Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев іс-шараға жиналғандарды жаңа білім ордасының ірге көтеруімен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», деген болатын. Президент қазіргі цифрландыру, индустрияландыру заманында ІТ саласына деген сұраныс пен техникалық ғылымдардың маңыздылығын ескере келе, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге басымдық беруді тапсырды. Бұл ретте ел дамуына өзіндік үлес қосатын мамандарды оқыту, ІТ саласына жаңа леп әкелетін бағыттарды дамыту – біздің басты міндетіміз, деді аймақ басшысы.
Жиналған қауымды мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы мен білім саласының ардагері Бақберген Досманбетов құттықтады.
Былтыр облыста 19 балабақша, 6 мектеп, Жалағаш ауданында Оқушылар үйі және Өнер мектебі қолданысқа берілген болатын. Алдағы 3 жылда 64 балабақша және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 15 100 орынға арналған 21 мектеп бой көтереді. Осы күні облыста 21 жеке білім ордасы жұмыс істеп тұр, 3 жылда инвесторлар тағы 12 мектеп салуға бел байлап отыр.
Ал осы физика-математика бағытындағы мектеп-интернат мәселесі Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың өткен жылы өңірге жасаған сапарында шешімін тапты. Облыс орталығындағы №101 Ә.Мүслімов және №2 Абай атындағы мектептерге қосымша құрылыс салу, «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы 600 орындық және Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орындық мектеп құрылысын аяқтау да сол сапар аясында нақтыланды.
Алдағы уақытта сол жағалаудан жаңа автовокзал ашылады. Аймақта көлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде жаңа ауданнан осындай нысанның іргетасы қаланды.
Өңір басшысы өткен жылдан бері Қызылорданың негізгі қақпасы саналатын әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілгенін атап өтті. Осы жылдың наурыз айында Болат Өтемұратов қорының қолдауымен құны 15 млрд теңге болатын Қорқыт Ата әуежайы терминалының құрылысы басталды. Енді жолаушылар мен тасымалдаушыларға қызмет көрсететін, барлық стандарт талаптарына сәйкестендірілген заманауи үлгідегі жаңа автовокзал ғимараты бой көтере бастайды. Бұл кешен жол қатынасының реттелуіне негіз болады. Мұнда тек автовокзал ғана емес, ірі сауда және қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету орындары, қоймалар, автокөлік жөндеу цехтары да жұмыс істейді.
Жаңа автовокзал пайдалануға берілгеннен кейін 55 автобус маршруты ұйымдастырылады. Мұнан бөлек, Ташкент қаласына 1 халықаралық рейс, 46 ауданаралық, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Жібек жолы, Ақтөбе және тағы басқа қалаларға 8 маршрут жолға шығады. Нысан жаз мезгілінде күніне 3 700-ден астам, қыста мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге ыңғайластырылып салынады. Құны 975 млн теңге болатын жаңа автовокзал құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, қолданысқа берілмек.
Өңірдегі жолаушылар тасымалының жолға түсуіне «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының тигізген әсері көп. Облыс орталығында да жолаушылар тасымалдау қызметін жақсарту үшін өткен жылы заманауи 150 жаңа автобус сатып алынды. Биыл олардың қатарына тағы 150 автобус қосылып, шаһардағы қоғамдық көлік мәселесі түбегейлі шешімін таппақ.
Қызылорда