Әлемдегі жетекші ақыл-ой орталығы жер шары халқының 99,7 пайызын қамтитын 163 мемлекетті зерттей отырып, бейбітшілік көрсеткішіне үш бағыт бойынша талдау жүргізеді. Оларға қоғам қауіпсіздігі мен қорғанысы, ішкі-сыртқы қақтығыстың ауқымы және қарулану деңгейі кіреді.
(Жаһандық бейбітшілік индексі 2023)
2023 жылы әлемдегі бейбітшіліктің орташа көрсеткіші 0,42 пайызға әлсіреген. Айта кету керек, аталған көрсеткіш соңғы 15 жылда үздіксіз төмендеп келеді. Зерттеу деректеріне сүйенсек, әлемнің 84 мемлекетінде ахуал жақсарып, 79 елде көрсеткіш нашарлаған. Исландия 2008 жылдан бері ең бейбіт ел мәртебесінде, сондай-ақ Дания, Ирландия мемлекеті де рейтингтің басында тұр. Индекс көрсеткіш бойынша соңғы орынды 8 жыл қатарынан Ауғанстан алған. Бұл қатарға кейінгі 10 жылда Йемен, Сирия, Ресей, Оңтүстік Судан және Конго Демократиялық Республикасы қосылды.
IEP-тің болжамына сәйкес, Қытайдың Тайванға блокада жасауы екі әлемдік қаржылық дағдарысқа татитын салдарға әкеліп соқтыруы мүмкін. Әлемдік ішкі жалпы өнім бір жыл ішінде 2,8 пайызға, Қытай экономикасы шамамен 7 пайызға, Тайвань экономикасы 40 пайызға қысқарады деген болжам жасалған.
Индекске сәйкес, Еуропа ең бейбіт аймақ көрсеткішіне ие. Әлемнің бейбітшіл он елінің жетеуі осы құрлықта және қалған үшеуі Азия-Тынық мұхиты аймағында орналасқан мемлекеттер. Зерттеу деректерінде Таяу Шығыс және Солтүстік Африка әлемде текетірестер мен қақтығыстар жиі болатын аймақ ретінде көрсетіледі.
Дүниенің әр түкпірінде орын алған қақтығыстар 2022 жылы әлем экономикасына 17,5 трлн доллар шығын әкелді. Бұл сома әлемдегі ішкі жалпы өнімнің 12,9 пайызы немесе әр адамға шаққанда 2 200 долларға тең. Аталған көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға артқан. Оған басты себеп әскерге бөлінетін қаржының 16,8 пайызға өсуі болып отыр. Украинадағы қақтығыстың жойқын экономикалық салдары 479 пайызға артты немесе 449 млрд долларды құрады.
2022 жылы Ресей және Еуразия кеңістігі қақтығыстардың ең ірі ошағына айналды. Аймақтағы 12 елдің ішінде 7 мемлекетте бейбітшілік көрсеткіші едәуір әлсіреді. Индекс деректеріне сәйкес, аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік көрсеткіші төмен елдердің бірі (158-орын) – Ресей. 2022 жылдың ақпанында басталған қақтығыс салдарынан Украинадағы жаппай миграция артты. Соңғы деректер бойынша халықтың 30 пайызы босқындар есебінде.
Қазақстан бейбітшілік көрсеткіші бойынша аймақтағы ең үлкен оң өзгеріс жасаған мемлекет: еліміздің позициясы 4,2 пайызға нығайып, жалпы рейтингте 21 сатыға көтеріліп, 76-орынды иеленді.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Молдова елі Ресей және Еуразия аймағы бойынша 16 жыл қатарынан ең бейбіт мемлекет мәртебесін сақтап отыр. Дегенмен Украинадан ағылған босқындар легі ел ішіндегі саяси тұрақтылыққа кері әсерін тигізген. 2022 жылы аталған көрсеткіш Молдовада 4,2 пайызға төмендеді.
Бүгінде бүкіл әлем бойынша бейбітшілікті нығайтуға деген қажеттілік кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Қақтығыс бірнеше аймақтарда ушыға түсіп, тұрақсыздыққа әкелетін жанжалдар кеңінен белең алған. Ең бейбітшіл және бейбітшіл емес мемлекеттер арасындағы алшақтық одан әрі ұлғая түсті. Кейінгі 15 жылда бірқатар мемлекеттің әскери саладағы даму үрдісіне қарамастан, қолжетімді заманауи әскери технологиялардың жаппай таралуы, геосаяси бәсекелестіктің тереңдеуі, көптеген елдердегі саяси тұрақсыздық жаһандағы бейбітшілікті одан әрі шайқалтады деген болжам бар.
Жаһандық бейбітшілік индексі – зерттеуші ғалымдар, тақырыпқа қызығушы мамандар мен жалпы оқырман қауымға арналған әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшіліктің өңірлер мен мемлекеттер деңгейіндегі өзгеріс динамикасын анықтайтын, ғылыми талдау жасайтын зерттеулердің бірі. Жыл сайын шығатын индекс ғалымдарға, сарапшылар мен мамандарға әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік үрдістерін бақылап, талдау жасауда қажетті көмекші құрал болады.
Айнұр АБАЙҚЫЗЫ,
саяси ғылымдар кандидаты, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы