Пікір • 02 Шілде, 2023

Отандық дипломатия көкжиегі

639 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде халықаралық қоғамдастық келеңсіз дүрбелеңнен арыла алмай келеді. Әлемдік тәртіптің реті өрескел бұзылуы салдарынан алыс-жақын бірқатар елде саяси, әскери дағдарыс болып жатыр. Соның кесірінен әлеуметтік-экономикалық қиындық, гуманитарлық апат белгілері анық байқалады.

Отандық дипломатия  көкжиегі

Халықаралық қоғамдастықтың іргелі, белсенді қатысушысы ретінде мемлекетіміз шартараптағы үдерістен тыс қала алмайтыны түсінікті. Бірінші кезекте, сыртқы саясат саласының, ұлттық мүддені қорғау жолында әлем­нің әр түкпірінде қызмет етіп жүрген дипломатиялық майдан өкілдерінің мойнына жүктелер жүктің салмағы да еселей арта түспек. Баршамыздың алдымызда мемлекетімізді ымырашыл, сындарлы, бейбіт және өркениет жолымен өрлеуін қамтамасыз етудің абыройлы парызы тұрғаны аян.

Еліміздің Сыртқы істер минис­тр­­лігі отыз жылдық белестен өтіп, мем­лекеттілігімізді нығайту жолында жемісті қызмет етіп келеді. Өткен кезең аралығында бірнеше буын алмасуы табиғи түрде жүзеге асты. Мүлде жаңа мекеменің іргесін қалап, оның қызметін халықаралық қалыпқа түсіруде өлшеусіз еңбек сіңірген ізашар аға буын өкілдерінің есімдерін әрдайым құрметпен еске аламыз.

Бүгінде топшысы бекіп, қанаты қатайған отандық дипломатияның кәсіби һәм зиялылық келбетінің орнығып нығаюы кезінде осы саланы екі мәрте басқарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімімен тығыз байланыс­ты. Қаламы қарымды дипломаттың қолынан шыққан күрделі де қызықты еңбектері ізбасар мамандар үшін халықаралық қатынастар саласының терең иірімдеріне бойлауға мол мүмкіндік беретіні сөзсіз. Қазіргі уақытта еліміздің сыртқы саясат саласын басқару аталған саланы іштен білетін, дипломатиялық мектептің қыр-сырын жан-жақты меңгерген кәсіби дипломат Мұрат Нұртілеуге сеніп тапсырылуы әріптестері арасында үлкен үміт пен сенім ұяла­тады.

Алаштың ардақты перзенті Мұс­тафа Шоқай «Жаман халық деген жоқ, жаман адамдар бар; адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адам­гершілігі мол адамдар болады» деп айтқандай, дипломатияның өзі өзге мемлекеттердегі ниеттес әріптестерді тани біліп, олармен тіл табысу амалдарын меңгеруде болса керек. Қадыр ақын өсиет еткендей, «өз тіліңді құрметтей отырып, өзге тілдің бәрін білуің», ендеше, ғұмыр бойы оқу мен ізденуің лазым, әрине! Анығында, жоғары оқу орындарынан теориялық біліммен келген жас мамандардың нағыз өмір мектебі, біліктілікке төсе­луі күнделікті қызмет барысын­да, ұжым­дағы, айналасындағы әріптес­тері­мен қарым-қатынас кезінде шың­да­ла­тыны тағы түсінікті.

Егемендіктің алғашқы сәттерінен бастап Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық мекемелерін бірнеше құрылықта ондаған жыл үздіксіз бас­қарып, орасан тәжірибе жинақтаған айтулы тұлғалар бүгінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлігі деңгейіне жеткені хақ. Осынау әлеуе­ті аса зор, біліктілігі мен қабілеті жан-жақты бір шоғыр әріптесіміз қазіргідей күрделі кезеңде елге оралып, әлеуметтік, экономикалық, тіпті мәдени-ғылыми маңызды салаларда Мемлекет басшысы ұсынып отырған кешенді реформаларды жүзе­ге асыруға септігін тигізіп келеді.

Мемлекет басшысы жақында өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде әрбір азаматтың сана-сезімі жаңғырып, ниеті, пиғылы өзгермесе, жасалып жатқан реформаның бәрі бекер екенін тайға таңба басқандай айқындап бергені мәлім. Ұлттың рухын жаңғырту жолында жүрген ұрпақты, азаматтарды қолдау түбінде қазақтың ренессанс дәуіріне, яғни түбегейлі өзгерістер заманына әкеледі. Әділетті Қазақстанды отаншылдық, адамгершілік қасиеті жоғары, кәсіби маман, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңірген адал азаматтар құратыны, олай болмағанда, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетуіміз қаупін де ашық мәлімдеді Президент.

Ұлт мүддесі жолына бастарын бәйгеге тіккен Алаш қайраткерлерінің қасиетті ісін дипломатиялық бағытта жалғастырып, елдігіміздің тұғырын нығайтуға үлес қосқан айтулы тұлға­лар аз емес. Сыртқы саясат саласын­дағы қайыспас қара нарлар шыдас беретін салмақты жүкті абыроймен көтерісіп келе жатқан әріптестерім Эрик Сүгірбеков, Ырысқали Дәурен­бек, Тауболды Үмбетбаев, Ардақ Мадиев, Берік Садықов, Әлмұрат Тұр­ған­беков, Данияр Байтурин, Гүлми­ра Сұлтанәлі, сондай-ақ арабтанушы Бабыр Дәуренбек, парсы әлемінің білгірі Оңталап Оңалбаев, Алманияны ақтарған Сәкен Хамидуллин, қытай­та­н­ушы Жошыхан Қыраубаев, өзге де білікті дипломаттар Қазақ елі­нің сыртқы саясаттағы беделін асқақ­тату­ға үлес қосып келеді.

Кейде ғасырдан да ұзақ көрінетін­дей қысқа мерзімде еліміздің іргесі бекіп, дүниежүзілік қоғамдастықтың қабырғалы мүшесіне айналып, еңсесі биіктеп, абыройы арта түсуінің ал­қалы ісіне қомақты үлес қосып келе жатқан Сыртқы істер министрлігінің барша ұжымының жауапты да абыройлы қызметінің кемел нәтижесінде отандық дипломатияның көкжиектері уақыт өткен сайын кеңейіп келе жат­қа­ны қуантады.

 

Мұхтар КӘРІБАЙ,

дипломат