Мақала авторы отандық ғылымның дамуына ықпал ететін негізгі төрт талапты атады.
Бірінші – 2022 жылы Президент еліміздің барлық мемлекеттік ғылыми мекемелері мен жоғары оқу орындарын Ғылым және жоғары білім министрлігіне беру мәселесін пысықтауды тапсырды. Наукометриялық сараптама бойынша негізінен Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырындағы мекемелер Қазақстанның халықаралық ғылым рейтингісін көтеріп тұр: жоғары деңгейдегі халықаралық жарияланымдарда шыққан ғылыми мақалалар саны басқа министірліктерге қарайтын ғылым ошақтарына қарағанда 150 есе көп, басқа ведомстволардың үлесі аз, ғылыми мекемелердің хал-ахуалы төмендеп кеткен. Мақала авторының жазуынша, елдің ғылыми әлеуетін Ғылым және жоғары білім министрлігіне шоғырландыру уақыт күттірмейтін өте орынды бастама. Соны іске асыру керек. Әр саланың ғалымдары осы шешімнің орындалуын асыға күтіп жүр. Осы мәселе бойынша Мемлекет басшысына хат жолдаған ғалымдар да бар. Бұл ғылым саласында біртұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін шынымен де аса қажет.
Екінші – Қазақстанның ғылыми көкжиегін кеңейтуге арналған президенттік бағдарламаны қабылдау қажет. Ол қазақ ғалымдарының адамзат табиғатын және әлемді танудағы халықаралық ғаламат жобаларға қатысуға мүмкіндік береді. Ол үшін қазақ ғалымдарына зерттеу жүргізуде шетелдің ғалымдармен тең жағдай жасау керек. Тек сонда ғана біз бәсекеге түсе аламыз. Өкінішке қарай, елімізде ондай жағдайға жету үшін әлі бірталай уақыт пен дұрыс бағыттағы реформалар іске асуы қажет. Бірақ бүгін ғылымда жүрген жас ұрпақ өз әлеуетін жоғалтып алмас үшін осы бағдарлама аясында Қазақстанға аса қажетті әрі нақты нәтижесі бар ғылымның басым бағыттары бойынша әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен келісімге келіп, біздің ғалымдар сол жерде ұзақ мерзімге орналасатын отандық лабораториялардың филиалын ашу орынды шешім болар еді. Бұл ұсынысты қазір шетелде жүрген қазақтың дарынды ғалымдарын тікелей қолдаудан бастап, төңірегіне отандық ғалымдарды топтастыру арқылы жақын арада іске асыруға болады. Ғалымдарға бөлінетін тағылымдаманың бір түрі ретінде үшжылдық ғылыми топтарға арналған тағылымдаманы енгізген дұрыс болар. Екінші жағынан шетелдік жас талантты ғалымдарды Қазақстанның ғылыми орталықтарына тартуға арналған постдокторантура бағдарламасы қажет. АҚШ, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдер осындай бағдарлама аясында өздеріне бүкіл әлемнен талантты жас ғалымдарды таратады. Сонымен қатар еліміздің ғылыми көкжиегін кеңейтуде Ұлыбритания, АҚШ және Жапония үлгісі бойынша Қазақстан елшіліктерінде ғылыми атташе лауазымын құрып, ғылыми дипломатияның кеңінен дамуына жол ашқан да абзал.
Үшінші – Ұлттық ғылым академиясының қайтадан жоғары мәртебеге ие болуы дербес заңды форманы талап етеді. Кезінде білім саласында тез арада халықаралық деңгейдегі білім ошағын ашу мақсатында Назарбаев университетіне дербес білім беру ұйым формасы берілген еді. Нәтижесінде, бүгінде еліміздің білім драйверіне айналып келе жатқан, түлектері бетке ұстар мекемені көріп тұрмыз. Осы тәжірибенің ең ұтымды жақтарын ала отырып Ұлттық ғылым академиясының заңдық формасын дербес ғылым жүргізу ұйымы ретінде қабылдап, Назарбаев университетіне бөлінген қаражат шамасындағы сома академияға бөлінсе жөн болар еді. Ол Ұлттық ғылым академиясының Қонаев қаласында заманауи ғылыми қалашығын, жаңа ғылыми орталықтарын салуға жұмсалғаны абзал. Бұл жерде келешек ғылыми сауатты ұрпақты, болашақ казақтан шығатын Нобель сыйлығының лауреаттарын тәрбиелеуге мүмкіндік тумақ.
Төртінші – қазір мега гранттардың қажеттілігі байқалып отыр. Бұл – дүние жүзінде бар оң тәжірибе. Мұндай мега гранттар тек Қазақстанның мүддесі үшін жүргізілетін зерттеулер емес, ол адамзат баласының дауына ықпал ететін жаһандық зерттеулер болуға тиіс. Міндетті түрде халықаралық жетекші ғылыми топтардың қатысуымен және отандық жаңа ғылыми мектептің қалыптасуына арналған болуы керек. Мәселен, біз айтқан Орталық Азия халықтарының шежіресін, яғни генофондын және тарихын зерттеуді кешенді түрде тек осындай мега грант аясында ғана іске асыруға болады. Өйткені ол пәнаралық бағытты дамытуды қажет етеді. Заманауи ғылым бағыттары – палеогенетика, палеопротеомика, биоинформатика және радиоизотоптық хронология дәстүрлі тарих, генеалогия, археология және антропология зерттеулерін әлем жаңа деңгейге шығарып жатыр. Физиология және медицина бойынша 2022 жылғы Нобель сыйлығы археологиялық зерттеулер барысында табылатын сүйектерде сақтаулы көне ДНҚ-ны зерттеудің пионері, профессор Сванте Пабоға жойылып кеткен гоминидтердің геномдары мен адам эволюциясы туралы зерттеулері үшін берілді. Еліміз аумағында сан алуан тарихи кезеңдерге жататын археологиялық ескерткіштер бар. Бірақ олар кешенді түрде Қазақстанда заманауи ғылым бағыттарымен елімізде зерттеліп келе жатқан жоқ. Археологиялық зерттеулердің өзі біртұтас жүйемен жүргізілмейді. Археологиялық лицензияны алып алған кәсіпкерлер мәдени мұрамызды құртып келеді. Антропологиялық ғылыми мектептің қалыптасуы кемшін. Сондықтан бүгін елімізде заманауи генетикалық, палеогенетикалық, изотоптық, радикарбондық әдіс арқылы сүйектің жасын анықтайтын және физикалық антропология лабораториялардың болуын, кешенді биобанк инфрақұрылымын қажет етеді. Археологиялық қазбалардан табылатын барлық сүйекті бір жерде тиянақты сақтап, жан-жақты сипаттап зерттеуге арналған Археологиялық ұлттық қойманы ашуды талап етеді. Он жыл бұрын әріптесім Жақсылық Сабитовпен бірге осы бағыттың маңыздылығын сол кездегі Мемлекеттік хатшыға жеткізген едік. Нәтижесінде, елімізде Генетика институтында популяциялық генетика лабораторисы ашылды, шетелдік ғалымдармен тығыз селбестікте алғашқы палеогенетикалық зерттеулер жасала басталды. Сонымен қатар бүгін қазақ шежіресін зерттеуде Ұлттық биотехнология орталығы, Назарбаев университеті, М.Айтқожин атындағы Молекуларлық биология және биохимия институты да жұмыс атқарып келеді. Осы бағытта жинақталған ғылыми әлеуетті мемлекет тарапынан жүйелі түрде біріктіріп, Орта Азияда бірден-бір заманауи Археогенетика институтын ашуды мега грант және пәнаралық мета-зерттеулер аясында жоспарлау қажет.