Сенат • 04 Шілде, 2023

Ұлытауда байыпталған ұлттық құндылықтар

265 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлытау облысының мәслихат депутаттары, ақсақалдары, жастары өкілдерімен кездесті. Кездесу кезінде Мемлекет басшысы тапсырмаларының өңірде орындалу барысы, Сенат пен мәслихаттың өзара іс-қимы­лының жаңа форматы, ақсақалдарды қоғам институтының дамыту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі рөлі кеңінен сөз болды.

Ұлытауда байыпталған ұлттық құндылықтар

Палата спикері Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұ­мы­сының басты міндеті ел Прези­дентінің бастамасымен қолға алын­ған реформалардың іске асы­рылуын заңнамалық деңгейде сапалы қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев жергілікті өкілді органдарды осы бағытта белсенді жұмыс істеуге шақырып, өңірдегі маңызды мәселелерге назар аударды.

«Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысындағы ма­ңызды бағыттардың бірі – өңір­лердегі өзекті мәселелерді ше­шу. Мұндай мәселелер аз емес. Олардың басым бөлігі ин­фра­құрылымға, әлеуметтік нысан­дарға, мемле­кеттік бағдар­ла­малардың орындалуына қа­тысты екені белгілі. Ұлытау облысында осындай мә­селелер­ді ше­шу үшін өңірдің 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуын қамта­масыз ететін кешенді жоспар қа­былданғанын білеміз. Еліміздің дамуын және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды қам­тамасыз ету – біздің ортақ мақса­тымыз. Сондықтан Сенат өңір­лердің мүд­десін қорғайтын Палата ре­тінде мәслихаттармен өзара байланысты одан әрі нығайта береді», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы сенаторлар мен мәслихат депутат­тарының бірлескен жұмысының негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Бұл ретте заңнамалық жұ­мысқа мәслихат депутаттарын тарту­дың маңызды екені айтылды. Сенаторлар өңірлерді дамыту мәселесін әрдайым назарда ұстап, мәселелерді жүйелі шешуге заңнамалық тұрғыдан ықпал ететін болады. Аталған бағытта «Өңір» депутаттық тобы және алғашқы отырысы мамыр айында болған Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

Кездесу барысында басқару жүйесін орталықсыздандыру мә­селесіне де баса мән берілді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқаны белгілі. Мұндай әкімшілік трансформация мәслихаттардың құзыретін кеңейтеді және рөлін арттырады, сондай-ақ өңірдің дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Жиынға қатысушылар депутаттар арасында тәжірибе алмасудың және оқыту тренингтері мен семинарлар ұйымдастырудың маңызы зор екеніне де назар аударды. Мұндай өзара іс-қимыл жергілікті өкілді орган қызметкерлерінің біліктілігін арттыра түспек.

Ұлытау облыстық мәсли­ха­тының депутаты Н.Раскопопов облыс тұрғындарын мазалап жүр­ген сапалы ауыз су мәселесі туралы сөз етті. «Жезқазған халқы ауыз судың 70 пайызын ашық су қоймасынан алады. Сондықтан да халық «Үйтас-Айдос» су құбырының те­зі­рек пайдалануға берілуін та­ғат­­сыздана күтіп отыр. Қазір мұн­да мердігер жақсы жұмыс жүр­гіз­іп жатыр, қаржыландыру мәсе­лесінде үзіліс болып қалмауы өте маңызды», деді ол.

Депутат Қ.Рысбеков мемле­кеттік сатып алу туралы заңды қайта қарау туралы ұсыныс біл­дірді. Өйткені бар шаруаны тендерге тіреп қоюдың теріс­тігін уақыт көрсетіп отыр. «Тен­дерге тіпті ешқандай құрал-жаб­дығы жоқ компаниялар да қатысып, жеңімпаз атанып жатады. Соның салдарынан жұмыс жүрмейді, уақыт зая кетеді», дейді депутат. Кездесу барысында Сенат төрағасы әрбір пікір мен ұсыныстың ес­ке­русіз қалмайтынына сендірді.

Облысқа сапары кезінде Сенат төрағасы Ұлытауға арнайы барып, жергілікті ақсақалдармен кездесті. Өз сөзінде Мәулен Әшім­баев өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтауға үлкен үлес қосып келе жатқан аға буынға алғыс білдірді. Ол облыстың бұл бағыттағы әлеуетін одан әрі арттыру жолында ел ағаларының алдағы уақытта да белсенділік танытатынына сенім білдірді.

«Ұлытау – ұлтымыздың ұя­сы. Біздің мемлекеттілігіміз осы киелі жерден бастау алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлы­тау облысын құру туралы шешімі өңірдің дамуына тың серпін берді. Бұл өлкеде көптеген тарихи-мәдени ескерткіш, тарихымыздағы ұлы тұлғалардың кесенелері бар екені белгілі. Оларды лайықты қорғау және сақтау – ортақ жауапкершілік. Осы бағыттарда жүйелі жұмыс атқару – ұлтымыздың мүддесін қорғау, жоғын түгендеу, тарихи тұлғаларымыз бен мәдени мұраларымызды ұлықтау болары анық», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат спикері Палатаның осы бағыттағы жұ­мысына тоқталып, «Ұлттық мүд­де» алаңының маңызы жө­нінде айтты. Одан бөлек, ұлттық құн­дылықтар тақырыбына арналған Үкімет сағаты мен Парламенттік тыңдаулардың нәтижесі жайында сөз қозғады.

Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің берері қашанда мол екені сөзсіз. Мәулен Әшімбаев облыстың бел­сенді жастарымен кездесуде осы мәселеге көңіл бөлді. Өз сөзінде Сенат Төрағасы талантты, білімді жас буын еліміздегі өзгерістердің және Әділетті Қазақстан құрудың негізгі қозғаушы күші екенін тілге тиек етті.

«Сіздердің әрқайсыңыз еңбек­қорлық пен табандылықтың ар­қасында өз салаларыңызда ай­тар­лықтай нәтижеге қол жеткіз­діңіздер. Мемлекет мақсаты ай­қын, патриот жастарға қолдау көрсетуді және олардың әрі қа­рай дамуына жағдай жасауды жалғастыра береді. Сіздердің креа­тивті идеяларыңыз бен ұсы­ныс­тарыңыз еліміздің болаша­ғына әсер ететіні сөзсіз. Осы жа­уапкершілікті әрқайсыңыз сезініп, мемлекетіміздің дамуына үлкен үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін», деген Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушылардың назарын Абайдың «Толық адам» мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамаларын тиім­ді рухани бағдар ретінде іл­ге­­­рі­­летудің маңыздылығына аудар­­ды.

Сонымен қатар Сенат төра­ғасы жастарға Палатаның заң шығару қызметі, жас буынды мемлекеттік басқару саласына жұмылдыру және азаматтық әлеует­ті жандан­дыру жөніндегі жұ­мыстары туралы айтып бер­ді. Өз кезегінде Ұлытау жастары Сенат жанындағы Жас са­рап­шылар клубының және Тал­дау мектебінің қызметіне қы­зы­ғушылық білдірді.

Одан бөлек, өңірге сапары аясында Мәулен Әшімбаев Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мек­теп-интернатының және «Ұлытау технологиялық университетінің» ұжымымен кездесті. Сондай-ақ ол «Ұлытау» визит-орта­лы­ғы­­ның қызметімен танысып, «Жо­­­шы хан», «Домбауыл», «Ала­ша­хан» және «Алтын шоқы» та­­­­рихи-мәдени кешендері мен ке­­сенелерін зиярат етті.