Жүрегі елім деп соққан азамат «Nurintech» инновациялар додасында, басқа да ғылыми байқауларда жеңімпаз атанды. Ал Финляндия елінде өткен ғылыми жобалар сайысында қарсыластарынан басым түсіп, топ жарған соң үлкен мүмкіндіктің жолы ашылды. Шет мемлекеттерден бірнеше ұсыныс түскеніне қарамастан, алпауыт елдерде білім қуғаны болмаса, еңбегімен елге қызмет ету үшін Қазақстанға оралған.
– Мен ойлап тапқан тыңайтқышты алған адамдар ұтпаса ұтылған жоқ. Әрине, диқандардың барлығына бірдей үніміз жете бермейді. Әйткенмен, мүдделес азаматтармен, командаммен үйлесімде жұмыс істеп жатырмыз. Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданының шаруалары болсын, солтүстіктегі Қорғалжынның азаматтары болсын, мол өнім алғандарын айтып, хабарласып жатады. Егістік алқаптан бөлек, бақша өнімдерін өсіретін азаматтар да еселеп өнім алғанын айтып, ақжолтай жаңалығын жеткізіп жүр, – дейді жас ғалым.
Дәулеттің осы салада аянбай тер төгіп келе жатқанына бір мүшелден асыпты. Бірақ әуелде мұнай және газ өңдеу саласы бойынша білім алған. Бұл салада да едәуір еңбектеніп, бірқатар жобаны әзірлеп, өндіріске енгізуге ықпал еткен. Алайда арада біршама уақыт өткен соң жан қалауынан асып кете алмай, мелиорацияға қайта оралған.
– Тозған жерді қайта қалпына келтіру, өсімдікті қорғау, жерасты суларымен, жалпы табиғатпен жұмыс істегенді өз басым жанымдай жақсы көремін. Жан қалауы болған соң өзіме ұнайтын салада айтарлықтай табысқа қол жеткіздім. Орталық Азия магистранттары арасында өткен халықаралық байқауда жеңістің биік тұғырынан көріндім. Жас адам еңбектенуі керек. Қазір екінің бірі заңгер, қаржы саласының маманы болғысы келеді. Ал мен дер кезінде халықаралық қордың қолдауымен жобаны бастап кеттім. Мен үшін бұдан асқан мамандық жоқ. Израиль, Франция секілді ғылымы өркендеген елдерден келген майталман мамандардан талай дүниені үйрендім. Израиль елінің шөл және шөлейт аймағындағы жерлерге сан мәрте тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, көкейге көп дүниені тоқыдым. Мақсатым – білгенімді елдің пайдасына жарату. Сол үшін де Қазақстанға оралдым, – дейді ол.
Ғалым бүгінде тыңайтқыштың 42 түрін жасап шығарыпты. Ал шаруалар Дәулет Егембердиев ойлап тапқан «Biomeliorant» арқылы бақша өнімдерін үсіктен сақтап қалған. Сондай-ақ бұл тыңайтқыштың адамға да, табиғатқа да еш зияны жоқ екен. «Бұл тек тыңайтқыш қана емес, сонымен қатар оның құрамында ауруға қарсы фунгицидтер де бар. Фунгицидтердің құрамында химиялық элементтер жоқ, бәрі де биологиялық жолмен жасалған. Жерге де, адамға да пайдасы болмаса, зияны жоқ. Бір анығы, тозған жерді жүз пайыз қалпына келтіреді. Оған ешкімнің күмәні болмасын», дейді ғалым.
Жас ғалымның еңбегі әлем елдері тарапынан жоғары бағаланғаны даусыз. Тіпті Финляндия секілді бірқатар алпауыт елдердің азаматтары тарапынан сан түрлі ұсыныс та түскен. Алайда олардың «бірлесе жұмыс істейік» деген ұсыныстарына жерлесіміз бас ауыртпаған. Өйткені ол өзі шығарған тыңайтқыш арқылы елімізді әлемге танытқысы келеді. Ал жаһандық деңгейдегі ғалымдар оның жобасын «әлемде теңдесі жоқ» деп бағалауының өзі көп жайттан хабар берсе керек.
– Өнімдердің алғашқы партиясын шет мемлекеттерде шығарып, оларға түрлі атау бергенім рас. Мәселен, «Biomeliorant Z 7», «Biomeliorant Z Lux» деген атаулар болды. Бұл енді тыңайтқыштың жаңа буыны сатылымға шыққанынан хабар беріп тұрады. Жобама қызыққан мемлекеттер аз емес. Финляндия бастаған өзге де бірқатар елдің ықпалды азаматтары тарапынан түрлі ұсыныс түсті. Бәлкім, басқа адам болғанда сол ұсынысты қабыл алар ма еді, кім білсін? Алайда менің мақсатым да, міндетім де, мүддем де – жалғыз. «Қазақстанда жасалған» деген атауды ешнәрсеге ауыстырғым келмейді. Қысқасы, өз елімнің атын әлемге танытқым келеді. Ал лабораториядағы әрбір экспериментімді, еңбегімді өзімнен кейінгі жас буын меңгерсе, үйренсе деген тілегім бар. Жаратқан бізге шексіз байлық берді. Енді сол ен байлық саналатын жерімізді қалпына келтіру – бізге аманат. Әлемде брендтер аз емес қой. Айталық, Жапония десе, жұрттың бәрі «Toyota» деп сайрай жөнеледі, Германия десе, жұрттың ойына бірден «Mersedes» автокөлігі оралады. Ал Қазақстан десе еске не түседі? Әзірге ештеңені айта алмаймыз. Бірақ болашақта жаһан жұрты Қазақстан туралы сөз қозғалғанда бірден «Biomeliorant» есіне түсетін күнге жеткім келеді. Бұл тыңайтқыш тұзданған жерді байырғы қалпына келтіріп, құнарлылығын арттырады. Біз үшін сан емес, сапа маңызды. Сондықтан да басқалар секілді өнімімізді экспортқа көп мөлшерде жөнелтпесек те, аздап болсын алыс-жақын шет мемлекеттерге өткізіп жатқан жайымыз бар. Ал сортаң жерлерге тыңайтқыштың «антисор» деп аталатын түрін пайдалануға болады. Қазіргі таңда кішігірім құрылғыларды пайдаланғанықтан аз мөлшерде шығарып жатырмыз. Болашақта бұл жұмыстың аясын кеңейте түссек деген ойымыз бар, – дейді ғалым.
Әр күнін лабораторияда өткізетін Дәулет түрлі эксперимент жасаудан жалықпайды. Кейде тыңайтқыштың жаңа бір түрін жасап жатқан кезде одан да мықты идея миына сап ете қалады. Содан алғашқысын кейін ысырып қойып, жаңа жұмысты бастап кетеді. Оның айтуынша, бүгінге дейін жасап шығарған тыңайтқыштың 42 түрінің барлығы да әлем бойынша тұңғыш саналады екен.
Жас ғалым келтірген деректерге зер салсақ, «Biomeliorant» тыңайтқышын негізінен өзіміздің шаруалар игілігіне пайдаланып жатыр. Әйткенмен, өнім аз мөлшерде болсын экспортқа да шығарылады. Дәулеттің өнімін пайдаланушылардың қатарында Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Польша елдері бар. Польша арқылы тыңайтқыш Нидерланд секілді Еуропа мемлекеттеріне де таралады.
– Ғылым және жоғары білім министрлігі бар, түрлі қорлар бар. Солардың тарапынан бізге қамқорлық болса, назар аударса дейміз. Неге десеңіз, біз өз жұмысымызды көрсетіп жатырмыз. Мүмкіндігімізге қарай аз мөлшерде болсын тыңайтқышты шығарып, оны өз елімізге де, экспортқа да жөнелтіп отырмыз. Отандық ғылыми өндірістің жемісі мен жетістігін жеткілікті дәрежеде насихаттап жүрміз. Командамда жүрген кіші ғылыми қызметкер болсын, лаборант болсын, елге деген махаббаты шексіз. Олардың барлығы да өнім шықпайтын жерлерді емдеуге күш салып жатқаны даусыз. Солардың талпынысы мені қуантады. Мен бұл іске кіріскенде үлкен тәуекелге бел будым. Біріншіден, шетелдегі жобаларымды бітірген соң, осы жұмысты толықтай қолға алдым. Бәрін тастадым. Бұл, әрине, оңай емес. Қазірдің өзінде үлкен тәуекелдер жеткілікті, – дейді Дәулет.
Жемісті жобадан басталған бизнестің қай түрі болсын, үлкен сомадағы қаржыны талап ететіні даусыз. Бастапқыда кәсіпкердің шығынға ұшырайтыны, уақыт өте келе ғана табысқа кенелетіні де белгілі. Бизнес сонысымен бизнес қой. Нартәуекелге бел буған жас ғалым ауыл шаруашылығын қаржыландыратын түрлі банктерден жеңілдетілген несие алған шығар деп ойлағанбыз. Жоқ олай емес екен. Ол мүлде басқа жолды таңдапты. Жаңа жолдың да өз мехнаты аз емес.
– Әрине, мұндай жұмысқа кіріскен соң берешек пайда болады. Қажетті құрылғыларға қол жеткізу үшін қаражат керек екені даусыз. Ол үшін қарыз алуға тура келеді. Әйткенмен мен несиеге кіріп кету дегенді шыдамсыздық деп түсінемін. Шетелде жиі болғанымның да пайдасы тиді. Кейбір қажетті құрылғылар мен приборларды өзім білетін алпауыт компаниялардан қарызға алдым. Түсіне білген адам үшін бұл дегеніңіз нағыз тәуекел деп есептеймін. Үлкен істі қолға алғаннан кейін өзіңе деген зор сенім пайда болады. Жауапкершілік жүгін толықтай сезінесің. Құдай бетін аулақ қылсын, күні ертең біз осы қарызды қайтара алмасақ, қазақтың жігіттеріне ғана емес, әлемдік деңгейдегі компаниялар тарапынан елімізге деген сенім жоғалады. Қысқасы, репутациямыздан айырыламыз. Осының бәрін түсінгеннен кейін күн-түн демей еңбектеніп жүрміз. Бастысы, несие атаулыдан аулақпыз. Еткен еңбектің арқасында қарыздың біразынан құтылдық. Әлі де біршама берешегіміз бар. Бастысы бойымыздағы ниет пен сенім өлген жоқ, өшкен емес. Өндірістің арқасында, әрекет ету арқылы түпкі нәтижеге жететінімізге еш күмән жоқ, – дейді ол.
Ізденістің ізіне түскен жас ғалым өзінен кейінгі буын да мелиорацияға айрықша ден қойғанын қалайды. Айтуынша, кейінгі буын жастар «жерді құтқару» мәселесіне бас ауыртпайды. Олардың дені трендтегі мамандықтарға барғысы келеді. Ал жас буын ғалымнан тәлім алғысы келсе, Дәулет Егембердиев жалынды жастарға, ізін басқан іні-қарындастарына білгенін, көкейге түйгенін үйретуден қашпайды.
– Біз шығарып жатқан тыңайтқыштардың арасында «Biomeliorant гүлмира» деген түрі бар. Бұл өнімді табиғат тамашасы гүлдер шақта, гүлдеген кезде тамырына құйып, жапырағына шашып пайдалануға болады. Нәтижесінде, гүлдемей тұрған жеміс гүлдейді, ал гүлі желге ұшпайды. Таяуда оңтүстікте қауын, қарбыз еккен азаматтар алқапты үсік шалғанын айтты. Алайда біздің өнімді пайдаланған диқандар сол үсік жүрген кезде ешқандай зиян шеккен жоқ. Жоғарыда айтқанымдай мен үшін адам денсаулығынан асқан байлық жоқ. Біздің өнім химиялық жолмен емес, биологиялық жолмен шығарылып жатқандықтан, одан жер де, ел де пайда таппаса, зиян шекпейтіні ақиқат. Осыны отандастарымыз қаперден шығармаса екен. Ал бабалар құнарлы қалпында бізге аманаттаған қара жерді келесі ұрпаққа сақтап жеткізу – біздің парыз, – дейді Дәулет.
Ала таңнан қара кешке дейін тыңайтқыштың жаңа түрлерін ойлап табу жолында жан аямай еңбек етіп жүрген жас ғалымның жанкештілігіне қол соқпау мүмкін емес. Жүрегі жұртым деп соққан азаматтың қолдаушылары жеткілікті. Әуелде аз ғана адаммен бірлесіп бастаған жұмысы өз нәтижесін берген соң болар, бүгінде командасы жалынды жастармен толыққан. Соған қарағанда, Дәулеттің отандық бренд қалыптастырамын деген арманы түбі орындалатын секілді.
Жамбыл облысы