Жиырма жылдан бері өтіп келе жатқан дәстүрлі олимпиада еліміздің барлық өңірінде жалғасын тапты. Соның басы-қасында қазақтың ардақты ұлдары өз үлестерін қосты. «Моңғолдан келді ағайын, Моңғолды ертіп келген жоқ. Пәкістаннан келді ағайын, ұрдуды ертіп келген жоқ» деп ақын айтпақшы, Отанымыздың жоғары оқу орындарының ректорлары да өздерінің білім гранттарын беріп, үлкен қамқорлық жасап отырды. Осы арада бұл олимпиаданың бастау басына бір сәт назар аударар болсақ, 1996 жылы шетелдегі қандастарға қамқорлық жасау туралы Мемлекет басшысының Өкімі шығып, 1998 жылы Үкіметтің арнайы Қаулысы қабылданған еді. Соның аясында бұл ұлт ісі шетелдегі қандастардың ұрпағын атамекеніне тарту ниетінде ата-жұртымен таныстырып, тілімен қауыштыру мақсатында ұйымдастырылды. Бұл бір жағы болса, екінші жағынан миллиондаған бауырлардың ұрпағын Отанына тарту арқылы ұлттық демографияны өрістету, ұлт қарымын арттыру еді. Осыны дәл бағамдаған айбынды қазақ жазушысы Шерхан Мұртаза Таразда өткен білім сайысында сол тұстағы облыс әкімі Б.Жексембинге: «Қазақтың басын құрайтын – қазақ тілі. Мен мұны сырттағы қазаққа ғана емес іштегі алашұбар қазаққа да айтамын. Бұл олимпиада – ғажап идея. Көп болып қолдау керек, міне ұлт топырағына ұлт ұрпағының ботасы келіп отыр, ертең атасы да жетеді, Бөрібай мырза, құшағымызды ашалық!» деген еді. Ал басталған жылдан өмірінің соңына дейін қазылар алқасының төрағасы болып, елім деп келген әр баланы «Құлындарым!» деп жан жылуын төгіп, әр баланың қамқорына айналған академик, ұлт тілінің ұйтқыларының бірі Өмірзақ Айтбайұлының жөні де, жолы да бөлек еді-ау!
Бұл жолғы олимпиаданы аға жолын жалғаған, қазылар алқасының төрағасы, белгілі ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Д.Қамзабекұлы бастап, профессорлар Д.Ысқақұлы, Қ.Ергөбек, Т.Баймолдаев, Ж.Аймұхамбет, доценттер Г.Айтбаева, Қ.Сәрекенова, Қ.Әділов мәреге жеткізді. Олар оқушылардың еңбектерін сарапқа салды. 80-ге таяу талапкердің ауызша, жазбаша шығармаларын бағалау барысында әрқайсының бойындағы елге деген сүйіспеншілігіне, ата-жұртына деген ерекше ілтипатына тәнті болды. Бір атап өтерлігі, әлемдегі алай-дүлей ой салған ба, күн кешіп жатқан мемлекеттерінде қазақтілді мектеп болмаса да олардың ана тіліне, бабалар жұртына деген құлдық құлшынысы ерекше байқалды. Мәселен 2019 жылы Иран мемлекетінен 13 оқушы келсе, көбінің тілі күрмеліп жатса, бұл жолы сол Иран Ислам Республикасының Горган қаласынан келген жалғыз бала, 11-сынып оқушысы Пуя Павиз мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, «Менің арманым!» деген тақырыпта жазған эссесінде: «Менің ойымша, әр адамның арманы әртүрлі. Менің арманым – ана тілінде жоғары білім алып, қазаққа қызмет ету. Әлихан Бөкейхан атамыз «...қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп өсиет қалдырған ғой, мен сол өсиетке адал болғым келеді», депті. Ауызша емтиханда қазақ тілін қалай үйренгенін сұраған едік: «Мен тұрып жатқан елде қазақ тілін тек үлкендер ғана біледі. Ата-анам да ұлт тіліне шорқақ. Мен болсам ана тілін интернет желісінен үйрендім. Үйреніп қана қоймай, сауатты жазуды да меңгере бастадым», дейді. Беларусь Республикасы Минск қаласынан келген Камила Филипенко да қазаққа деген сағынышын бүкпесіз алға тартып, жазған эссесінде ұлт ұлылығына дәйектер келтіріп отырды. Оқушылардың қай-қайсымен тілдессең де ата-жұртына деген ілтипатын ғана емес, атамекеніне қызмет етуге әзір тұрғанын бірден аңғарасың.
Олимпиадаға қатысқан оқушылардың барлығы мақтау қағаздарға ие болды. І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, алтын, күміс және қола медальдар алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар «Отандастар» қоры жеңімпаздарға Бурабай ұлттық шипажайына 10 тегін жолдама берді. Осындай үрдісті жиырма жыл ішінде Көкшетаудағы «Балдәурен» балаларды сауықтыру кешені де жалғастырып келе жатқанын айта кетуге тиіспіз. Еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары бұрынғы дәстүрмен өздерінің 18 білім грантын тағайындаған екен. Мұндай шарапаты мол жақсылық жасаудан Қорқыт ата атындағы Қызылорда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеттері көш бастап тұрды. Ректорлар грантына ие болған талапкерлер қатарында У.Тұрдыбекова, А.Айшатов (Өзбекстан) М.Әліп, А.Асылбек (Моңғолия) Пуя Павиз (Иран) және тағы басқалар бар.
Біз олимпиада кезінде оқушыларды бастап келген жетекшілермен де ой бөліскен едік. Олар өз елдеріндегі қазақ тілі мен мектептері туралы пікірлерін білдірді. Айталық іргелес жатқан, бір туған делінетін қырғыз елінде бірде-бір мектептің жоқ екенін, онда тұрып жатқан мыңдаған қазақтың орыс тілінде білім алып жатқанын естісек, Қосағаш ауылы (Ресей, Алтай Республикасы) тұрғындарының ұлт тілін өлтірмеу жолындағы жанкешті талпынысына көз жеткіздік. Олар бес жыл бұрын Қазақстаннан оқулық алдырып тұрса, енді Ресей заңына сай сол елдің білім стандарты негізінде құрал жасап жатқандарын естіп білдік. Иә, онда да қазақтілді мектеп жоқ. Қазақ тілі мен әдебиеті сыныптан тыс оқытылады екен. Мұндай жарымжан тірлік Ресейдің Омбы, Орынбор, Самара, басқа да өңірлерінде орын алып отырғаны белгілі. Ал Өзбекстан мемлекетінде қазақтілді мектептер бар, бірақ бірте-бірте аясы тарылып бара жатқан көрінеді. Ол елдегі оқулықтардың 40 пайызы өзбек халқының әдебиетін, 40 пайызы қазақ, 20 пайызы өзге ұлт әдебиеттерінен тұрады екен. Өзбек тілін оқытатын пән мұғалімдеріне 50 пайыздық үстеме төленсе, өзге тіл мамандарына ондай мүмкіндік қарастырылмапты. Оқушыларды бастап келген азаматтар бұрынғы қазақ басылымдарымен байланыстың үзіліп қалғанын жеткізіп, осы мәселе дұрыс шешімін тапса, тіл білуге көп септесер еді деген ой-түйіндеріне бірнеше басылымды біріктіріп отырған серіктестіктің басшысы Д.Қамзабекұлы орынды ұсынысты қолдайтынын, оны іске асырудың жүйелі жолдарына нақты дәйектер келтіріп, заманға сай жазылу тәсілдерін алға тартып, электронды байланыс арқылы автор болуға мүмкіндіктің бар екенін де атап айтты.
Жалпы, жиырма жыл ішінде келген талапкерлер саны 2 мыңнан асса, олардың дені Қазақ елінде қызмет етіп жатыр. Ұлттық демографияға да қосып жаткан үлестері ерекше. Алды 3-4 тіпті 5 баланың ата-анасы атанып отыр. Мемлекеттік қызметте, іргелі ұйымдарда еңбек етіп жатқандар да аз емес. Қырыққа жуық қандас балалары ғылыммен айналысып, алды профессор дәрежесін алып, жоғары оқу орындарында сабақ беріп жүр. Бизнес саласындағы жұмыстарын да дөңгелетіп жүрген алымды жастардың тыныс тірлігі кімді де болса тәнті етері сөзсіз. Осы олимпиаданың ашылуы мен жабылу салтанаттарында олардың біразы қатысып, ізбасарларына тілектерін білдіріп, атажұрттай мекеннің, қазақ тіліндей киелі тілдің ешбір елде жоқ екенін айтып, ізбасарларына жүрекжарды ниетін білдірді. Қай-қайсысы да «Біз қазақ халқы деп тудық, сол халық деп дүниеден өтеміз де. Басқа ой-пікір болған емес, болмайды да», деген Алаш арысы Әлімхан Ермековтің аталы сөзін алға тартып жатты.
Олимпиаданың соңғы түйінін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов жасап, дәстүрлі олимпиада алдағы жылда жалғасын таба беретінін алға тартып, осы жолғы шараны З.Аманова жетекшілік ететін лаборатория жақсы ұйымдастырғанына ризалығын білдіріп, төрткүл дүниенің біраз жерін мекен еткен қандастардың, әсіресе Түркия, Қарақалпақстан, Еуропа мемлекеттеріндегі бауырлар балаларын алдағы кезеңдердегі тіл жарысына қатыстыруға күш салатынын білдіріп, осы басқосу туралы пікірлерді, оқушылардың шығармаларын жинақ етіп шығаруға мүмкіндік қарастыратынын атап, биыл шаңырақ көтергеніне 25 жыл толатын «Дарын» орталығының атаулы күнін де назардан тыс қалдырмайтынын, сол секілді ендігі басты міндет еліміздің жоғары оқу орындарына грант алған талапкерлердің оқуына көңіл бөлетінін тілге тиек етті. Шынында, әлемдегі бар қазақтың балалары – Отаным деген олардың жұдырықтай жүректері атажұртында табысып жатса, қәне!
Сүлеймен МӘМЕТ,
журналист