Аймақтар • 27 Маусым, 2023

Жоспар да, жұмыс та көп

242 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Облысымыздың құрылғанына жақында бір жыл толды. Осы уақытта ауыз толтырып мақтанатындай нәтижеге, өкінішке қарай, жеткен жоқпыз». Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы баспасөз мәслихатын осылайша бастады. Мұны әкімнің «Барды бар, жоқты жоқ» деп айтқысы келгені деп түсінген едік, солай болып та шықты.

Жоспар да, жұмыс та көп

Облыс бюджеті небәрі 128,8 млрд теңгені құрайды. Бұл – рес­публика аймақтарындағы ең аз бюджет. Бір қуаныштысы, бюджеттің кіріс бөлігі өткен жылмен салыс­тырғанда 1,3 есе өскен. Бірақ қордаланған мәселелерді шешу үшін бюджет қаражатының жеткіліксіздігі көзге ұрып-ақ тұр. Сондықтан 2022 жылы облысты дамытудың 2026 жылға дейінгі Кешенді жоспары қабылданды. Көп үміт осы Кешенді жоспарда. Өйткені мұндағы атқарылатын шаруалар әртүрлі көзден инвестиция тарту арқылы қар­жыландырылады. Жалпы сомасы – 1,4 трлн теңге. Жоспарлау бар да, оның орындалысы болады ғой. Бұл ретте Кешенді жоспар бойынша қазіргі кезде 85,7 млрд теңгеден астам қаржы салынып, құны 5,3 млрд теңге болатын 6 жо­ба іске қосылды. Бастама жаман емес.

Облыс бюджеті кірісінің 70%-ы «Қазақмыс» корпорация­сына тиесілі. Бұған қуануға да, сәл ойлануға да болады. Өйткені медальдың екі жағы болатыны секілді, тұтас бір аймақтың негізінен бірыңғай жалғыз ғана компанияға арқа сүйеп отыруы соншалықты жақсылық емес. Шикізат қоры мәңгілік емес. Рас, осыдан он-он бес жыл бұрын «кен қоры таусылуға жақындады» деген дабыл қағылған еді. Дегенмен тиісті зерттеулер кем дегенде әлі де жартығасырлық қор жеткілікті екенін есептеп шықты. Бірақ жайбарақаттыққа салынуға болмайды.

Сондықтан өндірістің бас­қа да мүмкіндіктерін қарас­тыру, яғни экономиканы әртарап­тандыруға баса назар аудармаса болмайды. Бұл бағытта да бастамалар жоқ емес. Мысалы, облыста мұнай өңдеу зауытын ашуға ықыласты инвестор табылып тұр, бірақ соның жұмысына қажетті мұнай жеткіліксіз деген себеппен іс тежеуілдеп қалған. Сондай-ақ Құмкөл маңайында игеріліп жатқан аумақтан да тыс жаңа мұнай көздері бар екендігі белгілі болды. Алдағы уақытта мұны ел игілігіне айналдыруға әбден болады. Қытай компаниясы өңірде жел стансасын орнатуға құлшыныс таныт­ты. Қол қойылды, жұмыс бас­талуға тақау. Сол сияқты қы­тай­лық компаниялар арқылы Жез­қазған-Сәтбаев қалаларына жылу тарататын №2 жылу электр орталығын салу туралы да жұ­мыстар жүргізілуде.

Қай сала болсын түйткілге толы. Айталық, жол мәселесі. «Жез­қазған – Қызылорда» авто­жо­лының түйткілі қашан тарқай­тыны беймәлім. Биыл мамыр айында тендер өтіп, шілдеден жұмыс басталады деп күтілген еді. Өкініштісі сол, облыс әкімі­нің баспасөз мәслихатында қойылған сауалға қайтарған жауабынан ұққанымыз, тендер әлі ойнатылмаған көрінеді. Есесіне, Ұлытау – Арқалық бағытындағы жолды жөндеу басталды. Сол сияқты облыстың ішкі жолдары да жаңарады. Жалпы, облыс бойынша 2023 жылы барлығы 7,5 млрд теңгеге 48 шақырым республикалық және 35 шақы­рым облыстық маңызы бар автожол жөндеуден өткізілмек.

Айтуға ыңғайсыздау, бірақ айтпасқа тағы болмайды. Кейін­гі ширек ғасырда Жез­қаз­ған – Ұлытау өңірінде бұ­рын­ғы облыс­тық бюджеттің есебінен, 2021 жылы жартылай пайда­лануға берілген бір мектеп-интер­нат­тың ғимаратынан өзге, бірде-бір нысан салынбаған екен. Сол мектеп-интернаттың өзі толық аяқталмағандықтан, облыс биыл 200 орындық жатақхана құры­лысын және «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы бойынша Қабанбай батыр кентінде құны 2,1 млрд теңге тұратын 300 орын­­­­­дық мектеп құрылысын бас­­тады.

Құрылыстары бұрынғы об­лыс­тың тұсында басталып, «са­қал­ды құрылысқа» айналған Те­ректі стансасындағы 80 орын­дық мектептің, Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы 2 бала­бақшаның, Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының, Ұлытау ауданының Жезді кентіндегі 160 орындық және Жезқазған қаласындағы 310 орындық дене­шынықтыру-сауықтыру кеше­нінің құрылыстарын аяқтау да жаңа облыстың мойнына жүк­теліп отыр.

Денсаулық саласында да «дімкәс» тұстар жетерлік. Об­лыс­та перинаталдық орта­лық та, балаларға арналған ауру­хана ­да жоқ. Онкологиялық науқастар­дың саны 2022 жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда ша­ма­мен 2,6 есеге өсіп кеткен. Ал мұны емдей қоятын онко­логиялық диспансер де жоқ. Облыс бойынша денсаулық саласына 60 маман керек. Осы түйткілдер, әрине, өз шешімін күтуде. Мұның бәрін шешу керек. Ұлытау ауданының «Са­рысу», «Бозтұмсық» ауылдарында, Жаңаарқа ауданының «Атасу», «Бидайық» ауылдарында шілде айында фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылмақ, ал тағы 5 ауыл­да олардың құры­лыстары бас­талады.

Сол сияқты Ұлытау ауданы­ның орталығында халық көптен күтіп жүрген аудандық аурухана құрылысы қолға алынады.

Баспасөз мәслихатында ха­лық­ты жылумен, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі Жез­қаз­ған қаласында жылудың жетіс­пеушілігі салдарынан өткен жылы салынып, дайын тұрған 34 пәтерлік үйдің пайдалануға берілмей қалғанын айтты. Сон­дықтан облыс орталығына жылу беру мәселесі айрықша назар­да тұр. Қысқы жылу беру маусы­мына әзірлікпен қоса жылудың қуаттылығын арттыру керек. Мұндай мәселе Сәтбаев қала­сында да бар.

Жезқазған қаласы тұрғын­дарын таза ауыз сумен қамту туралы сөз ондаған жыл бойы айтылып келеді. Кезінде қар­жы да қарастырылған. Бі­рақ, өкінішке қарай, тиісті ба­қы­лаудың болмауы салдарынан мәселе түпкілікті шешімін тап­паған. Ал қазіргі кезде қандай шаруа атқарылып жатыр? Биыл республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлініп, Үйтас-Айдос тоғанының ІІ көтергішінің сорғы стансасын жаңарту жұмыстары басталды. Келесі жылы бұл жо­ба­ны жалғастыру үшін респуб­ликалық бюджеттен 8,4 млрд теңге қосымша қаржы бөлу мәселесі пысықталуда.

Өңірде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінен облыс өнімнің тек 3 түрін (1-сұрыпты ұн, 1-сұрыпты нан және сиыр еті) өндіреді. Қалған 16 позиция (картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы, макарон, сүт, сүзбе, айран, тұз, май, жұ­мыртқа, тауық еті) сырттан әкелінеді. Халықты азық-түлік­пен қамту мәселесінде облыс басқа өңірлерге тәуелділіктен арыла алмайтын тәрізді. Өйткені облыстағы 31 320 гектарға егіл­ген егістің 21420 гектары – бидай, 1800 гектары арпа, қал­ға­ны мал азығы, көпжылдық шөп­тер. Бау-бақша өнімдері жоқ­тың қасы. Бұл жағдай облыс бас­шы­лығын, әрине, алаңдатады. 2026 жылға дейін жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық агрожобаны іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бәлкім, халықты жергілікті азық-түлікпен қамту тығырығынан осы жобалар іске асқанда ғана қол жетіп қалар. Бәрі уақыт еншісінде.

Облыс құрылғалы бір жылдан енді ғана асты. Қарапайым көпшіліктің көңілінде «жұмыс неге сылбыр?» дейтін сұрақтың жүргені жасырын емес. Бірақ «бір жылда тау төңкеріп тастау­дың» мүмкін еместігін де түсін­ген абзал.

Облыс әкімі кадр тапшылығы туралы да айтты.

«Қазіргі мемлекеттік қыз­меткерлердің 70 пайызы – бұрын облыстық деңгейде жұмыс істе­меген, тәжірибесі жоқ мамандар. Мұның жұмысқа тікелей әсері бар», деген облыс әкімін түсінуге болады.

Жаңа істі бастау қашан болсын қиын. Облыстың жер көлемі үлкен болғанымен, 2 аудан, 3 қала­дан құралады, халқының саны да аз. Бірақ, соған қарамастан, кейінгі бір жылда өңірден көшу саябыр­сып, керісінше көшіп келушілер қатары артыпты. Бұл – жақсы­лықтың нышаны.

Облыс құрылғалы авто, те­мір­­­жол, әуе қатынастары ұл­ғая түс­кен. Айталық, облыс орта­лы­ғы­ның ауылдармен автобайланысы артты. Алматыға күнара «Таль­го» пойызы қатынайтын бол­ды. Астанаға қатынайтын пойыз­­дың саны да, сапасы да артты.

Әуе жолын пайдалану да бір­тіндеп артып келеді. Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына бұрыннан ұшақтар ұшатын бол­са, алдағы жылдан бас­тап Жезқазған – Шымкент әуе қатынасын жол­ға қою көз­делуде. Осының бәрі біле-біл­ген­ге оң өзгеріс емес пе? Мәдени, өнер, спорт сала­сын­дағы жетістіктер өз алдына.

Әлеуметтік-экономикалық көр­­сеткіштер бойынша кейбір кем­­шін тұстары бар екендігіне қарамастан, Ұлытау еліміз бо­йынша 7-орынға көтерілген екен. Өткен жылмен салыстырғанда экономика 6%-ға өсіп, жалпы өңірлік өнім 1,4 есе ұлғайып, 1,7 трлн теңгені құраған көрінеді. Бұл жас облыстың күш-қуатын, мүмкіндігін аңғартады. Ең бас­тысы, алғашқы қадамдар жаман емес. 

 

Ұлытау облысы