Ауқымды жоба Мысыр елін билеген мәмлүктердің қолбасшысы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына, қазақтың ұлы хандарының бірі, мемлекет қайраткері, дипломат және қолбасшы Абылай ханның 310 жылдығына, Алаш қайраткері, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған. Автокеруенді Ақмола облысы әкімдігі және «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастырып отыр.
Аталған сапар Қазақстан, Ресей және Моңғолия мемлекеттері арасын жалғайтын экспедиция жасау арқылы халықтардың біртұтас мәдениетін насихаттау, көшпелілер өркениетінің мұрасы мен сол елдердегі тарихи жәдігерліктермен танысу, қазіргі дәуірдегі қазақ-орыс, қазақ-моңғол халықтарының өзара достық, бауырластық байланыстарының тарихи негіздерін дәріптеу мақсатын көздейді. Сондай-ақ Ресей мен Моңғолияда тұратын қазақтармен рухани байланыс орнату, пікір алмасу, Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұраларын насихаттау жоспарланған. Одан бөлек, қазақ даласынан шыққан тарихи тұлғаларды дәріптеп, олардың қайраткерлік, елдік істерін көрсету де назардан тыс қалмайды.
Айта кетейік, бұл халықаралық экспедиция – елімізде тұңғыш рет өткен «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жалғасы. Автосапар құрамында белгілі ғалымдар, жазушылар, этнограф-тарихшылар, өнер және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдерінен жасақталған 22 адам бар. Екі аптаға жуық уақыт сапар шегетін топ мүшелері 10 000-ға жуық шақырымды еңсеріп, еліміздің солтүстік өңірлерімен Ресей мен Моңғолия мемлекеттерінің тарихи елді мекендерін шарлап шығады.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры, түркітанушы ғалым Тұрсынхан Зәкенұлы аталған экспедицияның тарихи мәніне тоқталды.
«Абылай ханның қара жолы» атты 5-экспедиция еліміздің дәстүрлі хандық дәуірінің астанасы болған Бурабай бөктерінен, Абылай хан алаңынан жолға шықты. Бұл экспедицияның «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» деп аталуы да тегін емес. Мұнда үлкен тарихи, этно-мәдени, саяси мағына бар. Өйткені біздің Абылай ханның кезінде өмір сүрген қазақ мемлекеті – ол сонау орта ғасырлардағы Түркі қағанатының, Алтын Орданың жалғасы. Түркі қағанатының, Ғұн империясының, Шыңғыс хан империясының орталығы – қазіргі Моңғолия. Моңғолияның орталығы Өтүкен қойнауы – біздің бабаларымыздың ежелден мәңгілік ел қылуға ұмтылған киелі құтты мекені, қара орны, түпкі қаны. Сол жерге кетіп бара жатырмыз. Күлтегін бабамыздың айтқан «Түркі халқы Өтүкен қойнауында отырса, елде мұң жоқ» деген киелі қонысы. «Аз халықты көп қылдым, аш халықты тоқ қылдым, Ел құрдым, мемлекет құрдым, Қара терімді ағыздым, Қызыл қанымды жүгірттім, Түркі халқы сен үшін» деген тұсқа кетіп барамыз. Ол жерде шығыста Қытайдан, батыста Римнен, арабтан, парсыдан елшілер келетін. Орда сарайлар салдырған. Сол жерден XIII ғасырда біздің бабаларымыз ірге көтерген. Біз сол киелі мекенге бет бұрдық. Бұл сапар тарихта қалады. Арқа мен Өтүкеннің арасын жалғаған тарихи сапар – тәуелсіз еліміздің тарихнамасында, жаңа тарихында, тарихи сананы қалыптастыру үдерісінде қалатын үлкен тарихи сапар», дейді Тұрсынхан Зәкенұлы.
Экспедиция қатысушыларының саяхаты Ақмола облысының тарихи жерлері – Бурабайдағы Абылай хан алаңы, «Ботай» археологиялық кешені мен «Бозоқ» тарихи-мәдени ескерткішінен бастау алды. Бұдан кейін Павлодар облысында болып, «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, жергілікті тарихшы ғалымдар, өлкетанушылармен кездесу өткізді. Ресей Федерациясындағы қазақ көп қоныстанған Қосағаш, Новосібір, Омбы шаһарларында болып, қазақ диаспораларымен кездесті. Аталған қалалардың тарихи орындарына саяхат жасады. Сондай-ақ Моңғолиядағы Баян-Өлгей, Ұланбатыр қалаларындағы қазақтармен кездесу ұйымдастырып, ұлы түркі мемлекетінің тарихи ескерткіштері Білге қаған, Құтлық қаған, Күлтегін, Тоныкөк кешендеріне баруды жоспарлап отыр. Одан әрі экспедиция қатысушылары Алтай мен Саян тауларындағы сақ-ғұн, көне түрік кезеңдеріндегі тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарға саяхат жасайды. Жоспар бойынша автокеруен 20 шілдеде Көкшетау қаласында мәресіне жетеді.