын ағын суды беру­ді толықтай тоқтатса, жағдай тіпті ушыға түспек. Өйткені «Талас су» торабына жиналған су тек тамыз айына ғана жетеді екен.

Қалай десек те, әулиеаталық әлеуметтің күні қырғыздарға түсіп тұр. Ағын судың азабын тартқан шаруалар мәселесінің шешімі қырғыздардың жо­марттығына да байланыс­ты секілді. Әйтеуір қырғыз ағайындарға ағын су мәселесінде кіріптар екеніміз осындайда айқын сезіледі.

 

Жамбыл облысы