Онлайн-платформа туралы заң уақытылы қабылданып отыр. Қазіргі таңда Еуропаның көптеген елінде мұндай құжат қабылданған. Жарнамалық жағы реттелген. Осы заңды біраз бұрын қабылдауымыз қажет еді, бірақ «ештен – кеш жақсы».
Өйткені әлеуметтік желінің қарыштап дамуымен қатар, инфлюенсер, блогер секілді жаңа мамандықтар пайда болды. Олар жарнама арқылы пайда тауып отыр. Бірақ жеке кірісінен қазынаға салық төлемейді. Оған қоса, оқырмандарына анық-қанығы белгісіз көп ақпарат таратады да, ешқандай жауапкершілік жүктемейді. Кірісі журналистерден әлдеқайда көп. Мысалы, түрлі пост жазады, жарнамамен айналысады.
Жаңа заңға сәйкес, мұндай блогерлер жарнама жасаған кезде бұқаралық ақпарат құралдарындағыдай арнайы белгі қоюға тиіс. Оның қандай болатыны министрлік әзірлейтін нормативтік-құқықтық актіде көрсетіледі.
Бұдан бөлек, онлайн-платформа арқылы алаяқтарға жем болып жатқан адамдар өте көп. Яғни танымал адамдарға жарнама жасату арқылы қарапайым тұрғындарды сан соқтырып кетеді. Сондықтан бұл мәселені реттейтін кез келді. Осы тұрғыдан алғанда да заңның қабылдануы өте маңызды.
Сондай-ақ Қылмыстық кодекске, Әкімшілік кодекске заңдық тұрғыда жауапкершілігін қарауға байланысты өзгерістер енгізілді. Біреуді қорқытып, үркітіп жазу, жалған ақпарат тарату мәселелері де қаралады.
Онлайн-платформалардың басым бөлігі – шетелдік субъектілер. Олар ендігі жерде міндетті түрде Қазақстанда өкілдігін ашуы қажет. Бұл мекеме еліміздегі уәкілетті органға әр тоқсан сайын ақпарат беріп отыруға тиіс. Кейде жалған ақпаратты өшіруге нұсқаулық берілсе, оны орындауы керек. Яғни онлайн-платформа иелерінің міндеттемелері күшейтілді. Қысқасы, бұл заң қоғамға өте қажет.
Айгүл ҚАПБАРОВА,
Сенат депутаты