Аймақтар • 02 Шілде, 2023

Шөп ору науқаны қыза түсті

308 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы аграрлық өңір болғандықтан, шаруа қожалық басшылары науқан кезінде жемшөп жинау жұмысына мықтап кіріседі. Өткен жылы Жер-анадан рекордтық көрсеткіште мал азығын жинап алған шаруашылық жетекшілері қыстың жайлы болғанының арқасында әжептеуір жемшөп қоры қалыптасқанын айтып отыр.

Шөп ору науқаны қыза түсті

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жі­гіте­ков­тің айтуынша, өңірде бүгінгі күнге дейін 352,6 мың гектар алқаптан шөп орылыпты. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 10 мың гектарға артық.

«Жалпы алғанда, өңірдегі шаруа қожа­лық басшылары төрт түлікке қа­жет­ті жемшөп қорын жинау жолында ешқашан аянып қалған емес. Бұл жұ­мыстар биыл да сәтімен жалғасып жатыр.

Биыл облыста 2,6 миллион тоннадан астам мал азығын дайындау көзделсе, оның ішінде 2,2 миллион тонна пішен, 105 мың тонна пішендеме, 438 мың тонна сабан, 102 мың тонна сүрлем бар.

Қазіргі уақытта барлық ауданда шөп ору науқаны басталып, қызу жүріп жатыр. Жалпы алғанда, өңір бойынша 184,7 мың гектар көпжылдық және 27,9 мың гектар біржылдық шөп, 135,4 мың гектар табиғи шабындық, 4 мың гектар сүрлемдік жүгері ору жоспарланған.

Бүгінгі күні 181,9 мың гектар көп­жыл­дық шөп, 21,5 мың гектар біржыл­дық шөп және 61,7 мың гектар табиғи шабындық орылса, 1 миллион тонна пішен, 14,6 мың тонна пішендеме, 5,0 мың тонна сабан дайындалып, бұл ба­ғыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасып жатыр.

2022 жылы өңір шаруалары жемшөп қорын молынан жинап алған болатын. Нәтижесінде, өткен жылдан қалған, қол­да бар мал азығы 218,7 мың тоннаны құ­рап отыр. Қысқасы, шаруалар биыл да жемшөптен тарықпайды деп айтуға то­лық негіз бар», дейді Н.Жігітеков.

Расында да, шаруа қожалық жетекші­лері өткен жылы рекордтық көрсеткіште жемшөп жинаған болатын. Тіпті олар­дың арасында: «Биыл орып алған мал азығы бір жарым, екі жылға жайынан жетеді», деп мақтанғандар да болған. Шынында да, солай секілді. Өйткені жоңышқасының алғашқы орымын жинаған шаруалар көрсеткіш өткен жылғыдан төмен болғанына қарамастан, жемшөп қоры жеткілікті екенін алға тартып отыр.

«93 гектар жерден былтыр 15 мың түк жемшөп жинап алған болатынмын. Жалпы алғанда, өткен жылы табиғат-ана шаруаларға қатты қарайласты ғой. Қыс мезгілі де жайлы болды. Жергілікті атқарушы билік те шаруаларға қолдан келген жағдайды жасап жүр.

Әйткенмен биыл алғашқы орымда жинаған жоңышқамыз былтырғыға қарағанда сәл аздау болды. Әрине, өт­кен жылғы көрсеткішпен салыстырсақ төмендеу екені рас. Алайда былтырғы жылдан артылып қалған мал азығы бар екенін ескерсек, шаруалардың биыл аса қатты қинала қоймайтыны мәлім. Сабан бар, басқа бар, өткен жылдан 50 тоннадан астам мал азығы артылған болатын. Алда жоңышқаның кезекті орымы күтіп тұр. Қысқасы, мал азығын молынан жинап алатын мүмкіндік жеткілікті», дейді «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығының басшысы Темірбек Байқұлиев жағдайды түсіндіріп.

Облыс орталығынан 100 шақырым қашықта жатқан Тұрар Рысқұлов ауда­нының шаруа қожалық жетекшілері негізінен егінге баса ден қояды. Сондай-ақ суармалы жерге да назар аударады.

«Шабындық бізде негізінен күрең күзде қыза түсетіні белгілі. Қазір шаруа қожалық жетекшілері суармалы жердегі жоңышқаның алғашқы орымын алып жатыр. Біздің ауданның азаматтары құм алқабындағы жерлерді де назардан тыс қалдырмайды.

Жауапты басшылардың ықпалы­мен Мойынқұм алқабынан 5 мың гектар жер алдық. Ол жақтан мал азығын дайын­дауға бес бригада жұмылып отыр. Жал­пы, қысқы мал азығын дайындау төрт түлік санының артуына байланыс­­ты жылда көбейіп тұрады. Осы жолы 237 мың тонна жөмшөп жинаймыз деп жос­парлап отырмыз.

Өткен жылмен салыстырғанда биыл мал азығын 10-15 пайызға артық жи­науға ниеттіміз. Жалпы, былтырғы молшылық шаруаларға қол болғаны сөзсіз. Қысқасы, өткен жылдан қалған қосымша 50 пайыз жемшөп дайын тұр. Қазір азаматтарымыз сабан жинап жатыр, бидайық та айтарлықтай жеткілікті болады деген сенімдеміз. Жергілікті атқарушы билік тарапынан жеңілдетілген дизель отыны мәселесі шешімін тапқан», дейді Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев.

Өңірдің барлық ауданында шөп шабу науқаны қызып тұр. Шаруа қожалық басшыларының басым бөлігі мал азығын молынан жинап алатындығына сенімді. Неге десеңіз, өткен жылдан артылған жемшөп те аз емес.

Тұрар Рысқұлов аудандық ауыл ша­руашылығы бөлімінің басшысы Т.Би­ғазиевтің айтуынша, ауданның бар­лық ауылдық округіне қосымша 5 мың түк шөп жинау туралы тапсырма бе­ріледі екен. Жиналған мал азығы қор­да сақталады. Қандай да бір мәселе туын­даса немесе белгілі бір шаруа қожа­лық жинаған жемшөп өртеніп кетсе, мұқ­таж азаматқа бірден қордағы мал азығы беріледі.

Қыстың қамын жаз ойлайтын шаруа қожалық басшылары күрең күз түскенше қажетті мал азығын жинап алатындығына бек сенімді. Оған мүм­кіндік мол дегенді де алға тартып отыр.

 

Жамбыл облысы