Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Жер бетіндегі қаншама ел іргесі сөгіліп, тарихтан ізін жоғалтты. Сансыз тіл бірінен соң бірі жойылып кете барды. Талай теңіз тартылып, бұлақтар сарқылды. Ал киелі домбыра әлі күнге дейін қазақтың төрінде тұр. Құлдыраңдап жүгірген әр баласының қолында жүр. Бәлки, сол домбыра өзінің қанша мың ғасыр жасағанын білмес.
Бірақ оның шанағынан шыққан қоңыр үн дүние-жалғандағы барша ізгілік пен қиянат атаулыны ішіне жұтқандай тебірене төгіледі. Тіпті, бұл домбыраның ғұмыры шексіз бе дейсің.
Иә, қазақ қайда болса, домбыра да сонда.
Ұлттың аяулы бір бөлшегіне айналған домбыраның өлшеусіз қадір-қасиеті мен сиқыры хақында бұған дейін де талай сөз айтылды. Қаншама зерттеу жүргізіліп, мақала жазылды десеңізші. Бұл қазақта домбыраға жыр арнамаған ақын бар ма? «Домбыра, сенде мін бар ма? Мінсіз болсаң, тіл бар ма? Тіл жоқ деуге бола ма? Тілден анық үн бар ма?», деп толғамап па еді Жансүгірдің Ілиясы. Асыл домбыра мен онда тартылатын күйдің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мəдени мұраларының тізіміне енгені де ұлттық аспаптың дәл бағасын бере қоймас, сірә. Десек те түгел Қазақ елінде Ұлттық домбыра күні белгіленіп, Алаштың арда баласының басы қосылып, қаз-қатар тізілген мың-сан домбыраның шанағынан шарықтай төгілген күй бір сәтте аспан астын қоңыр әуенге бөлеп, тербей жөнелгенде, асыл өнердің айбыны асқақтай түскендей. Сол үн Алтайдан Атырауға дейінгі дарқан далаға жайылып, Табиғат-Анаға қазақ деген ұлттың бар екенін таныстырып жатқандай.
Шіліңгір шілденің алғашқы жексенбісінде тойланатын Ұлттық домбыра күні бүгінде дәстүрлі мерекеге айналған. Еске салсақ, атаулы күн 2018 жылы ресми бекітілген еді. Бұл игі бастама кең қолдау тауып, мектептерде домбыра үйрену сабақтарын енгізу ұсынылды.
Қасиетті домбыра қазақтың бар сырын біледі. Салт-дәстүрін де, бітім-болмысын да, ән-күйін де таниды. Тіпті рухын да сезеді. Бұрынырақта Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғаны баршаға аян. Ғалымдар ол сурет берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін дəлелдеді. Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дəуірімізге дейінгі IV ғасырдың мұрасы болыпты. Ал Алтайдан табылған ата домбыра біздің дəуірімізге дейінгі V ғасырға тиесілі. Сонда бар қазақ даласы 4-5 мың жылдан бері қоңыр домбыраның үнін естіп келе жатыр. Мойнына көне түркі таңбасымен «жұпар күй əуені бізді сүйсіндіреді» деп жазылған аспап сонау Күлтегін заманынан аяқ басқан. Одан бөлек 1927 жылы археолог Руденко скифтердің қорғанынан қобыз аспабын тапқаны бар. Ол біздің жыл санауымыздан 5000 жыл бұрын жасалған. Əлгі қобызға шебер Васильев реконструкция жасап шықты. Кейінгі жылдары еуразиялық аумақта жүргізілген қазба жұмыстарынан осыдан 2 немесе 2,5 мың жыл бұрынғы ұлттық аспаптардың кей детальдары табылды. Ұлытаудағы Жанғабыл өзенінің бойынан 1946 жылы академик Əлкей Марғұлан балбал тас тауып зерттегені мәлім. Балбалдың жауырынында қобыз, қоңырау бар. Ел ішінде оны «Бақсы тас» деседі. Мұның өзі сонау 1600 жылдың арғы жағына сапар шектіреді.
Жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты көлемді еңбегіне қарасақ, танымал кейбір күйлердің тарихы 2 мың жыл бұрын тіркелгенін байқаймыз. Сондай-ақ автор Рим тарихшылары «түркілер қағандарын күй шертіп оятады» деп жазғаны жайлы баяндайды.
Кез келген халық адамзат руханиятына қосқан үлесімен бағаланса керек-ті. Кең дүниені еркін жайлаған қазақтың әлемдік руханиятқа қосқан үлесінің бірі күй өнері екені даусыз. Мәселен, бүгінгі күнге «Ақсақ құланның» он түрі жеткен. Ал Асан қайғының «Ел айырылған» күйі ХVI ғасырдың мұрасы. Қазтуғанның «Сағыныш» атты күйін де білеміз. Абылайдың «Қара жорғасы» ХVIII ғасырдың туындысы.
Кей зерттеушілер домбыра қазақтан бұрын болған дейді. Рас та шығар. Фарабидің тоғыз ішекті домбырасы, Шыңғыс ханның алдына барған, кейінге дейін Жарқын Шəкəрім ұстаған үш ішекті домбыра сол қазаққа дейінгі дәуірді көрген болса керек. Десек те, қазақ деген атау болмаса да сол жерді мекендеген ру-тайпалар біздің қанымыздан алыс кетпеген болар. Осы орайда белгілі антрополог Оразақ Смағұловқа академик Қаныш Сəтбаевтың қойған сұрағы еске түсіп отыр. «Осы қазақ даласында ерте дəуірлерде мекендеген тайпалар біздің бабаларымыз ба, жоқ па, соны анықтап білуге бола ма? Себебі бұл Ұлы далада ерте дəуірлерде өркениеттің озық үлгілері дамыған», десе керек. Сəтбаев ол кезде Ғылым академиясын басқарып тұрыпты. Жап-жас Оразақ Смағұлов оны дəлелдеп шығуға көп қаражат керегін айтады. Қанекең «табамын» деп, жас антрополог іске кірісіп кетіп, дəлелдеп шыққан.
Ал Жұмагелді Нəжімеденов «Домбыраның қоңыр үні» кітабында «Майтөбе» жайлауынан (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) тасқа қашалған көне домбыра суретінің табылғанын жазады. Оны 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты. Суретте əртүрлі қимылда билеп тұрған бес адамның бейнесінен беріректе, алдыңғы жақта аспап салынған. Екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, бетқақпақпен жабылған шанағына дейін ұқсас. Басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу əдеті бізде баяғыдан бары баршаға аян. Археолог, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған осы суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дəуірінде бейнеленген деп тапқан екен. Біздің дəуірдегі 2 мың жылды қосса, тарих көші 6 мың жылға бір-ақ әкетеді.
Өнертанушы Ерлан Төлеутайдың мына бір әңгімесі ойға оралып отыр. «Қазақ пен башқұртты қатар жаулаған Екатерина деген қатын патша өткен орыс тарихында. Бірде осы қатын патшаның сарайына елшілік сапармен бе, əлде басқамен бе – башқұрттың игі жақсылары келіпті. Екатерина оларды сəн-салтанатпен қабылдаса керек. Көңілді жиында башқұрттың бір өнерпазы күңірентіп домбыра тартыпты. Патша сарайын домбыраның қоңыр үні кернеп, күмбір дауыс алтын сарайға сыймай кеткенде қатын патшаның үрейі ұшып кетіпті. Кейін ақжелке уəзірлерін жиып алып айтқан екен деседі: «Мынадай музыкалық аспабы бар, мынандай рухты күйі бар халықты бағындырып ұстап тұра алмаймыз, сондықтан алдымен бұл халықты домбырасынан айыру керек», деп пəрмен беріпті. Ол заманда ақ патшаның пəрмені екі етілмейді, башқұртқа қалың əскер шығарылып, əлгі əскер бір жаздың ішінде башқұрттың күллі домбырасын түк қалдырмай жинап алып, тау-тау ғылып үйіп, от қойып өртеп жіберіпті жəне осы шаралардан кейін енді қайтып башқұрт халқына домбыра ұстауға тыйым салыныпты. Домбырасынан айырылған башқұрт халқы тез жуасыпты, сыбызғыға сүйеніп қалған башқұрттардың осы заманға дейін тек сызылтып қана мұңлы күйлер тартатыны содан дейді аңыздар. Ал қазақ ешқашан домбырасынан айырылған жоқ. Айырылмайды да. Қазақтың қолындағы домбыра – ядролық оқтұмсық секілді сұмдық жойқын күшке ие қуатты қару, сондықтан қазаққа жау ниеттілердің барлығы əуелі домбыраның түбіне жетуге тырысады. Домбыраның түбіне жетсе – қазақтың да түбіне оңай жететінін біледі».
Міне, шілденің алғашқы жексенбісі де жақындады. Түгел қазақ даласын домбыра шанағынан төгілген рух кернейтін күн келді. Сонау алыс-алыс қыраттарда қалған ғасырлар түбінен маржан төккен күй тұла бойымызды толқытып, рухты оятады. Әр секунд сайын аспанға шапши түскен соны сарын енді бір сәт тоқтамастай болашақтың жолымен жүйткіп барады. Шексіз ғұмыр – шексіз үн.