Бұл биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы деп аталатын дерттен көз жұмған екінші адам болып отыр. Осының алдында Шиеліге көршілес Жаңақорған ауданынан тағы бір адам осындай диагнозбен жансақтау бөлімінде тілге келмей кеткен еді.
Жалпы, жыл басынан бері облыстың медициналық мекемелеріне кене шаққан 600-ден астам адам келіпті. Олардың 23-і ауруханаға жатқызылып, сегізінің диагнозы расталды. Қызылорда облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, оларды тіркеген сәттен бастап 12 сағат ішінде жеке аумақтар, малдар мен қоралары дезинфекцияланады. Барлық байланыста болған адамдарды 14 күн бойы дәрігерлер бақылауында ұстайды.
Жалпы, биыл кене көп. Әсіресе, төрт түліктің қарасы мол Жаңақорған мен Шиеліден «қансорғыш бәле буып барады», деген хабар оқтын-оқтын келіп жатыр. Оны жақында әріптесіміз Дәурен Сейітжанұлының әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған видеоларынан да байқадық. Шиелі ауданындағы Қарғалы ауылының тұрғындары ақ адал малының жағдайына алаңдап, жан-жақтан жанұшырып көмек сұрап отыр. «Өрістен желініне қаптаған қансорғыш жапсырып оралатын сиырдың жайы әбден кетті» деседі олар. Кене буған малдың жарытып жайылмайтыны да анық қой.
Тағы бір видеодағы кенелеген жылқының жағдайы, тіпті аярлық. Жарықтық Қамбар ата тұқымы адамдардан көмек сұрағандай жанары жәудірей қарайды.
– Жылда көктем мен жазда кене аздап кездесіп, улаған соң байқалмайтын. Бірақ биылғыдай қаптап кеткен кезі есімізде жоқ. Қазір алқаппен бір жүріп өтсеңіз, үстіңізден кемі 20-30 шақты кене табасыз. Өрістен келген сиырдың бойындағы қансорғышты креолин жағып құртамыз. Бірақ ертесі қораға дәл сондай жағдайда жетеді. Екі ай бойы көресіні осы жәндіктен көріп келеміз, дейді Қарғалы ауылының тұрғыны Асылбек Дүйсенбаев.
Қай түлік түріне де жайлы жер саналатын ауыл тұрғындары кененің көбеюіне құрғақшылық та әсер етіп отыр дегенді айтады. Бұрын осындай мерзімде су жағалайтын мал енді кене ұялайтын жыңғыл мен шеңгелдің, жиденің түбінен пана тапқан. Шиелі ауданы әкімдігі осы жағдайды әлеуметтік желіде жариялаған әріптесімізге жауабында бұл мәселе аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуі кезінде көтерілгенін айтады. Жыл басында арнайы мамандар тарапынан барлық ауылдық округтерде кене сынамалары алынып, тек 17 елді мекенде улы кене анықталыпты. Қарғалы мен қауіпті жәндіктің жеміне айналған басқа да ауылдар бұл тізімде жоқ болғандықтан бұларда залалсыздандыру жүргізілмеген.
Бірақ кенесі құрғыр мамандардың болжамын быт-шыт қылып, ауылдағылардың апшысын қуырып барады. Енді аудан әкімдігі алдағы уақытта тиісті басқармалармен хабарласып, мамандарды қайта жібермек. Ал жаңағы 17 елді мекендегі 93 214 бас мал мен аумағы 231 831 шаршы метр болатын 6 836 мал қораны, 285 суат пен шаңлақты «Satti tulik» ЖШС «Креолин-Х 5%» препаратымен 2 рет залалсыздандырыпты.
Бір таңғаларлығы, мәселеге байланысты тиісті орындардың ешқайсысы әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Иегінің астындағы ауылдың ахуалын әлеуметтік желі арқылы бақылап, екі айдан бері ат ізін салмаған аудан әкімдігіндегілердің не ойлағаны бар?!
Айтпақшы әріптесіміздің жазбасына қайтарған жауапта «Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» заңының 35-бабына сәйкес төрт түліктің эндо-экто паразиттеріне ветеринариялық препараттар мал иесінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі, шаруалар бұл үшін аудандық ветеринариялық станса мен ветеринариялық пункттердің көмегіне жүгіне алады» деген де жолдар бар.
Өз малынан ақша аяп отырған ауылдағылар жоқ. Оларға дәл қазір қағаздағы құр кеңес емес, мәселенің мән-жайын түсіндіріп, бағыт-бағдар беретін маман керек. Амалы таусылған жұрт, Whats App топтары арқылы бір-бірімен хабар алысып, улы жәндікке қарсы жұмыла қимылдап жатыр. Осыдан болар, әзірге мал өлімі жоқ.
Бірақ бұдан қансорғыштың беті қайтар емес. Бұл бәлекет осы аудандағы Жақаев ауылын да жаулап алды деген хабар жетті. Ал ауылдағылар үміт артқан тиісті орындар сырғытпа жауаптан әрі аспай отыр.
Сонда кене буған ауылдар кімнен көмек күтеді?
Қызылорда облысы