Қоғам • 02 Шілде, 2023

Жазуға жорға журналист құрт қайнатып, күбі піседі

789 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жезқазған қаласында «Жезказганский вестник» деп аталатын газет бар. Атауы орысша болғанмен қазақ, орыс тілдерінде жарық көреді. Аймақтағы аптасына екі мәрте шығатын бірден-бір газет. Бас редакторы – Эльвира Алпанбаева. Баспасөзді дүниеге алып келген де – өзі.

Жазуға жорға журналист құрт қайнатып, күбі піседі

Оның отбасы Жезқазғанның ірге­сіндегі Кеңгір ауылында тұрады. Неге? Гәп міне, осында.

Ол көпбалалы отбасында өсіп, өнді. Әке-шешесі Кәдіржан мен Күләйша шаруақор жандар еді. Олар балаларын да кішкентайларынан еңбекке баулыды. Ауылда тұрғасын белгілі емес пе, қандай жұмыс бар, соның бәрін қолыңнан өткересің. Эльвираның да қолынан шелегі түспейтін, бірде сиыр, енді бірде бие сауып, анасының қасынан қалмайтын еді. Ана көрген қыз енді қазір тон пішіп жүр.

Қуаныш есімді азаматқа тұрмысқа шық­ты. Ауылдың малсақ баласы ғой, ол Эльвираның «мал ұстасақ қайтеді?» дегеніне қуанбаса, қабағын шытқан жоқ.

– Алғашында әкеден қалған азын-ау­лақ малымызды ауылдағы аға­йын­­­­ның біріне қосып қойдық. Бірақ әлдене жетіспейтін секілді сезімде болдық. Сосын... Жезқазғанның маңындағы Кеңгір ауылынан үй сатып алып, сонда көштік. Біз көшіп жат­қанда көршілеріміз «Қаладан далаға қашқандарың қалай?» деп таңырқаған. Сөйтіп, мал шаруашылығымен тікелей өзіміз айналыса бастадық, – дейді журналист өзінің қалайша «фермерге» айналып кеткені жөнінде.

Қазақ «мал баққанға бітеді» деп бекер айтпайды. «Тәуекел түбі – жел­қайық, өтесің де кетесің» деген айтуға оңай, бірақ ащы тердің тәтті дәмін сезіну үшін ерте тұрып, кеш жату, өзіңнен бұрын малдың бабын табуың керек. Өздеріне ауылдың жаттығы болмаса да, алғашында балалар жақтыра қоймады. Қалалы жердің тікбақайлары емес пе, біразға дейін бұртиыңқырап жүрді. Бірақ...

Эльвира ауылға келісімен қора­сындағы сиырының сүтін, айранын, құрт-қаймағын, биесінің қымызын сатылымға шығарды. Алғашында қалай сатуды да білмеді. Базардағы, дүкендердегі «тәтелерге» апарып өткі­зіп жүрді. Бәріне бірдей өзі баратын уақыт қайда? Балаларды жұмсайды. Содан түскен табыстан оларға өздерінің «үлестерін» беріп отырады. Қалтаға тиын түскесін, олар да жіби бастады. Тіпті қолдарына шелек алып, аналарымен бірге сиыр, бие саууға шығатын болды.

 – Құдай берген қыздарым – Аяулым, Аружан, Гүлім қазір қо­лымды ұзартып жүр. Ауылдың тірлігіне еттері үйренді. Сиырды да сауады, құртты да жасайды, сүтті де тартады, қыстың күндері малға шөп салып, қиын да тазалайды, ішекқарын да аршиды... Әу бастағы реніштерін ұмытты, – деп бір күліп қояды Эльвира.

«Осы біз сүт, айран, қымыз, құрт, ірімшік, қаймағымызды арзанға сатып жүрген жоқпыз ба? Таң атпай тұрамыз, сиыр, биені сауамыз, бәрін өз қолымызбен істейміз. Сосын біреу­лерге апарып өткізеді екенбіз. Ал олар жылы жерде тұрып, өздерінің бағасын қойып, сатады екен. Неге соларды өзіміз сатпасқа?». Қазіргі жастар кәсіпкерлікке ілкімді ғой. Аяулымның сөзі Қуаныш пен Эльвираға ой салды. «Шынында, неге солай жасамасқа?».

Сөйтіп, Жезқазған қаласындағы қараусыздау қалған ескі кафенің ғима­ратын сатып алып, күрделі жөндеуден өткізді. Сөйтіп, Жез­қазғандағы ең алғашқы этно-дәмхана ашты. Қазір «QYPSHFQ» этно-дәмханасының қызметіне көпшілік дән риза. Этно-дәмханаға келген қонақтар бал­қымыз ішіп, балқаймаққа ыстық бауыр­сақты батырып, таза табиғи сүт қосылғ­ан күрең шаймен шөлін басып, рахаттанып демалып қалады. Сонымен бірге қазақтың ұлттық тағамдарына тапсырыс қабылдайды. Астаулап ет, табақтап қуырдақ керек пе, мархабат!

Қазақстан Республикасы Журна­лис­тер одағының мүшесі Эльвира Алпанбаеваның журналистік өті­лі­­не жиырма жылдан асты. Ол – «ЖезМедиа-Пресс» ЖШС директоры,­ «Мейірімді жүрек» қоғамдық бірлес­тігінің, Ұлытау облысы Аналар кеңесінің төрағасы, Ұлытау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының және облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі. Мұны тізбелеп жазып отырғанымыз, журналист әріптесіміздің негізгі мамандығына қоса әрі ауылдағы тірлігінен тыс облыстағы қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан­ табылатынын көрсету еді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысхатымен марапатталған Эльвира Алпан­баева «Халық алғысы» медалінің, Қарағанды облысы Азаматтық қауым­дастығының «Ұстаным», «Алтын жүрек», Қазақстанның Іскер әйелдер қауым­­дастығының «Enbegi jangan arylar» медальдарының иегері. Басқа да көптеген марапаты оның еңбегіне берілген шынайы баға мен құрметті айғақтайды.

 

Жезқазған