Мирас Мұқаштың бұл әңгімесі алғаш жарияланған 2007 жылдары кітапсүйер қауымның жапа-тармағай сүйсіне оқығаны күні кешегідей әлі есте. Өмірде түу шалғайға алыстаса да, көңілде мәңгі сақталған сол бір алғаусыз балалық шақ кімнің де болсын сағынышқа толы ең аяулы естелігі. Қайта оралмас сол уақыттарда біреудің қуанышы, біреудің қайғысы, біреудің мөлдір сезімі, енді біреудің сағынышы қалды. Бәлки осы үшін де мына жұрт тұнық шақтың бір үзігін «Меруерттен» көре қалып, сағыныса қауышқандай болатыны. Тіпті алғашында-ақ оқығандар автор туралы сөз қозғай қалсаң, бұрынғы «Ащы алма», бертіндегі «Шырғалаң» мен «Ауланы» ауызға алмастан, «Меруертті» ойлап, ескі бір жылдардағы ып-ыстық естелігі есіне мезет түсе қалғандай, көңілі тебірене босап, бір сұмдық күй кешеді. Дәстүрлі баяндауға құрылған әңгіме сондай бір классикалық шығарма атанбаса да, «Меруертті» оқығанның барлығы Меруертті ұмытпайды. Жазушының сөзімен айтсақ, жымиғанда бетінде сәл ғана шұңқыр пайда бола қалатын нәркес көзді қыздарды кезіктірсең, Меруерт емес пе екен деп елеңдейсің. Шынында, автор сол бір бейнені кездестірді ме екен?..
Әр шығарма сол уақыттың, сол қоғамның келбетін береді. Мұнда да тоқсаныншы жылдардың тоқырауы анық һәм мақсатты түрде суреттелмесе де бала-кейіпкердің ой-қиялы, бастан кешкен мұңды хикаясымен астасып жатыр.
Көңіліндегі ең нәзік, ең мөлдір, ең жарық бейнеге айналған Меруерттің кенеттен із-түзсіз жоғалуы бала-кейіпкердің бар арман-қиялын жайпап өтті. «Әке-шешесінің Меруертті іздемеген жері қалмаған. Ұрлаған адам жас қызды көптен бақылап, қызығып жүрген секілді. Әлдекімдердің болжауынша, оны асырап алу мақсатында әкеткен. Ғұмыр бойы бір перзентке ғана зар өте дәулетті неме баланы алып, шетел асып кетуі де ғажап емес деп сәуегейлік жасайды. Бейшара қайтсін, өзі аса жаман да адам емес сияқты дегендер де табылды».
Көркем шығармада уақыт пен кеңістік қатар өріліп отыратыны анық. Әңгіменің шарықтау шегіне ұласқан Меруерттің жоғалуы сол уақыттағы үлкен тарихи өзгеріспен қатар келді. Меруерт жоғалды – Кеңес өкіметі құлады. Аяулы бейнені қылаудай жамандыққа қимаған бала жүрек бұл өлкедегі ендігі сәтсіздіктің бәрін осыдан деп білді.
«Меруерт жоғалғаннан бастап-ақ біздің ата-мекеннен де береке қашқан. Бағалы кен өндіретін шахта-фабрика жабылған соң тұрғындар көршілес қалаларға жаппай көше бастады. Сөйтіп айналасы төрт-бес жылдың ішінде атағы дүрілдеген үлкен кеніштің оннан тоғызы жермен-жексен болды. Қазір әлгі екі араға кезек жүгіріп, біз ойнап жүретін үйлердің іргетасы да жоқ. Елге үш-төрт жыл аралатып оралған сайын алдымен баяғыда Меруерт екеуміз гүл теретін қырға шығамын. Сенсеңіз, сол алқапта гүл де өспейді бүгінде. Жел азынап, құлазиды да жатады».
Өткен бір жолы Астанадан Шуға қарай көлікпен шығып, жолай Ақшатауға тоқтадық. Қу дала бұрын бұл жерде ешкім бақытты болмағандай, ешбір жан шаттанбағандай құлазып жатыр. Азынаған жел де сұрқай мекенді одан әрі сұрықсыздандыра түседі екен.
Жалпы, кез келген оқырманның жүрек-кітапханасында сақталған, әңгімеден туған мұңды да мөлдір сезімді суытып барып, қайталап оқып тұратын шығармалары болады. «Меруерт» те сондай. Шағын хикаяны әр бастаған сайын сол баламен бірге ауылға барып, тау-тасты аралап, Меруерт келетін көлікті күтіп елеңдеп, ішіміз жылып отырады. Арасында «Биік шоқылардың басына шығып, сонау көкжиекте ойнаған сағыммен бірге бұлдырап, маңып бара жататын киіктерді көру немесе көкорай шалғында мидай араласып, жайылып жатқан табын мен қой-ешкіні тамашалау да бір ғанибет екен» десеміз. Бізге де «... сусамыр мен итсигегі, сарышатыр мен сұлыбасы сыңсыған осы көрікті алқапта жан-жағына маңғаз қарап, маң-маң басқан біздің үйдің ала сиырын кездестіру керемет көрініс болды». Әр оқыған сайын оқиғаның соңында ешқандай трагедия болмайтындай тебірене бастайтынымыз да қызық.
Сол Ақшатауға табанымыз тигенде алыстан мұнартқан төбелерге қарап, Меруертін жоғалтқан баланы іздейсің. Сол қырда Меруерт екеуі гүл терген болар. Сол қырда құлдыраңдап жарыса жүгіріп, күлкілері сай-салаға жетіп, мәз болысқан болар. Уілдей соққан жел сол дауыстарды анау бір қырдың арғы жағынан талмаурыта естіртетіндей. Ал мынау үлкен жолмен күні-түні ерсілі-қарсылы ызғытып өтіп жатқан машиналар бұл мекенде не болғанын тіпті білмейді ғой.