Аймақтар • 12 Шілде, 2023

Қуаңшылық апшыны қуырып тұр

238 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жемшөп бағасының биыл тіпті шарықтайтын түрі бар. Неге десеңіз, шаруалардың дені әлі шабындыққа шалғы салған жоқ. Шөптің шамалы болса да көтерілгенін күтуде. Техникалары сақадай-сай. Жердегі көктің құнары үшін көктен жауын тілеп отыр.
…Не керек, ауылдағы ағайынның алаң көңілі – мал азығының қамын күйттеу болып тұр.

Қуаңшылық апшыны қуырып тұр

Әуелі ресми деректі сөйле­те­йік деп, облыстың ауыл шар­уа­шылығы басқармасына хабар­лас­тық. 458 мың ірі қара, 696 мың қой және 312 мың жылқының қыстан қоңды шығуы үшін 1 млн 900 мың тонна шөп қажеттігін алға тартты басқармадағылар. Былтыр да осынша көлемде мал азығы маяланған екен. Нақтылап өтсек, 1 736,1 мың тонна шөп, 13,3 мың тонна сүрлем және 24,4 мың тонна пішен дайындалған.

Биыл шабындыққа 7 434 шал­ғы, 532 жатка, 2887 тырма және 769 шөп жинайтын (пресс) тех­ника жұмылдырылып отыр.

Алайда көп шаруаға уақыт оздырған тиімді. «Былтыр шауып алған жерлер тап-тақыр» дейді олар. Жер де, жүйке де тозып тұр.

 – Үш жыл болды. Шөп жоқ. Әйтеуір, сай-сайды қуалап жүріп, кезіккен шөпті орып аламыз. Қол­дағы малға 1 500 тоннадай шөп жинауым керек. Мұның өзі мұңға айналып барады. Трак­тор­ды майлап-сулап қойдық. Шөп шабатын техниканы да жа­ңа­ладық. Арзандатылған дизель отынын 210 теңгеден алдық. Барлығы дайын. Енді күтуімізге тура келеді. Жаңбырды. Шөптің сәл де болса көтерілгенін. Жылда артылған шөпті ауылдағыларға сатып, шық­қан шығынды ақтап алатын едік. Биыл арман болғалы тұр-ау. Аман-есен өзімізге қажетті қор жинасақ та, «тәубе» дегелі отырмыз, дейді қарқаралылық жеке шаруашылық иесі Қайырбек Қыдыралин. Ал, «Атамекен» шар­уа қожалығының иесі Сланбек Қинаят даладағы шөптің азды­ғы­мен қоса, шегірткенің қаптап кеткенін айтып шыр-пыр.

 – Өзіміз амалдап, алысып жатырмыз шегірткелермен. Егіс­тік­тің сыртына трактормен дәрі сеуіп отырмыз. Қайта-қайта. Уайымымыз – осы. Ауылдағылар тіпті малын сатып та жатыр. Арзанға. Бұзаулы сиырды 250 мыңнан амалсыз өткізіп жатыр. Шөптің жоқтығынан, – дейді шаруа қожалығының қожайыны.

Не десек те, қуаңшылық мал азығының қымбаттауына жол беруде. Шөбі шұрайлы болған Арқа атырабының да аңқасы кеуіп тұр. Амал жоқ, кейбір шаруалар жайылымды да, қараған шөпті де шауып алуда.

 – Шөп былтырғыдан да сирек шықты. Жақында ғана шықтық шабындыққа. Жылдағы межеміз – 600 тонна. Артылғанын саудалаймыз. Былтыр рулонның бағасы 12 мың теңгеден болған. Біз болсақ, 10 мыңнан өткіздік. Биыл да сол бағаға ұсынатын сыңайымыз бар. Әйтпесе, ха­лыққа оңай емес. Қосалқы бөл­шек бағасы да жыл сайын 10-15 пайызға қым­баттайды. Былтыр орама жіптің жұпталған бумасын 14-15 мыңнан алғанбыз, биыл 18 мыңнан. Әйтеуір, Үкімет дизель отынын 210 теңгеден беріп отыр. Әйтпегенде, мұның да бағасы шырқап тұр ғой. Қазір көзге көрінген шөптің барлығын орып алып жатырмыз. Шіліңгір шілдеге де іліктік. Аптап ыстық тіпті күйдірмей тұрғанда қорды жинап алуымыз керек. Қараған шөбін де шауып алуға тура келіп жатыр, – дейді Шет ауданындағы «Харекет» шаруа қожылығының иесі Қуаныш Хантөре.

– Ауыл шаруашылығы ми­нис­тр­лігіне тағы да жеңіл­де­тілген дизель отынына сұраныс жібердік. Шаруалардан өтінімді электронды түрде қабылдадық. 3,1 мың тонна дизель отынын шілде, тамыз айларында бө­ліп береміз. Баға мәселесі Энер­ге­тика минис­тір­­лігі арқы­лы нақ­тыланып, бекі­ті­леді, – дейді ауыл шаруа­шы­лы­ғы басқар­ма­сы­ның өсімдік шар­уа­шы­лы­ғын дамыту және тех­ни­калық жарақ­тан­­дыру бөлі­мі­нің басшысы Болат Омарбаев.

Мұнымен бірге ауыл шар­уа­шы­лығы басқарма бас­шы­сының орынбасары Сырым Бошпанов шөп шығынын азайтуға 400 млн теңге үлестірілгенін айтып өтті. Бұл – 200 ірі қарасы бар шар­уа­лар­ға көрсетілген Үкіметтің суб­си­­диясы. Қосымша тағы 400 млн теңге бөлінбек. Бір басқа 10-12 мың теңгеден есептейді екен.

Облыстық ауыл шаруа­шы­лы­ғы басқармасының биылғы есебі біржылдық шөптер алқабына 25,2 мың га көпжылдық шөп­тер алқабына 35,2 мың га дән себіл­ге­нін айтады. Ал бұл көрсет­кіш­тің мейлінше аздық ететінін алға тартады тәуелсіз сарапшы Ниқанбай Омарханов.

– Шұғыл түрде, кезек күттір­мей­тін мәселе – облысы­мыз­дағы тозып кеткен 300 мың гектардан астам көпжылдық шөптер алқабын жаңалауды қолға алмаса болмайды. Бұл – оңай шар­уа емес. Шөп тұқымдарының бағасы аспандап кетті. Бұрынғы тоннасы 300-400 мың теңге бол­са, қазір 2-3 млн теңге болып кетті. Осының бәрін ескере отырып, 2011-2012 жылдары қолға алынып, өз тиімділігін көр­сеткен көпжылдық шөптер алқаптарын 80 пайыз тұқымын және жаңартылған әр гектарын субсидиялау арқылы жаңарту бағдарламасын қайта енгізбесе болмайды. Сонымен бірге об­лыс­тағы су қоймаларын то­лық зерттеп, тексеріп, қар суларын жинақтап, алқаптарды суаруға пайдалану керек. Бұл мәселеде облыстың табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жанындағы «Қара­ған­ды су қоймалары» коммуналды мемлекеттік кәсіпорыны бюджеттен қыруар қаржы бөлініп отырса да, ешқандай жұмыс істеп отырған жоқ. Өкінішке қарай, бүгінде облыста 160 су қоймасы иесіз жатыр, – дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.

Тәуелсіз сарапшы ауыл шар­уа­­­­­шылығы саласының бас­шы­лары, әкімдер Үкіметке осы бастан қуаңшылыққа байланыс­ты жемшөп сатып алуға мақ­сатты суб­сидияға кезектен тыс сұ­ра­ныс жасау керектігін де ашық жеткізді.

Иә, бұл министрлік деңгейінде шұғыл шешімдер қабылдауды қажет ететін мәселе. Мал азығы – ертеңгі ел азығы екенін естен әсте шығармауымыз керек.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,

журналист

 

Қарағанды облысы