Бұл жоба бойынша Ұлытау облысына 3 млрд 370 млн теңге бөлінгенін ескерсек, сәл ойлануға тура келеді. Жылдың жартысы ауып барады. Ал, жоба бойынша алғашқы сертификаттар енді ғана беріле бастаса, жыл соңына дейін бөлінген қаражатты игеру жайы қалай болар екен?
Жоба жақсы, қаржы қомақты. Несие мөлшерлемесі – 2,5%. Осы жоба арқылы облыста жаңадан 424 жұмыс орнын құрып, атаулы көмек алатындардың санын 130-ға қысқарту көзделген. Басты мақсат – ауыл халқының табысын арттыруға, тұрмысын жақсартуға ықпал жасау. Ауылдық жерде кім қандай кәсіппен айналысқысы келсе, жобаға өтінім түсіріп, шағын несие алуына болады. Несиенің жоғары сомасы жеке адамдар үшін 8,6 млн теңге, яғни, 2,5 мың АЕК құрайды. Шаруасын түзегісі келген ауыл адамы үшін бұл дегеніңіз тамаша мүмкіндік емес пе? Солай секілді. Ендеше, неге жоба жылжымай жатыр?
Қазіргі таңда облыс бойынша 53 өтінім түскен. Осы өтінімдердің арасында наубайхана, өсімдік, биогумус өндірісі және жылыжай бағытындағы бір-бір жоба ғана бар. Ал, қалған жобалардың бәрі мал сатып алуды көздейді. Бұл жерде екі мәселе туындайды. Жобаның мақсаты – ауылды жерде халықтың жағдайын кәсіпкерліктің түр-түрін жан-жақты дамыту арқылы жақсарту. Бірақ, мұндай құлшыныс байқалмай отыр. Мал сатып алуға деген ұмтылыс түсінікті. Дегенмен, жайылым мәселесі қалай болады, сол алған малын шаруа жемшөппен қайдан, қалай қамтамасыз етеді? Мал сатып алуға деген өтінімді қарастырған кезде осындай да мәселелерге назар аударылуы әрине, дұрыс.
Негізгі басты кедергі кепілге қойылатын мүлікке байланысты. Ұлытау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Қайрат Мұтаев бізге жобаның өте қиындықпен жүріп жатқанын ашық айтты.
– Тек «Ауыл Аманаты» жобасы ғана емес, ауылға байланысты басқа да жақсы жобалар жетерлік. Бірақ, сол жобаларды жүзеге асыру оңайға түспейді. Өйткені, бірнеше кедергілер бар. Адамдар ауылды жерлерде әлдебір жаңаша кәсіп ашуға жүрексінеді, тәуекелге барғысы келмейді. Ең басты кедергі – кепілге қойылатын мүлік. Ауылдағылардың кепілге ұсынатыны негізінен өздері отырған үйлері ғана. Әсіресе, енді ғана іс бастағысы келетін кісілерде үйден басқа ештеңе де жоқ қой. Ал олардың сапасы қандай, құны қанша? Жарайды, сол үйді кепілге алайық. Несие алушы қарызын қайтармай қойса, сотқа жүгінуге тура келеді. Кепілде тұрған үйді алсақ, сосын оны не істейміз? Қаладағы пәтер немесе үйді қайта сатуға болады, ал, ауылда ше? Берілетін несие мемлекет қаржысы болғандықтан, оны таратуды ғана емес, қайтарымын да күнілгері ойластырмаса болмайды, – деген Қ.Мұтаевтың сөзінің жаны бар.
Ауылды көтергіміз, дамытқымыз келеді, сол мақсатпен жап-жақсы жобалар жасалады. Бірақ, сол жобалар майға салған пышақтай жылжып кете қоймайды, кепілдің кесірінен тоқтап қалады. Сонда сырты жылтырап, іші қалтырап тұратын бағдарламалар арқылы ауылдың ажарын енгізе аламыз ба? Ауылдағы шаруаларға, кәсіпкерлерге берілетін несиенің кепіл мәселесін қалай тиімді шешуге болады?
Несие ретінде беруге бағытталған қаржыны ауыл мүддесі үшін басқаша жолмен пайдалануды қарастырып көрсе қайтер еді? Айталық, әрбір ауылдық округ өздеріне қандай кәсіп көздерінің керектігін біледі. Сол кәсіптерді ұйымдастыру үшін ауыл әкімдіктеріне қаржы бөлінсе... Әкімдік өз кезегінде сол кәсіптерді мемлекеттік меншік ретінде ұйымдастырып, іс жүргізуге деген ниеті, ықыласы бар ауыл адамдарына жалға берсе... Құйылған қаржы толықтай қайтарылған соң кәсіп нысаны жалдаушыға тегін жекешелендіріліп берілсе. Алқалы жиынның бірінде осындай да ұсыныс айтылып еді. Ойға ой қосудың артығы болмайды. Солардың ең дұрысы, тиімдісі таңдалмаса, әп-әдемі жобалар жарты жолда қалып қоя береді. Облысқа аталмыш жоба бойынша бөлінген қаражаттың қазіргі игерілімін қарап, несиеге қойылатын кепіл мәселесін әлде де жетілдіру керектігі байқалып-ақ тұр. Бұл тек сол жобаға ғана қатысты емес...
Ұлытау облысы