Пікір • 26 Маусым, 2023

Есірткінің әлегі

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі балалар ештеңеден тар­­шы­лық көрмей, емін-еркін жүр. Өсіп келе жатқан ұл-қызына өзегін жұлып берер­дей өбектеп, өмірін сарп ететін тағы да – сол әке-шеше. Дегенмен қазіргі ұрпақ­тың көріп отырған игілігі көп бол­ғаны­мен, соның өтеуіндей – қауіп-қатері одан да асып түседі.

Мәселен, биыл 2023 жылдың басынан бері Алматының нарколог-дәрігерлеріне 4 600-ден астам адам жүгінген. Бұл дерек­терді Психикалық денсаулық орталығы директорының наркологиялық қызмет жөніндегі орынбасары Гүлмира Әбдібаева мәлімдеді. Соңғы жылдары есірткі нарығы айтарлықтай өзгерген, жаңадан талай адам синтетикалық есірткінің тұзағына ілініп жатыр.

«Жыл сайын синтетикалық есірткі қаупін айтудан, ескертуден жалық­пай­мыз, алайда есірткіге тәуелділікке тоқ­там болмай тұр. Есепке алынып жатқан жасөспі­рім­дер саны артты. Егер 2021 жылы есепте 8 кәмелетке толмаған жеткіншек болса, 2022 жылы – 18, ал 2023 жылдың бірінші тоқсанында 17 болды», дейді жоғары са­наттағы психиатр-нарколог.

Әлбетте мамандар елді жаман әдеттер­ден тиюға барынша ұмтылады десек те, тек биылдың өзінде ішкілікке үйір болған тағы 1 152 адам, нашақорлыққа салынған 3 457 адам есепке алынған.

Дәрігер ең қауіпті синтетикалық препараттар мен олардың асқыну салдарлары туралы былай дейді: «Жастар көбінесе жаман әдетті жүрген ортасынан, айналасынан жұқтырады. Адам жақсыдан гөрі жаманды тез үйренеді. Адам есейгенде де құтыла алмайтын зиянды қылықтар­ды жас кезінде табады. Жаңаның дәмін сезіну үшін адам тыйым салынған дәрі-дәрмектерді «тек 1 рет қабылдаймын» деп ойлайды. Бірақ барлық айла осында жатыр. Өкінішке қарай, көбінесе осы «тек 1 рет қана» деген алдамшы сезім есірткіге деген құмарлыққа жетелеп әкеледі және мұны жеңу басқа адамдардың көмегінсіз мүмкін емес. Жаңадан есірткіге салынғандар көп жағдайда кез келген уақытта келесі дозадан бас тарта аламын дегенге сеніп, көмек сұрауға тырыс­пайды», дейді Гүлмира Әбдібаева.

Сарапшының айтуынша, бүгінде ең көп таралған синтетикалық препараттар-амфетамин (ЖИТС деп танылған, амф, жылдамдық, фен, тез), метамфетамин мен экстази (MDMA). Бұл препараттардың хи­миялық құрамы допаминнің бөлінуін жасанды түрде күшейтіп, көңіл күй біраз уақытқа көтеріледі де, күйзеліс пен уайымдар уақытша жойылғандай болады.

«Синтетикалық препаратты қолда­нған­нан кейін адамға күш бітіп, есіріп, елітіп, белсенділік пен энергияның жоғары­лауы сияқты өзіне деген сенімділік әсерлері пайда болады, бұл ақырында адамға ұйқысыздық пен әлсіздік әкелетіні сөзсіз», дейді дәрігер.

Мамандар досыңыздың, яки жақын ада­мыңыздың есірткі қолданатынын аңғару оңай емес, алайда мүмкін дейді. Айқын бел­гілердің бірі – көз қарашығындағы өзгеріс. Есірткінің әсерінен көз қарашығы кеңейеді, не нүктедей тарылады, оған қоса жарықтың күрт өзгеруіне мүлдем жауап бермейді. Сондай-ақ көз ерекше жылтырап немесе қызарып тұрғанына назар аударыңыз дейді.

Есірткіге салынған адамның тағы бір айқын белгісі – терінің бозарып, сар­ғыш тартуы. Ұзақ уақыт жазылмайтын за­қым­дар, ­безеулер мен жаралар пайда болады. Есірт­кіні ұзақ уақыт қолданған сайын тері шаршап, ­сау еместігі білінеді.

Нашақордың жеке бұйымдары ара­сы­нан немесе бөлмесінен тәуелділікті көрсете­тін оғаш заттар байқалады. Мәсе­лен, пакеттер, түтіктер мен бонгтар, түбі күй­дірілген плас­тикалық бөтелкелер, күй­ген қасықтар...

Психикалық денсаулық орталығы ди­рек­­­торының наркологиялық қызмет жө­нін­­дегі орынбасары, жоғары білікті санатты психиатр-нарколог дәрігер Гүлмира Әбдібаева ата-аналарды балаларымен се­нім­ді қарым-қатынас орнатуға шақырды.

«Егер бала есірткі туралы бірдеңе білгісі келсе, қорықпаңыз, оны не үшін сұрап отыр­­ғанын, не көргенін, сезінгенін бірге түсінуге тырысыңыз. Жазалаудың қажеті жоқ. Кез келген бала үшін ата-анасының қол­дауы, көмектесуі және сабырға салғаны маңызды. Ұрсудың орнына керісінше, қат­ты құшақтап, ең жанашыр екеніңізді, қан­дай жағдайға тап болса да сүйенетін адамы екеніңізді білдіріңіз», дейді дәрігер.