Бадаловтың визуалды поэзиясы өз күнделігі іспетті. Суреткер, тіпті саяхатшы, мигрант, босқын болсын, көшпелі өмір мәдени интеграцияның күрделі бейімделу кезеңін тудырып қана қоймай, ең алдымен, сол біреуді тіл тұтқынына айналдыруы әбден мүмкін. Ал Баби Бадалов шығармашылығында мәтіндер суретке, ал сурет мәтінге айналады.
Бадаловтың айтуынша, оның туындыларында жазумен байланысты ешқандай да бір желілік қисын жоқ, поэзия сөзде ғана емес, қылқалам сызықтарында да жатыр.
«Бұл туындылар зорлық-зомбылық, тарихи жадыны өшіріп тастау, тіс жармау мәдениеті, сонымен қатар қоғам тарапынан көбінесе естілмей қалатын – маргиналданған адамдар мен қауымдастықтар тағдырына арналады. Баби Бадаловтың алғашқы дербес көрмесін өткізіп отырғанымызды мәртебе тұтамыз», – дейді Aspan Gallery директоры Меруерт Қалиева.
Айтқандай, суретші қазір Парижде өмір сүріп, өнер тудырып отыр. Халық арасында Барбес деп аталып кеткен ауданда орналасқан Бадаловтың шеберханасын қоршап тұрған Париж көшелерінің алуан түрлі диалектілері, көше базарлары, Шығыс, Батыс, Оңтүстік және Солтүстік эмигранттарымен келген мәдениет түрлерінің стихиялылығы, суретшінің көркемдік тәжірибесінің тосындығы мен еркіндігі – осының барлығы Aspan Gallery экспозициясына көшіп отыр. Мұнда ілулі тұрған таза көйлек-көншектер мен теркөйлектерді қатарынан тізіп қойған көше базарларына да сілтемелер баршылық. Алайда ең алдымен, қала өрнегі Бадаловтың өз жұмыстарында қолданатын маталары арқылы көрінеді. Бұлар – секонд-хенд дүкендерінен сатып алынған, яки көше бойынан табылған төсек жаймалар, перделер, киім, сүлгілер, яғни, өзіндік «тағдыры» мен тарихы бар, өнер туындысы ретінде екінші рет өмірге қайта келіп отырған қарапайым заттар.
АЛМАТЫ